Ерте анықталса, қатерлі ісік емделеді

26

Соңғы кездері заман үрдісіне, табиғи құбылыстардың бұзылуына, сондай-ақ басқа да жағдайларға байланысты әйелдің жанды жері саналатын омырау безінің аурулары, әсіресе, қатерлі ісігі көбейе түсуде. Ана сүтінің азаюы, мезгілсіз суалуы, яғни жас аналардың бала емізуді қиынсынып, дайын “жасанды” тамаққа әуестенуі, бәрі-бәрі табиғи болмысқа қарама-қайшылық әкеліп, ана денсаулығына кері әсер етуде. Содан да болар, қазір әйелдер арасында сүт безі ауруының тырнағына ілініп, жарық дүниемен қоштасқандары, ауырып, жаны қиналып жүргендері аз емес.

Облыста  соңғы 9 айда 115 тұрғын аталмыш аурумен тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 пайызға төмен. 2020 жылы 50 мен 60 жас аралығындағы 53 907 әйел сүт безі обырының алдын алу бойынша скринингтік тексеруден өтуі тиіс болған. Бүгінде 40 617 әйелдің тексерілуден өткендігі анықталып, нәтижесінде 2 979 әйел сүт безі обырының белгісімен диспансерлік есепке  алынды.

Аталмыш дертті алдын ала анықтау мақсатында бүгінде тұрғындар арасында тегін скринингтік зерттеулерден өтуге кеңестер беріліп, емханаға учаскелік дәрігерлерден шақыртулар түсіп тұрады. Дегенмен, соны біле тұра, өз аяғымен келіп, тегін тексерілуден өтуге құлықсыз аналардың көптігі көңіл құлазытады.

Онколог мамандардың сөзінше, дерт ертерек анықталса, оның емін жасауға болады. Яғни аурудан айығу үшін омырауды  алып тастаудың қажеттілігі болмайды, тіпті солай болған жағдайда, оны қайта қалпына келтіруге болады. Бастысы  — уақытында дәрігерге қаралу. Сүт безі обырын анықтау тәсілдері қазіргі таңда дамыған медицина үшін түк емес.

Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Оның пайда болғаны, өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын  ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады.  Мұндай дерттің  пайда болу ошақтарының бірі — созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс.

Қазіргі таңда дертті болдырмау үшін, ең алдымен, оның алдын-алу және одан сақтану шараларын толық ұстана алмай жатырмыз.  Дегенмен, болған дертті асқындырмауға толық мүмкіндік бар. Ол әйелдердің өздеріне тікелей байланысты. Сонда әйелдер не істеу керек дейсіз ғой? Ол қарапайым ғана тәсіл – әйелдер ай сайын омырау­ларын техникалық тұрғыдан тиянақты, үзбей, дұрыс сипап отыруы керек. Егер түйін табылған жағдайда оның табиғатын анықтау үшін тез арада, міндетті түрде, маман дәрігерлерге көрініп, тексерілуі қажет.

Кез-келген аурудың алдын алудың бір жолы – дер кезінде дәрігерге көріну болса, бұл дерттен сақтану – бұл түсінікті одан да әрі нақтылай түседі. Тек алдын алып, дер кезінде медициналық талдау-тексеру жасалған жағдайда ғана дертті асқандырмауға мүміндік мол болмақ. Бұл үшін бүгінде әрбір жас аралығында өтетін скринингтің де маңызы зор.  Дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупі азая түспек.  Егер уақытында скринингтік зерттеулер жүргізілсе, онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Жалпы, Обырды дер кезінде анықтау – оған жасалатын ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Олай болса, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың алдын алайық!