Иммунитеті мықты адам қауіпті кеселге қарсы тұрады

0 164

Қазір көпшілікті алаңдатып отырған пандемия кезінде иммунитет, антидене жайлы әңгіме көп айтылады. Мамандар «иммунитеті жоғары адам көптеген жұқпалы аурулардан жақсы қорғанады» деп жатады. Сол иммунитет дегеніміз не?

Иммунитет – ағзаның кез келген ауруға төтеп бере алу қабілеті, организмнің зиянды әсерлерді немесе бүлдіруші уларды қабылдамау қасиеті. Әрине, мұндай қасиет ағзаның тіршілік ортасына бейімделуіне, сол ортадағы зиянды микроорганизмдер, вирустар және олар бөлетін түрлі бүлдіруші қасиеті бар заттарға қарсы тұра алатынына тікелей байланысты. Осындай өзара байланыстың, дәлірек айтқанда күрестің нәтижесінде аса күрделі биологиялық процестер басталады. Сөйтіп организмде қорғаныштық қасиет арта түседі, оның түрлі зиянды микроорганизмдерді, вирустарды құртатын және улы заттардың уытын жойып ыдырататын қабілеті күшейеді. Иммунитет түзуге бүкіл организм қатысады, әрине мұнда басқарушы және бағыттаушы – орталық жүйке жүйесі. Ауру қоздырушылар немесе вакциналар жүйке жүйесінің ұштары арқылы сарысу гамма-глобулиндерін түзетін тиісті органдарға әсер етеді. Ал бұлар жауап ретінде тиісті антиденелер бөледі. Осындайда жасуша ішінде кандай процестер орын алатыны жөнінде толық мәлімет жоқ.

