Оқушылардың ораза ұстағаны дұрыс па?
Рамазан айына орай Жамбыл ауданы Амангелді орта мектебінің ұстазы Асқар Жақыповтың "Ақжол" газетіне басылған "Оқушылардың ораза ұстағаны дұрыс па?" атты мақаласын жариялап отырмыз
Біз әлімсақтан мұсылманбыз. Сондықтан, ислам дінінің бес парызына құлақ асып, амал жасауға тиіспіз. Бұл – Жаратқанның бұйрығы, сол бұйрықты дәстүрлі дін негізінде жүзеге асырған бабалардың жолы. Дегенмен, осы орайда назарға алатын мәселе бар. Имандылық шарттарын ұстану қажет десек те, әр нәрсенің мөлшері, шеті мен шегі бар екенін ұмытпауымыз қажет. Бүгін біз мектеп партасына отырған оқушылардың ораза ұстауы туралы мәселе көтеріп отырмыз.
Мектеп – балаларға бірінші кезекте білім мен тәрбие беретін жер. Білім саласының ережелері діннің талаптарынан алшақ жатыр. Мектепке оқушы білім мен тәрбие алу үшін барады. Міне, осы мақсат жолында оларға еш нәрсе кедергі болмауы тиіс. Себебі, барлық даналық пен өмірді дұрыс сүрудің бастауы білімде жатыр. Біз білімге баса көңіл бөлуі тиіс шәкірттердің Рамазан айындағы іс-әрекеттеріне назар аударып көрдік. Бұл тарапта да қоғам пікірі екіге жарылған. Қазір жоғары сыныпта оқитын оқушылардың көпшілігі ораза ұстайды. Бірақ, оның қолдайтын да, қолдамайтын да тұстары бар. Мәселен, оқушылардың да деңгейі әртүрлі. Көптеген оқушылардың денсаулығы жақсы, физикалық тұрғыдан мықты. Кейбір оқушыларда әлсіздік бар. Ауыр көтеруге жарамайтын, аурушаңдары да аз емес. Өзінің денсаулығы жоқ болса, өзі әлсіз болса, ол оқушыға ораза ұстау ауыр тиеді. Көпке ілесіп ауыз бекітемін деп жүріп, ондай жеткіншектер денсаулығына едәуір нұқсан келтіріп алуы мүмкін. Ал, оқушының денсаулығы бірінші орында. Денсаулығы жақсы ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы.
Мұнан соң оқушылардың намаз оқуы да назарда болуы тиіс. Өз үйінде ата-анасының рұқсатымен Аллаға құлшылық жасауына болатын шығар. Бірақ, білім ошағында жайнамазын төсей салып, намаз оқитын оқушылардың іс-әрекетіне тыйым болу керек. Кейде мектептің жас мұғалімдері оқушыларды жұма намазға өздері ертіп барады екен деп естіп қаламыз. Егер рас болатын болса, бұл мәселені де мектеп директорлары бақылаудан шығармаған жөн.
Міне, бұл тақырыпты қозғағанда ойланатын мәселе көп. Алдымен, мектеп директорларын сөзге тарттық. Жуалы ауданындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің директоры Бауыржан Бейшенов: «Мен ұстаз ретінде оқушылардың ораза ұстауы бойынша көп ойланамын. Рамазан айы басталар алдында мектеп ата-аналарын жинап, ең маңызды мәселе білім екенін ескерттік. Мектептің ішкі тәртібі, ережесі барын, сол ережеге ұстаздар мен ата-аналар бірге қол қойғанын айттық. Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан тиянақты білімге деген құлшыныс әлсірейтіні рас.
Мәселен, былтыр ауыз бекітіп жүрген 6-сынып оқушысы мектепте құлап қалған жағдай орын алды. Зерделеу жүргізіп едік, көмекті қажет ететін отбасының баласы екен. Анасы бір жерде жалданып жұмыс істейді. Ондай отбасының дастарқаны түрлі тағамдарға толып тұрады деп айту қиын.
