Жамбыл облысының шалғай аудандарына «Мобильді емхана» жолға шықты

0 92

Жамбыл облысында «Мобильді емхана» жобасы бастау алды. Жобаның мақсаты – әрбір елдімекенде, оның ішінде шалғай жатқан ауыл-аймақта медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету.

​Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында барлық ауылдарды фельдшерлік-акушерлік пунктермен және дәрігерлік амбулаториялармен жабдықтау қажеттігін атап өтті. Жамбыл облысында соңғы 5 жылда ауылдық жерлерде 120 түрлі медициналық нысандар пайдалануға берілді десек, тағы 68 медорталық салынатын болады.

— Облыс халқының 60 пайызы ауылды жерде тұратынын ескерсек, біздің алдымызда әр елдімекенде медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Медициналық қызметтің мобильді түрі ауылдағы денсаулық сақтау саласының тиімді дамуына ықпал етеді. Облыста үш жылжымалы​мобильді кешен бар, жылдың аяғына дейін тағы 8 жылжымалы кешен сатып алу жоспарланып отыр, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев.

Алдағы бір аптада С.Асфендияров атындағы​ ҚҰМУ мамандары, медицина ғылымдарының докторы, доценттерден құралған 3 дәрігерлік бригада​ Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарының​ шалғайдағы елдімекендерінің тұрғындарына консультативтік мамандандырылған көмек көрсетеді. Бригадалар терапевт, педиатр, кардиолог, УЗД (УЗИ),​невропатолог, онколог және акушер-гинекологтардан​ жасақталған.

Сондай-ақ,​ оқу орнының ұстаздары ауылдағы медицина қызметкерлеріне коронавирус инфекциясының екінші толқынына байланысты әдістемелік көмек көрсетпек.

​ ​Жоба Жамбыл облысы әкімдігі мен аталған университет арасында ​ жасалған екі жақты меморандум аясында іске асуда. Шалғайдағы елді мекендердегі тұрғындарға мұндай медициналық көмек көрсету​жоспарлы түрде жалғасатын болады.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.