Қаһарман Абылай індет өршіген уақытта дәрігерлердің қасынан табылды

0

Биыл әлем күрделі кезеңді бастан өткергені белгілі. Мұндай кезеңдегі ауыртпашылық жүгін еліміз жұрт болып жұмыла көтеруде. Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіріп, қамқор болғандардың бірі – еріктілер. Волонтерлер қиын шақта тұрмысы төмен отбасылар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулілерге, жалғызбасты аналарға азық-түлік, медициналық қорғаныш заттарын таратумен айналысты. Тіпті блок бекеттерге де ыстық тамақ тасып, дәрігерлерге де қолғабыс етті. Олардың қатарында емдеу мекемелеріндегі науқастарды реанимация бөліміне жеткізуге, оттегі балонын көтерісуге көмектесіп, емдеу мекемелерінде тегін қызмет атқарған жастар да бар.

Тараз қаласының тұрғыны Абылай Әубәкіров облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта індетке шалдыққан науқастарды емдеп жатқан дәрігерлерге 3 ай бойы қолғабыс етіпті. Оның көмегі төтенше жағдай кезінде дәрігерлер үшін ауадай қажет болған. Себебі індет жұқтырғандар санының арту салдарынан ауруханада ақ халаттылар жоғары жүктемемен жұмыс істегені белгілі.
– Жеңгем медицина саласының маманы. Ол аталған емханада жұмыс істеп жүргенде елде індет тарады. Жұмыстары күннен күнге ауырлай бастағанын іштей сездік. Әшейінде «Ақ халаттылардың еңбегі ерен» деп құр сөзбен ұрандатқаныммен, оларға нақты қандай көмек бере алатынымды сол күнге дейін ойланбаппын. Керісінше мен үшін ақ халаттылар тек қана көмектесуі тиіс секілді болатын. Бір жолы «Жұмыстарыңыз ауыр, сіздерге қарапайым халық қалай көмектессе болады?» деп сұрадым. Жеңгем ауруханаға жай адамдар да көмек көрсетуге болатынын айтты. Ол дәрігердің тапшы әрі көбісі әйел екенін, жағдайы ауыр науқастарды төсегіне орналастыру қиынға соғып жүргенін айтты. Осыдан кейін дәрігерлерге қол көмегін ұсынуды жөн деп таптым. Коронавирус инфекциясының қауіпті екенін біле тұра барынша сақтық шараларын ұстану арқылы дәрігерлерге көмектесуге белсене кірістім, – деді ол.
Абылай негізінен өз бетімен жүріп-тұруына шамасы келмейтін ауруларды қолтығынан демеп, медицина қызметкерлеріне қажетті басқа да заттарды, науқастарға сырттан келетін сәлем-сауқатты жеткізу ісімен айналысқан. Жүктелген жұмысты бастамас бұрын дәрігерлер секілді ол да қорғаныш киімін талапқа сай 4 сағат сайын ауыстырып, пайдаланып отырған.
– Қорғаныш киімі бүкіл денемізді жауып тұрғандықтан қауіпсіз әрі сенімді. Еркін жұмыс істеп, өзіңді қалқанмен жүргендей сезінесің. Қорғаныш костюмінің арқасында батыл қадамдарға бардық. Негізінен жеделдетіп, жүгіре жүріп жұмыс істеу барысында мұндай киім әдеттегідей емес, тыныс алуыңды қиындатады. Бір байқағаным, тұмшаланған түрімізді көрген науқастардың жүзінде үрей пайда болады. Той-томалаққа барып немесе басқа да қоғамдық орындарда сақтық шараларын ұстанбау салдарынан індет жұқтырғандардың бейбіт күн мен денсаулықтың қадірін бағаламағанына өкініп отырған сәттеріне талай куә болдым, – дейді А.Әубәкіров.
Ерікті болу оңай емес. Ел мен жердің амандығы үшін отқа да, суға да түсуге тура келеді. «Қаһарман қауіптен қорықпайды» деген сөз осындайда айтылса керек.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.