Сәресінің кезінде тойынып тамақ ішпеген бала мектепте әлсіздікті сезінеді. Жалпы, жағдайы бар отбасыларда, ата-анасы күнделікті тамағын қадағалап, баланы әлдендіретін түрлі дәрумендер беріп отырса, 9-11-сынып оқушыларына бәлкім ораза ұстауға болатын шығар. Ораза ұстағанда да әуелі 30 күннің бәрін емес, әр аптада екі күннен ұстап дағдыланса да болатын шығар. Мүмкін, сенбі, жексенбі үйлерінде демалған кездерінде ұстаған дұрыс па? Айтайын дегенім, денсаулықтарына зақым келмеу жағы ерекше назарда болғаны жөн», – дейді. Аталған тақырып бойынша бірқатар мектеп директорларына хабарласқанымызда, қуанғандарын да жасырмады. Мысалы, Тараз қаласындағы №47 орта мектептің директоры Айжан Әбдешова да өз пікірін айтты. «Дұрыс тақырыпты көтеріп отырсыздар. Біз ұстаздармен, ата-аналармен бірлесе отырып, мектепте намаз оқитын жеткіншектерді тыйдық. Тұмшаланып орамал тағатын қыздарымыз да жоқ. Рамазан айы басталғалы да бірқатар жағдайлармен бетпе-бет келдік. Мектепте бірқатар оқушыларға тегін ыстық тамақ беріледі ғой. Сонда 4-сыныптың кейбір оқушылары оразамыз деп, тамақ ішпеген. 10-11-сынып оқушысы болса бір жөн. 4-сынып деген кішкентайлар ғой. Ата-аналарын шақырып, оқушыға және түсіндіріп, жөнге келтірдік. Ата-аналардың кейбірі «Балаларымыз бізді тыңдай бермейді. Мектептегі сіздердің ескертіп айтқандарыңыз дұрыс болды. Ұл-қыздарымыз енді сөз тыңдап, райларынан қайтып жатыр», – деп шындарын айтты. Мектепте осындай қадағалау жұмыстарын жүргіздік. Бірінші маңызды нәрсе – баланың денсаулығы. Ораза ұстау былай тұрсын, күн жылы кезде сыртқа оқушыларды сапқа тұрғызып жиналыс жасасақ, кейбір шәкірттер шыдамай құлап түсіп жатады. Қазіргі балалардың денсаулығы өте мықты деп айта алмаймын. Сондықтан, мұндай мәселеде қадағалау керек екені рас», – десе, Байзақ ауданындағы Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры Қанатбек Байтен: «Оқушы сабақ оқуы керек. Баланың білім алуына кері әсерін тигізетін кез келген нәрсеге қарсымын. Мектеп партасындағы бала білім алуы қажет», деді.
Мектеп директорлары осылай десе, өмірден көргені көп ақсақалдардың айтары басқаша. Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев: « Менің 11- сыныпта оқитын немерем ораза ұстап жүр. Баланың денсаулығы, әрине, бірінші орында. Мен немеремнен «Еш жерің ауырмай ма, салмақ түсіп жатқан жоқ па?», – деп жиі сұрап тұрамын. Аллаға шүкір, немеремнің сабақ үлгерімі жақсы, денсаулық жағынан өзін жайсыз сезінуі жоқ. Ерте ұйықтауын да қадағалап жүрмін. Өзіміз ораза ұстаймыз. Немеремізбен бірге сәресі ішіп, бірге ауыз ашамыз», – десе, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев: «Оразаның оқушы денсаулығына қарсы әсері бар деп ойлаймын. Өзім ораза ұстаймын. Бірақ, мектеп оқушыларының ауыз бекітуімен келісе бермеймін», – дейді. Оқушының ораза ұстағанына бірқатар аудандық білім бөлімінің басшылары да қарсы. Мәселен, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов: «Оқушының ораза ұстағанын құптамаймын. Балаларыма ауыз бекіттірмеймін. Уақыты келгенде, оң мен солын таныған кезде ұстауларына қарсы емеспін. Мектеп педагогтері жалпы оқушының мектепте намаз оқуын құптамайды. Мен де осы позицияны ұстанамын. Оқушылардың намаз оқуына отбасы және жақындары ықпал етеді. Баланың үйдегі іс-әрекетіне қадаға жүргізе алмаймыз», – десе, Мойынқұм аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев: «Мектепте не үшін ыстық тамақ ұйымдастырамыз? Демек, оқушының тамақтануы маңызды. Қарны ашып отырған бала сабақты қайтсін?!», – деп пікірін білдірді.