Иммунитет пайда болуда сыртқы орта жағдайлары көп әсер етеді. Шамадан тыс қызу, салқындау немесе организмнің аса шаршауы қорғаныш заттарының түзілуін нашарлатады. Сонымен бірге иммунитеттің организмде жақсы түзілуін тамақтың сапасының және оның құрамының нашарлығы, соның ішінде А және С дәрумендерінің, фосфор және кальций тұздарының жетіспеуі тежейді. Бұдан зиянды әсерлерге қарсы күресуде арнаулы шаралармен қатар (вакциналар, сарысу егу т.б.) адамдарды толық бағалы, сапалы қоректік заттармен қамтамасыз ету қажет деген қорытынды шығаруға болады.
Жалпы, иммунитеттің бірнеше түрлерін ажыратады. Оны мынадан көруге болады: табиғи немесе туа пайда болған иммунитет – адамдар және жануарлардың белгілі бір түріне тән. Бұл тұқым қуалайды. Ал екіншісі, өмір сүру барысында пайда болатын жасанды иммунитет. Табиғи жолмен түзілген иммунитет әдеттегіден ұзақ болады. Әдетте табиғи иммунитет сәбиге ана сүті арқылы және кіндік тамыры арқылы қанмен беріледі. Ал кейбір ауруларға қарсы түзілген иммунитет организмде бүкіл тіршілік барысында сақталып қалады. Мысалы адамдар шешек, обамен бір рет ауырса, екінші рет онымен ауырмайды.
Тіршілік барысында түзілген жасанды иммунитетті актив және пассив деп екіге бөлуге болады. Мұнда организм зиянды әсерге өзі иммунитет құрайды. Жасанды жолмен құралған актив иммунитет тұрақсыздау. Мәселен, паратифке қарсы жасалған иммунитет тек 6 ай бойына ғана сақталады. Сібір жарасына қарсы жасалған иммунитет бір жылға жетеді. Актив иммунитет организмге вакцина енгізілгеннен кейін 2-10 күн өткен соң пайда болады. Ал, пассив сарысу иммунитеті организмге дайын қорғаныш заттарды енгізгенде түзіледі. Түрлі аурулармен ауырған организмнің сарысуында осы ауруға қарсы иммунитет құраушы заттар пайда болады. Оны арнаулы дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорында, фармфабрикада өндіреді. Сөйтіп жасанды иммунитет әртүрлі екпелер (вакциналау, сарысу енгізу және т.б.) арқылы адам бойында қалыптасады. Әдетте елімізде жас балаларға белгіленген күнтізбе бойынша профилактикалық екпе егу туберкулезге, вирустық гепатитке, полиомиолитке және де басқа ауруларға қарсы вакциналар рет-ретімен жүргізіледі. Оған қоса күз айларында тұмауға қарсы екпе егіледі.
Соңғы кездері ел арасында екпеге қарсы сан түрлі әңгіме, дау-жанжал көбейіп кетті. Балалар арасында инфекциялық аурулар кең тарамасын, солардың салдарынан олар мүгедек, кемтар болып қалмасын десек вакциналау ісіне түсіністікпен қарағанымыз жөн. Беті аулақ, егер жас бала қауіпті бір инфекциямен ауыра қалса оны аурудан айықтыру жеңіл болмайды немесе ол өкінішпен аяқталуы да мүмкін. Кейде көшеде келе жатып қоларбаға таңылған мүгедек жанды көреміз. Шынын айтқан жөн, олардың біразы бала кезінде полимиелит ауруына шалдығып, соның салдарынан мүгедек болып қалғандар. Егер олар уақытылы полимиелитке қарсы жоспарлы екпе (вакцинация) алса, мұндай жағдайға ұшырамас еді. Міне, бұл профилактикалық екпе жұмысына селқос, енжар, жүрдім-бардым қараудың бір мысалы.
Жүре біткен төзімділік (иммунитет) адам ауырып жазылғаннан соң немесе қолдан егу арқылы пайда болады. Егу үшін тірі немесе өлтірілген вакцина қолданылады. Бұл вакциналардың құрамында вирустың өзі немесе оның превентивтік антигені кездеседі. Пайда болған яки түзілген иммунитет ағзадағы арнаулы және арнаулы емес факторлармен тығыз байланыста болады.
Иммундық жүйе жайлы қауіпті инфекциялық ауру пайда болған сәттерде жиі айтылады. Мысалы, күзде, қыста лүп еткен салқын самалға төтеп бере алмай тұмау және де басқа тыныс ағзаларының жіті респираторлық вирусты ауруларымен (вирустық ренит, фарингит, фронтит, гайморит және т.б.) науқастанып қалатындар кездеседі. Тіпті жанынан өткен адам түшкірсе ауырып қалатын адамдар бар, яғни олар иммунитеті әлсіз адамдар. Немесе үй ішіндегі жандардың бәрі тұмаумен ауырып жатса да сап-сау жүретін адамдар болады, олар иммунитеті күшті адамдар. Қорғану күші аз адамдар қауіпті инфекциялық ауруларға ұшырап, оның асқындырмау үшін екпе жүргізіледі. Мысалы, тұмауға, вирусты гепатитке қарсы екпелер елімізде жолға қойылған. Қазір адамзатқа ауыр тажал болып кезіккен коронавирус індетін ауыздықтау үшін алдыңғы қатарлы көптеген мемлекеттердің вирусолог-ғалымдары оған қарсы вакцина шығаруды қолға алды. Бәзбір мәліметтер бойынша, ондай вакциналар АҚШ, Ресей, Қытайда таяу арада пайдалануға беріледі деген сөз бар. Қазақстандық ғалымдардың да бұл бағыттағы ізденістеріне көпшілік көз тігіп отыр. Ерте ме, кеш пе ондай вакцинаның пайда болатынына сенеміз.
Жұқпалы аурулар жайлы сөз қозғағанымызда, одан қалай сақтанамыз, ауыра қалсақ қалай емделеміз деген сұрақ туады. Өз бетімен немесе таныс біреудің кеңесімен ем-дом жүргізетіндер аз емес. Әдетте кез келген ауруға дәрі қабылдай беретін адамдардың иммунитеті төмен болады. Өйткені антибиотиктерді ретсіз көп ішкеннен ішек қызметіне зақым келіп, ішектің ішіндегі ас қорыту процесіне қатысатын пайдалы микрооргнизмдерді жойып, кісіні дисбактериозға ұрындырады. Олардың тамақ қорытуы төмендеп, үлкен дәреті бұзылады. Өйткені адамның иммундық жүйесінің 70 пайыздан аса жасушалары ішекте болатыны белгілі. Сонымен қатар ішекте ауру тудырғыш «бөтен» микробтарды өлтіретін пайдалы бактериялар бар. Оларды, жалпақ тілмен айтқанда, организмнің (ішектің) қорғаушы «солдаттары» десе де болады. Өйткені бұл бактериялар ағзадағы иммундық жасушаларды қолдап отырады және аминқышқылдар мен дәрумендерді өндіреді. Егер ішекте бұл микроорганизмдер бәзбір себептермен аз болса, онда әлгі «бөтен» бактериялар үстемдік етіп адамды ауырта бастайды, яки дисбактериозға ұшыратады.
Кейде орынсыз пайдаланған дәрі-дәрмек аллергияға алып келеді. Аллергиямен ауыратын адамдарды иммунитеті төмен адамдар деп жататынымыз бар. Дәрумендерді де орынсыз қысы-жазы пайдалану жөн емес. Науқастанған кісіге дәрі-дәрмекті дәрігер тағайындағаны жөн. Әйтпесе дәріханада көзге іліккен немесе біреудің айтуымен ем-дом жүргізу жақсылыққа апармайды. Өйткені әркімнің ағзасының өз ерекшелігі бар. Біреуге ол дәрі жағып жатса, екінші біреуге кері әсер етуі әбден мүмкін. Иммунитеті яки қорғаныш қабілеті төмен, қауқарсыз адамдарға кез келген ауру үйір келеді. Әсіресе қыс-көктем айларында тұмаудың «қыдырып» жүрген кезінде иммунитетті күшейтудің маңызы зор. Өкінішке қарай, көпшілік мұндайда түрлі дәрумендерді қабылдау керек деп ұғуы мүмкін. Олай деп ойлау қате, түсінбеушілік.
Ең бастысы, денені шынықтыру екенін есте ұстаңыз. Көп қимылдаңыз. Қимыл-қозғалыс кезінде адамның қан айналымы жақсарып, бұлшық еттері қалпына келеді. Дененің ырғалуы ішектің де бұлшық еттерін реттеп, қызметін жақсартады. Иммунитетті күшейту үшін кебектен жасалған нан, қырыққабат, сәбіз, аскөк және қызылшаны көбірек пайдаланған жақсы. Ал ақуызға бай тағамдар, әсіресе ет ішектің жоғарғы бөлімдерінен бастап сіңеді де, «бөтен» бактериялар тамақсыз қалып, әлсіздене бастайды. Түрлі тұздықтар бұл процесті күшейтеді, сондықтан етке бұрыш салыңыз немесе дәмдеуіштер қосып жеңіз. Тамақтан соң 2 ас қасық өсімдік майын ішкеніңіз пайдалы. Ұйықтаудан жарты сағат бұрын бір стакан айран ішкен дұрыс. Ондағы қышқыл сүтті бактериялар асты қорытуға көмектеседі. Сөйтіп иммунитетті көтеріп, кез келген ауруға төтеп бере бастайсыз. Сосын әрине, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу, тыныш та сапалы ұйықтау және т.б. әркімге пайдалы.
Әдетте адамдар иммунитетті сақтаудың рөлі мен мүмкіндігін ауырған кезде ғана ойлайды. Иммун тапшылығы кез келген адамды ауруға алып баратын тіке жолдың бірі. Сондықтан әр адамға қыс-көктем айларында денсаулығын сақтау және иммундық жүйені нығайту маңызды. Себебі бұл уақытта ағза ерекше қолдауды қажет етеді. Сондай-ақ жедел респираторлы аурулар мен жедел респираторлық-вирустық инфекциялардан немесе тұмаудан зардап шеккендер және үлкен физикалық күштерді сезінетіндер иммунитетке назар аударуы керек.
Тұмау және басқа респираторлық аурудың алдын алудың тағы бірнеше жолы бар. Айналадағылардың бәрі ауырып жатса, иммунитетті көтеріп қана қоймай, инфекция жұқтырушылармен байланысты шектеу қажет. Ағзаға түсетін бактерия мен вирус көлемі аз болған сайын, иммунитеттің оны жеңуіне де оңай болады. Бұл үшін не істеу керек? Адамдар көп шоғырланған жерге бармаңыз. Кездескенде 1,5 метр қашықтықты сақтаңыз. Қол алып амандаспаңыз, амандасу кезінде бетінен сүйіп, құшақтамаңыз. Ауру адамның түкірігі бетіңізге шашырамас үшін, қоғамдық орындарда, дүкендерде бетперде тағып жүріңіз, далаға шығар алдында киімдеріңізге микробқа, вирусқа қарсы эфир майларын (жалбыз, эвкалипт, арша жидегі) сеуіп алыңыз. Бұл сіз дем алатын ауаны залалсыздандырады. Қолдарыңызды домофон, лифт түймешелерін, есік тұтқасын, телефон ұстағаннан кейін антисептикпен сүртіңіз. Үйден тыс жерлерде жүрген уақытта қолыңызды жумай бетіңізді ұстамаңыз, үй ішін әрбір 3-4 сағат сайын желдетіп тұрыңыз. Шаңды сүртіп, ауаны ылғалдандырыңыз. Қолыңызды үйге келгеннен кейін мұқият жуыңыз. Кілт пен сөмкеңізді сүртуді ұмытпаңыз. Егер көзілдірік кисеңіз, оны да сабынмен жуу керек.

Енді иммундық қуатты толықтыру тәсілдері жайлы айта кетейік. Бұл – ұйқы мен тамақтану тәртібін сақтау, көкөніс тағамдарын, жеміс-жидектерді көбірек жеу, таза ауада серуендеу, салқын суға шомылу, саламатты өмір салтын ұстану. Халық арасында иммунитетті көтерудің сан түрлі тәсілдері бар. Оны да орынды пайдалансақ еш зияны жоқ.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор

Leave A Reply

Your email address will not be published.