Цой мен Саин сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға дәрі жеткізу туралы келісті
Цой мен Саин сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға дәрі жеткізу туралы келісті
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой орфандық ауруға шалдыққан балалардың емін жеке бақылауға алды. Цой орфандық ауруға шалдыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жауаптыларды жинап, кішкентай науқастарға қажетті препараттарды уақтылы жеткізу мәселесін жан-жақты талқылады.
Онлайн-кездесуге бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, ата-аналар, фармкомпаниялардың, қоғамдық қорлар мен облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астанадағы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.
Денсаулық сақтау министрі бұл мәселені, әсіресе өңірлерде ерекше бақылауға алу қажет екенін ескерді.
"Бір реттік тасымал, тіркеуге қатысты проблемалар бар - бұл таза бюрократиялық рәсімдер. Сондай-ақ логистика мәселесі де бар. Сондықтан біздің міндетіміз - дұрыс жоспарлау және алдын-ала болжау қажет. Бірінші кезекте дәрі-дәрмекті жеткізу, бір реттік тасымал бойынша мәселені шешу ерек. Біз бұл препараттарды ерекше бақылауға аламыз. Қазақстанға келген дәрі-дәрмектің мүмкіндігінше тіркеуден тез өтуін қадағалаймыз", - деді министр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда орфандық ауруға шалдыққан 13 863 бала есепте тұр. Муковисцидозбен ауыратын 121 бала динамикалық бақылауда. Бұл диагноз, әсіресе Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында көп тіркелген. Мұндай балалар республикалық бюджет есебінен дорназа - альфа (пульмозим), креон, урзодезоксихол қышқылымен қамтамасыз етілуі тиіс екен. tengrinews.kz