Енді еліміздегі медицинада жасанды интеллект инсульт пен обырды ерте анықтауға көмектеседі
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті
Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект дәрігерді алмастыратын құрал ретінде емес, медициналық шешім қабылдауды қолдайтын тиімді көмекші ретінде қарастырылып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сарапшылардың мәліметінше, бүгінде қолдану бағыттары, жетілу деңгейі және клиникалық маңыздылығы бойынша жіктелген 50-ден астам MedTech шешімі талданған. Жобалардың басым бөлігі диагностиканы жетілдіруге, оңалту үдерісін жақсартуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және медициналық деректерді өңдеуге бағытталған.
- Атап айтқанда, инсультті, өкпе мен сүт безі обырын ерте диагностикалау, сондай-ақ стоматологиялық бейнелерді талдау саласындағы басым жасанды интеллект жобаларының тізбесі қалыптастырылды. Бұл шешімдер қазірдің өзінде еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі медициналық ұйымдарда енгізіліп, ауқымы кеңейтіліп жатыр, - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратында.
Сонымен қатар медициналық қызметтердің сапасын талдау және басқару, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау, сондай-ақ созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтау үшін жасанды интеллект құралдарын кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.