Коронавирус індеті тарағалы ана өлімі артты – акушер

21

Биылғы 9 айда 136 жүкті әйел қайтыс болған. Былтыр осы аралықта 36 ана көз жұмған. Дәрігер бұл жағдайға коронавирус індеті тікелей әсер еткенін айтады.

Аналар арасындағы өлімнің көбейіп кетуі коронавирусқа байланысты. Соңғы 10 жылдағы көрсеткішке қарайтын болсақ, аналар өлімі 3 есеге, балалар өлімі екі есеге азайған. Дегенмен биыл коронавирус індетінің тарауына байланысты ана өлімі артты, — дейді ол.

Оның айтуынша, ана өлімінің алдын алу бойынша дәрігерлер қазір қолынан келгенін жасап жатыр.

Қазір Республика көлемінде штаб құрылып, коронавируспен ауырған жүкті әйелдерге мониторинг жасап отыр. Ол жерде Қазақстан бойынша қанша әйел ауырғаны, коронавирустың қай түрі, яғни ауыр, жеңіл немесе орта ма екені туралы мағлұматтар министрлікке беріліп отырады, — дейді ол.

Акушер сөз арасында ПТР-тесті расталған әйелдер қазір арнайы перзентханаларда босанып жатқанын және бұл індет іштегі балаға қалай әсер ететінін айтып өтті.

Бұл індет өте қауіпті. Оның балаға әсері әлі зерттеліп жатыр. Мәселен, кеше коронавируспен ауырған әйел босанды, өзі де баласы да дін аман. Вирус болғандықтан, ол қанмен берілуі де мүмкін. Іштен вирустың әсері болған кезде бала туа біткен ақауымен өмірге келеді. Жүрегінде, бүйрегінде ақау болуы мүмкін. Еріні қоянжырық деп жатамыз, тісі қасқырдікіндей үлкейіп кеткен жағдайлар болады, — деді Жұпар Наханова.

baq.kz