Біз психолог маманмен де тілдестік. Өңірімізге белгілі психолог Фатима Бизақованың пікірі мүлдем басқаша. Ол: « Қазір өзіміздің асыл дініміз оралып, имандылыққа ден қойылып жатыр. Адамның бес саусағы болғанмен, әр саусақтың өз орны бар. Сол секілді адамда жетілу үшін бес өріс болады. Олар: денсаулық, қарым-қатынас, интеллектуалды, әлеуметтік және рухани өрістер. Рамазан айында денсаулық пен рухани өріс бетпе-бет келіп жатады. Бізде өкінішке қарай дін бойынша профилактикалық қадағалау жұмыстары жүрмейді. Бала – жеке тұлға. Онымен де санасу қажет. Намаз оқу – рухани жол. Біз имандылыққа енді келіп жатқанда балалардың жолын неге жабамыз? Одан да баламен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Түсінісу керек баламен. Ол не ойлайды? Көптеген үйлерде ата-ана жұмысбасты. Балаға мүлдем көңіл бөлмейді. Осы кезде бала өзін рухани аш сезініп, өзіне қажеттілікті намаздан іздейді. Осы кезде біз баланы түсініп, оған қолдау беруіміз керек. Балиғат жасқа толған балаға намаз парыз дейді. Жоғары сынып оқушыларын жұма намазға жібермесек те, имамдармен келісе отырып, жұма күні сабақтан келген соң, намазын үйінде орындауға мүмкіндік алса. Мүмкін, жұма күндеріне дене тәрбиесі, еңбек сабақтарын соңғы жағына қойса деген де ойым бар. Менікі ой ғана. Білім саласының өз тәртібі бар, мектеп басшыларының өз шешімі бар. Жоғары сынып оқушылары ораза ұстаса, намаз оқуға көңіл бөле бастаса, ол жаман қасиет емес. Тек үнемі сөйлесіп, басқа ағымға, теріс топтарға қосылып кетпеуін қадағалаған артық болмас. Баланы егер ораза, намаздан тыйсаңыз, ол басқа нәрсемен шұғылданып кетуі мүмкін. Қазір, клей жұтып, тамырын тіліп жатқан, мектепте жыныстық қатынасқа түсіп кетіп жатқан жағдайлар аз ба? Оның бір себебі рухани мешеулікте, иман мен үйдегі ізгі тәрбиенің жоқтығында емес пе? Осы жағын да ойлана жүруге тиіспіз», – деді. Байзақтық ардақты ана Несіпкүл Байжанова: «Жоғары сынып оқушыларының ораза ұстауына, үйде намаз оқығанына қарсы емеспін. Бірақ, сабақтан қалып, жұма намазға барғандарын құптамаймын», – деп өз ойын жеткізді.
