«Қазанға дейін орын жоқ»: Б. Сапарбаев бақылауға бейжай қараған басшылардың жұмысын сынға алды

131

Әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің екінші толқыны елімізді де алаңдатып отырғаны анық. Алдымызда жұрт болып жұмылып, қауіптің алдын алу, карантин талаптарын мұқият сақтау міндеті тұр. Десек те әлі күнге талаптарды көзге ілмей отырғандар жетерлік. Өңірде әлі той-томалақ, басқа да жиындар азаяр емес. Облыс орталығында да карантинге қарамастан күндіз-түні көпшілікке есігін айқара ашқан кәсіпкерлік нысандары молынан. Ал оны қадағалау үшін құрылған мобильдік топтың жұмысы көңіл көншітпейді. Облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Тараз қалалық басқармасы облыс орталығындағы бақылау жұмысына бей-жай қарап отыр. Тіпті қалалық әкімдікке хат жазып, бақылау міндетінен басын ала қашқан. Олардың бұл әрекеті кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен басқосуда қатаң сынға алынды.

Ең алдымен Бердібек Машбекұлы өңірде пандемияның екінші толқынына дайындық шараларын тілге тиек етіп, аймақтағы жағдайды айтып өтті. Нақты уақытта аймақта індетке шалдыққан науқастардың 98 пайызы сауығып шыққан. Жалпы өңірде жағдай тұрақты. Десек те аймақ басшысы босаңсуға болмайтынын, екінші толқынға сақадай сай, тас түйін дайын болуымыз керек екенін ескертті. Себебі күн суытқан сайын тұмаудың басталатыны тағы бар. Облыс әкімі қазіргі таңда карантин талаптары сақталмай, бетпердесіз жүргендердің көбейгеніне назар аудартты. Басқосуда сөз тізгіндеген облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев екінші толқынға дайындықты жан-жақты атап өтіп, індет өршіген жағдайда тағы екі денсаулық сақтау мекемесінің іске қосылатынын жеткізді.

– Бүгінгі таңда, облыстық көп бейінді балалар ауруханасының инфекциялық блогында 250 инфекциялық төсек қоры, оның ішінде 25 реанимациялық төсек қоры  жұмыс жасауда. Мониторингке сәйкес, облыс аумағында жалпы COVID-19 індетінің 4 119 жағдайы тіркелген. Пневмонияның – 108 жағдайы тіркелген. Өткен тәулікте КВИ-дың 3 жағдай тіркеліп тәуліктік өсім 0,07 пайызды құрап отыр. Жалпы 2-ші толқынға дайындық барысында 2 530 төсек орын дайындалуда, оның ішінде 253-і ренимациялық төсек орын, – деп басқарма басшысы індеттің жасыл, сары және қызыл деңгейі бойынша нақты жоспарды түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар медицина мамандарының даярлығын, дәрілердің қорын, қажетті медициналық құрал-жабдықтардың қазан айында өңірге жеткізілетінін тілге тиек етті. Облыс басшысы індетпен күресу кезеңінде басқармаға демеушілер тартуды тапсырды. Қазіргі таңда Әсет Әскерұлының айтуынша өңірде қажетті дәрілердің екі айлық қоры бар.

Десек те Бердібек Машбекұлы қаладағы «Садыхан» дәріханасында қарапайым аспириннің жоқ екенін сынға алды. «Дәріханаларда қазірден дәрі жоқ болса, ертең екінші толқын басталғанда не болады? Жағдайды қатаң бақылауға алыңыздар» – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар дәріге аз тапсырыс берген Байзақ пен Меркі аудандарына да ескертілді. Індетке қарсы екпе егу мәселесін қадағалауды тапсырды.

Бұдан кейін облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков сөз алып, мобильдік топтың жұмысын барынша жақсы жағынан көрсеткісі келгенімен, іс жүзінде жұмыстың жүрмей тұрғанын Бердібек Машбекұлы нақты дәлелдермен әшкерелеп берді. 20 қыркүйекке дейін карантин талаптарын сақтамаған орындарға 24 миллион теңгеге жуық айыппұл салдық деп сайраған департамент басшысы өздеріне қарасты басқарманың бей-жай отырғанына қатысты нақты ешқандай жауап айта алмады. Онлайн байланыс арқылы бұл басқарма басшысының орынбасары соңғы мәрте қай жерді, қай уақытта тексергендерін де дөп басып айта алмады. Ал басшылары демалыста жүрген көрінеді-мыс. Тіпті оларға жүктелген 86 істің 66-сын кері қайтарып, қалалық әкімдікке бақылау жұмыстарының басым көпшілігі міндетімізге жатпайды деп арнайы хат та жазған. Облыс әкімі олардың бұл әрекетін қатаң сынға алып, мобильдік топтың жұмысын жүйелеуді ескертті.

