Таразда коронавирусқа шалдыққан жүкті әйел аман-есен босанды

0 3

 

Таразда өкпесінің 30 пайыздан астамы зақымданған жүкті әйел аман-есен босанып, дені сау нәрестені дүниеге әкелді.

30 наурыз күні жұқпалы аурулар орталығына коронавирус инфекциясы анықталған жүкті әйел жедел жәрдеммен жеткізілді.

Айы-күні жақындаған 42 жастағы Тараз тұрғынын дәрігерлер ауру түрінің күрделілігіне қарамастан, ешбір асқынусыз аман-есен босандырып алды.

Екіжақты пневмония болып  ауыр түрде босанған ананы қатаң бақылауға алған жұқпалы аурулар орталығының дәрігерлері 10 күн бойы арнайы вирусқа қарсы терапиялық ем жүргізді.

Нәтижесінде коронавирус инфекциясынан толық айығып, қолына баласын алып, ауруханадан шықты.

«Аяғым ауыр болғандықтан коронавирусқа шалдыққанымды білгенде қатты қорықтым. Ақ халаттылар 3 күн бойы жансақтау бөлімінде менің және сәбиімнің өмірі үшін күресті. Дәрігерлерге мың алғыс! Қызымды аман-есен босандым. Бұл – менің төртінші перзентім. Тәулік бойы қасымда болып, балам екеуміздің жанымызға араша түскен барлық дәрігерлерге алғысым шексіз. Мені және баламды ажалдан арашалап қалды. Дәл мен осы ауруға шалдығамын деп ойламаған едім. Сондықтан, басқаларды барынша сақтық шараларын ұстанып жүруге шақырамын», — дейді ауруханадан жазылып шыққан Жанар Дәулетиярова.

Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде ананың да, сәбидің де жағдайы жақсы. Жаңа туған нәрестенің сынамасынан коронавирус инфекциясы анықталмаған.

Аталған орталықтың меңгерушісі Ербол Ордабековтың айтуынша,  қаңтар айынан бері 700-ден астам науқас жазылып және дерт жұқтырған 20 жүкті әйел аман-есен босанып, отбасына оралған.

Қазіргі уақытта орталықта 185 науқас ем-домын қабылдауда, олардың 20-сы жансақтау бөлімінде.

«Бүгінде ауруханамызға дәрілер толығымен жеткізілуде. Қазір екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Тұрғындар талаптарды қатаң сақтауы керек және кеңінен жүргізіліп жатқан вакцинация жұмыстарына белсене қатысып, өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, аурудың алдын алуға тырысуы қажет» – деді Ербол Ордабеков.

Нұрдаулет Асан

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.