Әлеуметтің әлеуеті артып келеді

Тұрғындар ауызсудың да, көгілдір отынның да игілігін көруде

79

Тұрмысқа аса қажетті таза ауызсу, көгілдір отын халыққа қолжетімді болуы тиіс. Үкімет осы бағытта бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап, тиімді жүзеге асырып келеді. Облысымызда да кейінгі жылдары, әсіресе биыл елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен және газбен қамту бағытындағы жұмыстың бойына қан жүгірді.

Асыра сілтегеніміз емес, әсіресе биыл мемлекеттік бағдарламалар сыйлаған мол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, газдандыру бойынша бұрын-соңды болмаған зор жетістіктерге қол жеткіздік. Мәселен Қордай ауданы халқының биылға дейін тек 30 пайызы ғана табиғи газ тұтынып келсе, жыл соңында аудан тұрғындарының 95 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы берген мәліметке сүйенсек, Қордай ауданында ғана емес өзге өңірлерде де газбен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Облысымыздағы 371 елді мекеннің (халық саны – 1 136 222 адам) 192-сі (51,8 пайызы) табиғи газбен қамтамасыз етілген (841 мың адам немесе 74,1 пайыз). 2020 жылы 116 елді мекендегі 210 мың адамды табиғи газбен қамту үшін мемлекеттік бюджеттен 26 жобаға 14,1 миллиард теңге бөлінді. Бұған жеке-жеке тоқталар болсақ, Байзақ ауданында – 21, Жамбылда – 13, Шуда – 18, Жуалыда – 15, Таласта – 8, Т.Рысқұловта – 5, Сарысуда 14 елді мекенді, Жаңатас қаласын және «ЕвроХим-Қаратау» серіктестігінің химиялық кешенін, Қордайда 22 елді мекенді және жаңа биофармацевтикалық зауытын газбен қамту жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылмен салыстырғанда табиғи газбен қамту саласындағы жұмыстардың көлемі 2,2 есеге ұлғайды. Нәтижесінде 45 елді мекенде ауылішілік газ құбырларын тарту жұмыстары аяқталып, 95 мың адам биыл табиғи газбен қамтылмақ. Қалған 71 елді мекен (115 мың адам) бойынша тиісті жұмыстар 2021 жылға өтпелі. Жалпы келесі жылдың бірінші қаңтарына дейін 237 елді мекен (63,9 пайыз) немесе 936 мың адам (82,4 пайыз) табиғи газбен қамтылатын болады, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.
Яғни бір жылда облысымызда 45 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Егер дәл осы қарқында газдандыру жұмыстары жалғасса қалған 134 елді мекен кемі үш жылда табиғи газдың игілігін көреді.
Ауызсумен қамту бойынша да ауыз толтырып айтатындай нәтиже де, басқалар қызығатын табыстар да баршылық. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, 2020 жылы 50 ауызсумен жабдықтау нысанының құрылысына 18 миллиард теңге бөлініпті. «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 28 нысан және «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында 22 нысан іске асырылуда.
– Облыстағы 4 қалада 398 мың адам немесе 88,9 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ал елді мекендерде 530 мың адам (225 елді мекен – 61,3 пайыз) немесе 77,7 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.
Биыл 60 674 халық тұратын 38 елді мекен жаңа орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қол жеткізіп, қамту үлесі 252 ауылдық елді мекен (68,7 пайыз) немесе 560 288 адамды (82,2 пайыз) құрайтын болады. Жыл басынан бері 11 елді мекенде тұратын 30 494 адам орталықтандырылған ауызсумен қамтылып үлгерді. Қалған 27 елді мекен жыл соңына дейін қамтылады.
2021 жылы республикалық бюджеттен 18 нысанның (16 өтпелі нысан, 2 жаңа нысан) құрылысын жүргізуге 7,8 миллиард теңге қолдау тапты. 2021 жылдың қорытындысымен 13 елді мекен жаңа орталықтандырылған ауысумен қамтылатын болады, – дейді Құдайберген Нұрсерікұлы.
Ал қалған 103 елді мекенді және қалалардың қамтылмаған тұрғын алқаптарын 2025 жылға дейін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында кешенді жоспар әзірленіпті. Сонымен қатар сметалық құны 7,2 миллиард теңге құрайтын 9 жобаға сараптама қорытындысы алынған. Аталған жобалар 2021 жылғы республикалық бюджетті кезекті нақтылауда ұсынылатын болады.
Яғни елді мекендерді ауызсумен, табиғи газбен қамту мақсатында бір жылда атқарылған жұмыстар аз емес. Келешекке межеленген міндеттер тіпті көп. Ал ұзақ жылдар бойы көгілдір отын мен ауызсудың азабын тартып келген тұрғындардың бар тілеуі – облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан нәтижелі жұмыстардың жалғасуы.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