«Сіздер бізге ешқандай ақпарат бермейсіздер. Мәлімет жоқ. Бұл сіздердің жұмыстарыңыз. Әлде басқа жақта жұмыс істейсіздер ме? Департаменттің жұмысы өте нашар. Мәселелеріңізді министрлікке жеткіземіз» – деді облыс әкімі. Себебі арнайы жүргізілген рейд нәтижесінде карантин талаптарын сақтамаған көптеген нысандар анықталған. Атап айтқанда Қазыбек би көшесі «Bora» сауда үйі, Жамбыл даңғылы №200 мекенжайындағы «Mart Magnat», Лермонтов көшесі 19а мекенжайындағы «Бейбарыс» сауда үйі, Қаратау мөлтек ауданындағы «Гаухар» сауда үйі, Қонаев көшесі №10 мекенжайындағы «Adora me» сауда үйі, Әйтеке би көшесі 3б мекенжайындағы «Mansаrd» түнгі клубы, Желтоқсан көшесі 131 мекенжайындағы  «Ақ орда» мейрамханасы, Абай даңғылы 161а мекенжайындағы «Enigma» клубы, әл-Фараби көшесіндегі «Арал» моншасы ешқандай карантин талаптарын сақтамаған. Бірі демалыс күндері жұмыс жасаса, кейбіреулері түнгі уақытта да жұмысын тоқтатпаған. Бұған қоса қаладағы «Алма-ата», «Гаухартас», «Үміт», «Сәтті», «Тараз холл» мейрамханалары карантин талаптарын бұзып, той-томалақты тоқтатпаған. Аудандар арасында да осы мәселеге жол бергендердің көш басында Т.Рысқұлов ауданы тұр. Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Талас аудандары да қалыс қалып отырған жоқ. Облыс әкімі инстаграмм әлеуметтік желісінде карантинде той тойлап жүргендердің суреттерін слайд арқылы көрсетіп, талапты бұзғандарға қатаң шара қолдану керектігін тапсырды.

– Әкімдіктегі қызметкерлер күні кеше ғана «Інжу-Маржан», «Грейд Шырын» мейрамханаларына телефон шалып, той жасауға тапсырыс беру жөнінде сөйлессе, олар қазан айына дейін мейрамханада орын жоқ екенін айтып отыр. Барлығында той өтіп жатыр. Міне сіздерге дерек керек болса. Осыны қадағалап отырған жоқсыздар. Маусым айында не болғанын ұмытпайық. Карантин талаптарын бақылауға басымдық беріңіздер. Ауылдарда ақсақалдармен сөйлесіп, көпшілік шараларға тиым салу қажет, –деді аймақ басшысы.

Одан кейін «СК-Фармация» ЖШС-нің облыс бойынша уәкілі Айжан Тортаева сөз алып, дәрілердің қорын баяндады. Бердібек Машбекұлы өңірде министрлікпен бекітілген қажетті 81 дәрінің екі айлық қоры толығымен болуы қажет екенін ескертті.

«Қажетті дәрілерді қадағалау сіздердің негізгі міндеттеріңіздің бірі. Тіпті 2021 жылға осы бастан дәріге тапсырыс берулеріңіз керек. Қажетті дәрілерді зерделеу үшін тікелей денсаулық сақтау басқармасымен байланысып жұмыс жасаңыздар. Келесі жылы биылғы кемшіліктерді қайталамауға тиіссіздер. Әрқайсыңыз әр жаққа тартпаңыздар» деді облыс басшысы Айжан Қабдыбекқызы мен денсаулық сақтау басқармасының басшысына.

Сонымен қатар жуырда тағы жаңа көліктермен толығатын жедел жәрдем қызметін де тілге тиек етті. «Әсет Әскерұлы, сіздердің жұмыстарыңыз таңертеңнен ауруханадан, дәріханалардан басталуы қажет. Мобильдік топтар да басқармамен бірігіп жұмыс жасауы тиіс. Жақында тағы жедел жәрдем көліктері келеді. Сонау Мойынқұмда науқастанып қалған адам не себепті Тараздағы жедел жәрдемнің орталығынан рұқсат сұрап, уақыт жоғалтуы керек? Бұл жақтан хабар жеткенше ол науқас өмірден озып кетсе қайтесіздер?! Олай болмайды. Аудандағы жедел жәрдем қызметі сол ауданның бас дәрігеріне қарауы тиіс» деп шегелеп айтты. Жиын соңында өңір басшысы қаралған барлық мәселені қадағалау жөнінде орынбасары Ержан Жылқыбаевқа тапсырма берді.

Нұржан Қадірәлі