Таразда Мыңжылқы Бердіқожаев ми қантамыры зақымдалған науқасқа ота жасады

27

Алматы қаласындағы Орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, республикамызға белгілі нейрохирург, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мыңжылқы Бердіқожаев Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы келіп, «Ми тамырларының аневризмасы мен артериовенозды мальформациясын емдеу» бойынша шеберлік сыныбын өткізді.
Тараз қаласында алғаш рет өткізілген шара аурухананың рентгенэндоваскулярлы хирургі Қанат Қуандықұлы мен нейрохирург дәрігер Алмас Кұралбаевпен бірігіп, арнайы ангиографиялық кабинетте Тараз қаласының 24 жастағы тұрғынына жасалды.
Эндоваскулярлық эмболизация әдісі – бұл азинвазивті эндоваскулярлық араласу, ол арнайы материалды (бөлінетін микроспиральдар, стенттер немесе баллондар) пайдалана отырып, қан ағымынан қалыптан тыс тамырлы түзілуді ажыратудан тұрады; арнайы жабысқақ құраммен (цианакрилат) немесе сұйық пластикпен (поливинилакоголь) «желімдеп» микроспиральдармен жабыла отырып жасалады.
Артериовеноздық мальформация – мида немесе жұлында ретсіз түрде, айқаса орналасқан тамырлардың шумағы тәрізді туа біткен тамырлы патология. Бұл тамырлардың қабырғасы қалыпты жағдайдағы тамырларға қарағанда өте жұқа болады, сондықтан олар жарылып кетуі мүмкін. Ми мен жұлынның артериовеноздық мальформациясы сирек кездесетін нозологиялық ақау болып табылады, алайда дер кезінде алдын алмаса, күрделі неврологиялық бұзылыстар мен өлім жағдайына алып келуі мүмкін. Оның ең жиі кездесетін және қауіпті клиникалық көрінісітері — бас ауруы, ұстамалар, қан кету болып табылады. Уақыт өткізіп алған науқастардың 50%-ы мүгедектікке шалдығуы мүмкін.
24 жастағы жігіт қалалық көпбейінді ауруханасына церебровоскулярлық ауру түрімен ауыр дәрежедегі қайталанған геморрагиялық инсульт, оң жақ маңдайдағы жедел миішілік гематома, артериовеноздық мальформация диагнозымен ауыр халде түскен. Бұрын мұндай науқастар ота жасату үшін еліміздегі арнайы клиникалық орталықтарға, шет мемлекеттерге баратын. Өткізілген шеберлік сыныбында Жамбыл облысы дәрігерлеріне отаның әдіс-тәсілдері, одан кейінгі күтім, ем-шара жолдары туралы айтылып, тәжірибелік ота көрсетілді.

Алдағы уақытта мұндай пациенттердің өзіміздің Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында да емделуге мүмкіндігі бар.

Мұндай аурумен ауыратын науқастардың 17-40 пайызы ұстама болып, есінен танып құлап қалу жағдайына көп ұшырайды. Аяқ-қолдары жансызданады. Эпилепсиялық ұстамалар сезімталдықтың бұзылуымен, жүрек соғуымен, бет әлпетімен де көрінуі мүмкін.  Сондықтан, мұндай жағдайда хирургиялық араласу жасамаған болмайды. Сәтті өткен отадан науқас айығып кетуі әбден мүмкін,-дейді білікті де тәжірибелі нейрохирургия ісінің шебері Мыңжылқы Бердіқожаев.