Әрине, қоғамда оқушылардың ораза ұстауына қатысты көптеген пікір бар. Облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бәтуа бөлімінің маманы Нұрсұлтан Зұлпықар маман ретінде өз пікірін білдірді. «Оқушы дегенде оның балиғатқа толған, толмағаны қарастырылады. Балиғатқа толған балаға ораза да, намаз да парыз. Ораза мен намаз әр адамға жеке-жеке парыз», деп шариғаттың қатаң талабын алдымызға көлденең тартты. Жамбыл аудандық мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев: «Жоғары сынып оқушыларына ораза ұстауда еш мәселе жоқ. Меніңше, оқу процесіне де кері әсер ете қоймас. Себебі, қарны аш кезде балаға білім тез қонады. Намазға да дұрыс көзқараспен қараған жөн. Намаздың сөздері – имандылық. Намаз – тәрбие құралы. Намаз оқыған бала ата-ананы сыйлау, үлкенді құрметтеу, жаманшылық жасамау, кішілерге қамқорлық көрсету секілді қасиеттерді жақсы біледі. Мектептегі білімге кері әсері болмайтындай етіп, оқушының оразасы мен намазын үзбеудің жолын табуға болады. Намаз бен ораза – жұрт шошитын нәрсе емес. Қазір сіз балаңызды ораза ұстама деп жолына бөгет болсаңыз, ол есейгеннен кейін де ораза ұстамай, жаман жолмен жүріп кетуі де мүмкін. Осыны ойладық па?», –деді. Ал, тараздық мектеп оқушысы Еркенұр Қуаныш: «9-сыныпта оқып жүрмін. Сабағымды да үздік оқимын, оразамды да ұстаймын. Ата-анам ұйқымның қанық болуын, тамағымның құнарлы болуын қадағалайды. Сондықтан, аузым берік болса да сабақ үстінде сергек отыра беремін», – дейді.
Бұл мақалада әртүрлі пікірлер айтылды. Біз бір жақты ғана пікірде болудан аулақпыз. Сөйлеген азаматтардың барлығының ойын құптауға болады. Дегенмен, мектеп өз алдына бөлек мекеме. Оның ішкі тәртібі, ережесі бар. Сол ережеге бағыну да – шарт. Заңға бағыну да – міндет. Қалай дегенде де мектеп партасында отырған оқушының бірінші міндеті – білім мен тәрбие алу. Осыны естен шығармағанымыз жөн.
Есет ДОСАЛЫ
Мектеп оқушылары арасында оразаның мән-мағынасын түсінбей, ауыз бекітетіндері баршылық. Оның ішінде 11-12 жастағы 5-6-сынып оқушылары да бар. Жас баланың организмі үйлестірілген тағам және қалыпты ұйқы болғанда өсіп дамиды, қалыпты жағдайда жетіледі.
Мектептерде ауызашар уақыты соңғы сабақтарға сәйкес келеді. Бұл оқушыларды оқудан алаңдатады. Ауыз ашамыз деп, асханаға барады.
Бұл жағдай мұғалімдерді де, ата-аналарды да алаңдатады. Мүмкін заңмен шектеу керек шығар, бірақ бұл баланың құқығын шектеу деп уәж айтатындар да табылар.
Осы орайда оразаның парызын балалар тұрмақ үлкендердің арасында толық түсінбейтіндер де кездеседі. Бір жеңгеміздің арықтау үшін ұстап жүрмін дегенін де естігенбіз. Сондай-ақ, ел аузынан:
Ораза-намаз тоқтықта,
Иманың кетер жоқтықта,
Үш күн қарның аш болса,
Сәлдең қалар боқтықта, –
дегенді де естідік.
Бұрынғы кезден үлкендер ораза уақытында бата-дұға тілеп отыратын Жаратушыдан. Оның өзінде таза қазақ тілінде.
Өткен ғасырдың басында құйрықты жұлдыздай ерте кеткен С.Торайғыровтың мына өлең жолдары ой салады.
Молдеке, сізге бір арыз,
Ауырмай астан қалғанда,
Өтейтінің қай парыз?
Аш жүр деп, Алла аяса,
Жарылқар еді кедейді,
Көпке бірдей қараса,
Жақсы жаман демейді.
Күнәдан адам қорықса,
Кісі ақысын жемейді,
Біреу жалшы, біреу бай,
Қай кезде, кім теңейді?
Сонымен сөзімізді қорыта келе мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің ораза ұстауына қалай қарайсыздар?
Есет Досалы