Өкпесі 70 пайыз зақымдалған 73 жастағы дәрігер COVID-ті жеңіп шықты

0

Жамбылда өкпесі 70 пайыз зақымдалған 73 жастағы  зейнеттегі  дәрігер  індетті жеңіп шықты, – деп хабарлайды «Jambylinfo» ақпарат агенттігі Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байзақ аудандық орталық  ауруханасында ұзақ жылдар бойы ЛОР дәрігері болып жұмыс істеген  зейнеткер Гульсия Истамкуловада артериялық гипертензия және жүректің ишемиялық ауруы болған.  Бұл сырқаттар Г. Истамкулованың COVID-19  инфекцияның асқыну қаупінің жоғары тобына кіруіне себеп қылған.

Ол дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтеріліп, ауа жетпей, құрғақ жөтелмен Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымына жеткізілген. Оған COVID-19 инфекциясының ауыр түрі, 3-ші дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігі диагнозы қойылды.   Қабылдау бөліміне келіп түскен кездегі жағдайы  3-ші дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігінің есебінен өте ауыр деп бағаланды, минутына 30-ға дейін ентігу байқалды, дененің оттегімен тыныс алуы 50 пайызға төмендеген, науқаста мазасыздық,  қорқыныш  сезімі  болды. Кеуде қуысының рентгенограммасында өкпенің вирустық зақымдануы 70 пайызды құраған.

Жедел түрде жансақтау бөлімшесіне жатқызылған пациентті бірден инвазивті өкпені жасанды желдету аппартына қосып, онда ол 3,5 тәулік бойымедициналық ем қабылдады.  Осы күрделі кезеңде аурухананың медицина қызметкерлері науқастың өмірін сақтап қалу үшін барлық реанимациялық және емдеу шараларын жүргізді. Қиын сәттер артта қалып, жағдай тұрақтанғаннан кейін мұрындық каннула арқылы ылғалданған оттегімен тыныс алуға ауыстырылды.

Қазіргі уақытта Гульсия Истамкулова коронавирус бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайы едәуір жақсарды, ентікпесі жоқ, тәбеті пайда болды, ұйқысы қалыпқа келді және дененің ылғалдандырылған оттегімен қамтамасыз етілгендігі 94-95 пайызды құрады. Науқас бақылау талдау-сараптамаларынан кейін стационардан шығуға дайындалуда. Ол өз өмірін құтқарған медицина қызметкерлеріне шын жүректен алғыс білдіреді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.