Індет өршімесін десеңіз…

0 64

Соңғы уақытта өңірімізде індет жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Бүгінде облыс бойынша күніне 10 шақты адамнан індет белгісі анықталуда. Негізінен қауіпті вирусты жұқтыру дерегінің өсуі тұрғындардың өз еркімен ПТР тест тапсыруы барысында анықталып жатқан көрінеді. Мәселен жыл басынан бері осы уақытқа дейін облыста 180 мың 300-ге жуық адам тест тапсырса, оның ішінде 4 422-сінен коронавирус инфекциясы анықталған.

Тұрғындардың індетке шалдығуы Қордай, Шу аудандарында өршіп тұр. Егер бұл аудандарда індетке шалдыққан науқастар санының артуы тоқтамайтын болса, алдағы уақытта аталған аудандарда санитарлық бекеттер қойылуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының алдын алу жөнінде өткен кеңес отырысында айтылды.
– Осы күнге дейін коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың ішінде 4182 азамат сауығып шықты. Ал бүгінгі таңда індет салдарынан 61 адам көз жұмды. Қазір облыста ПТР тест бойынша 9 зертхана жұмыс істеп жатыр. Осы арқылы күніне 3700 адамның ауруға шалдыққан-шалдықпағанын анықтауға мүмкіндік бар. Бұған дейін облыста ПТР тест тапсырушылардың санын арттыру жөнінде арнайы тапсырма берілген. Өйткені індеттің болуы мүмкін кезекті толқынына қарсы шаралар қабылдауда бұл өте маңызды.
Қазіргі таңда індеттен сақтану жөнінде барлық шаралар жүргізіліп жатқанымен, өңірде күннен күнге науқастар саны артып келеді. Әлемде, көрші жатқан Ресей елінде, тіпті өз еліміздің бірқатар аймағында індет ушығып тұр. Сондықтан біз санитарлық талаптарды сақтауды күшейтуіміз керек. Мониторингтік топтар да жұмысын босаңсытпауы қажет, – деді Бердібек Машбекұлы.

Індеттің болуы мүмкін екінші толқынына дайындық шаралары барысын баяндаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев эпидемиологиялық ахуалға байланысты аймақта жасыл деңгей сақталса төсек қоры 750, оның ішінде реанимациялық төсектер 75-ке дейін ұлғайтылатынын сөз етті. Сары деңгей орын алса 1360 төсектің ішінде реанимациялық төсек саны 136-ға жетпек. Ал жағдай қызыл деңгейге көтерілсе, стационарлардағы төсек қоры – 2530-ға жетіп, оның ішінде 253-ін реанимациялық төсек құрайды екен. Бұдан бөлек қосымша 2000 төсек-орын дайындалып жатқан көрінеді.
– Жыл басынан бері пневмонияны қоспағанда Таразда 2086 адам індетке шалдыққан. Эпидемиологиялық тексеру барысында 16 768 азаматтың науқастармен байланыста болғаны анықталса, қазіргі таңда 16 257 адам қадағалау уақытының аяқталуына байланысты бақылаудан шығарылды. Қалғандарына әлі де бақылау жүргізілуде. Қазір инфекциялық стационарда 158 адам жатыр. Олардың 16-сының халі ауыр, – деді Әсет Әскерұлы.
Облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Неили Муликованың айтуынша, облыста соңғы аптада індетке 98 адам шалдыққан.
Жиын соңында Бердібек Сапарбаев індеттің ушығуына жол бермеу жөнінде тиісті орындарға арнайы тапсырма беріп, Әсет Әскерұлына бұдан былай сақтық шаралары және талап пен тәртіпті тиісті дәрежеде сақтамаған, салдарынан ақ халаттылардың індетке шалдығуына жол берген медицина мекемесі басшыларына шара қолдануды тапсырды.
Сонымен қатар мониторингтік топ мүшелеріне сайлау учаскелерінің санитарлық талапқа сай болуына зерделеу жүргізуді міндеттеді. Мейрамхана, тойханаларда жиын-тойға келген адамдардың саны шекті мөлшерден асып кетсе, нысан иесіне бірінші ескерту ретінде айыппұл салуды, екінші мәрте қайталанса жаптыруды, бұдан нәтиже шықпаса лицензиясынан айыру керектігін айтты.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.