Күзгі сақтық шаралары қандай болмақ?

95

«Қар жауды деп қуанба, артында аязы болар» демекші, күз айларында жұқпалы тұмау кең етек алып, тиісінше дәрігерлердің де жұмысы еселене түседі. Әсіресе күннің бірде суып, бірде жылып, ауа райының қысқа күнде құбылуы тұмаудың өршуіне әкеліп соғады. Одан бөлек, сарғайып түскен жапырақтардың әсерінен бе, күз мезгілінде аллергия белгілері көптеп байқала бастайды. Ал биылғы дүйім жұртты дүрліктірген COVID-2019 індеті күзде таралатын жұқпалы ауруларға қарсы сақтық шараларын бұрынғыдан да берік сақтау керектігін талап етіп отыр.

Осы орайда жалпы тәжірибелік дәрігер Айгерім Шайлаевамен сұхбаттасып, көптің көкейінде жүрген сұрақтардың жауабын білген едік.

 

– Айгерім Базарбайқызы, күз мезгіліндегі ауа райының құбылмалылығы адамдардың сырқаттану қаупін жоғарылата түсетіні белгілі. Әрі осы мезгілде жұқпалы аурулар да жүреді. Сондықтан да тұрғындарға кеңес ретінде жұқпалы аурулардан қалай сақтану керектігін айтып өтсеңіз…

– Әуелі жұқпалы аурулардың қаншалықты қауіпті екеніне тоқталсақ. Қандай жұқпа болса да адамнан адамға, тіпті ауа арқылы өте жылдам тарайтындығымен аса қатерлі. Ал, суық тиюден пайда болатын вирус ылғалды ұнатады. Сол себепті мұрын ішіне орналасып, ауа тамшылы жолдарымен, сонымен қатар ауызға микроб түсу арқылы енеді. Егер адамның иммунитеті төмен болса, риновирус асқынуға бейім болады. Вирус синусит (қойнаудың қабынуы), отитке (құлақтың қабынуы) дейін асқынатын тұмау тәрізді өрбиді. Вирус түрлерінің көптігімен және асқынуымен қауіпті.

Әрине, кез келген аурумен күрес оның алдын алудан басталады. Халық арасындағы «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын тап» деген қанатты сөз де осындайда айтылса керек-ті. Яғни, аурудан сақтанудың бірден-бір жолы – қолды жиі жуу, сұйықтықты көп ішу, дұрыс тамақтанып, уақтылы ұйықтап, иммунитетті нығайту. Және таза ауамен тыныстап, белсенді өмір салтын қалыптастырған жөн. Егер ауру ошағы анықталса, міндетті түрде 4 қабатты бетперде киіп, үй-жайды жиі тазалап, желдетіп, науқасты оқшаулау керек. Науқастың жасына қарай толыққанды тамақтандырып, сұйықтықты, әсіресе ыстық шай, жылы сүт, сілтілі минералды суларды көбірек ішкізу қажет.

– Сонымен қатар аскорбин қышқылын да жиі қабылдау керек екенін естідік. Аскорбин қышқылының ешқандай зияны жоқ па, дұрыс қабылдау реті қандай?

Аскорбин қышқылын дәрігердің нұсқауынсыз, бей-берекет іше беруге болмайды. Артық мөлшерде ішкенде, түрлі асқынуларға алып келуі мүмкін.

С витаминінің ағзадағы артық мөлшері – гипервитаминоздың белгілеріне келетін болсақ, олар – жүрек айну, бас айналу, аллергия. Сондай-ақ, аскорбин қышқылының ағзадағы артық мөлшері өттің қабынуына және бүйректегі тастардың пайда болуына, бүйрек үсті безінің атрофиясына және жүректе пайда болатын қиындықтарға әкелуі мүмкін.

С дәрумені немесе аскорбин қышқылы суда еритін биологиялық белсенді органикалық қосылыс. Ол күшті антиоксидант.

Әрине, бұл дәрумен иммундық жүйені нығайтады, жарақатты емдеу процесін жеделдетеді. Бірқатар гармондардың синтезіне әсер етеді, гемопоэзді және капиллярлардың өткізгіштігін қалыпқа келтіреді, метаболизмді реттейді, токсиндерді шығарады және ағзаға басқа да жағымды әсерлерін тигізеді.

Сондай-ақ, ол адам ағзасына күйзелістің теріс әсерінен қорғау үшін қажет. Оның ағзадағы жеткілікті мөлшері А, Е және В дәрумендер тобының қосылыстарын тұрақты қалыпта ұстап тұрады. С дәрумені кальций және магниймен бірге қабылдағанда ағзаға жақсы сіңеді. Ағзада С дәруменінің жетіспеушілігі тыныс алу және асқазан-ішек жолдарының жұқпаларын жиілетеді, қызылиектің қансырауы секілді белгілер пайда болады. Міне, осындай жеткіліксіздігі байқалғанда тек дәрігердің кеңесімен қабылдаса ғана бұл дәрумен пайдалы болмақ.

Әдетте суық тигенін байқасақ, бірден антибиотиктер ішеміз. Ал дәрігерлер мұның дұрыс еместігін айтады. Тұмаудан арылудың зиянсыз, алғашқы ем-шарасы қандай болмақ?

– Тұмауды дәрісіз емдеудің де жолдары бар. Ең алдымен сұйықтық ішу. Себебі денеде су жеткіліксіз болған кезде мұрын бітеліп, дұрыс жұмыс істемейді. Танаудың ішіндегі шырыш құрғап, қалыңдап, мұрынның бітелуіне әкеп соқтырады. Мұрында осындай қалың маңқа пайда болғанда вирустар мен бактерияларға жол ашылады. Мұндайда мұрынды тұз ерітіндісімен шаю керек. Лимон, таңқурай қосып, ыстық шай, ыстық сорпа ішу тұмаудан, суық тиюден арылуға өте пайдалы.

– Үй жағдайында тамақты булау (ингаляция), медициналық спиртті қолдану қандай тәсілдермен жүргізілгенде қауіпсіз болмақ?

– Тамақты булау мен медициналық спиртті дұрыс пайдаланбаған жағдайда жарақат алу әбден мүмкін. Сол себепті мұндай шараларды үй жағдайында жасауға рұқсат берілмейді. Мысалы, үйде өз бетінше спиртті тыныс алу жолдарына қолданса, шырышты қабықтары, терісі тітіркеніп, күйік орын алады. Оған қоса уытты әсер беруі мүмкін.

– Дәрігерлік кеңесіңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА