Цой Қазақстанда туберкулезге қарсы қабылданған шаралар туралы айтты

28

18-19 қарашада Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Туберкулезді тоқтату» Серіктестік кеңесі басқармасының 33-ші отырысына қатысты.

«Біздің алдымызда «2030 жылға қарай туберкулез індетін жою бойынша» нақты мақсаттар, сондай-ақ 2018 жылғы 26 қыркүйекте БҰҰ-ның туберкулезге қарсы күрес жөніндегі Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі отырысында мақұлданған Саяси декларация және ДДСҰ-ның «Туберкулезді тоқтату» стратегиясы тұр», — деді А.Цой.

Әлемдік қауымдастық туберкулезге шалдыққан әрбір науқасты назардан, медициналық және әлеуметтік көмектен тыс қалдырмауы керек. Әсіресе пандемия кезінде. Оның үстіне, ДДСҰ бағалауы бойынша 2020-2025 жылдар аралығында 6,3 миллион адам туберкулезге шалдығады және COVID-19 әсері салдарынан 1,4 миллион науқас қайтыс болуы мүмкін.

«Әлем елдері бірігіп күрескенде ғана қоғамдық ауруға айналған туберкулезді жоя аламыз», — деді А. Цой.

Жиын аясында Африка Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, онда А. Цой әлемдік қоғамдастықты, әсіресе коронавирус инфекциясы пандемиясы кезінде МСАК-ты күшейтуге шақырды. Министр қазір Қазақстанның туберкулезбен ауыратын науқастарға стационарлық деңгейде көмек көрсету моделінен МСАК және стационарды алмастыратын емдеу моделіне көшкенін хабарлады.

«Біз туберкулезге қарсы ұйымдарды қаржыландырудың жаңа тетігін әзірледік. Төсек-орын қорын қысқарту есебінен үнемделген қаражат қайта бөлінеді. Осылайша, туберкулезге шалдыққан науқастарды амбулаториялық емдеу мүмкіндігі кеңейді, емдеу мен профилактикада жаңа технологиялар қолданылуда, МСАК деңгейінде науқастарға психо-әлеуметтік қолдау көрсетіледі», — деді А. Цой.

egemen.kz