ДДСҰ сарапшылары коронавирустың шығу себебін анықтау үшін Қытайға барады

16

14 қаңтар күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) халықаралық сарапшылары COVID-19 вирусының шығу себептерін тексеру үшін Қытайға барады. Бұл туралы ҚХР Денсаулық және гигиена мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитеті хабарлайды.

Ведомство ақпаратына сәйкес, тараптар арасында өткен кеңестерден кейін халықаралық сарапшылар тобы 14 қаңтарда Қытайға барып, онда «қытайлық ғалымдармен бірге коронавирустың жаңа үлгісінің шығуын анықтау бойынша бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізеді».

Өткен тәулікте Қытайдың материктік бөлігінде коронавирус жұқтырудың жаңадан 103 оқиғасы тіркелді, соның ішінде 85 адам шетелге шықпаған жергілікті тұрғындар. Бұл ретте жергілікті оқиғалардың көбі Хэбэй провинциясының локдаун енгізілген екі ірі қаласында – Шицзячжуан мен Синтайда (82) анықталған.

Соңғы ресми мәліметтерге сәйкес, ҚХР-дың материктік бөлігінде коронавирус жұқтырғандардың 93,93 пайызы емделіп шықты. 2019 жылдың желтоқсан айынан бері ауру жұқтырғандардың саны 87,5 мың адамнан асты.

 

inform.kz