Әлеуметтің әлеуетін көтерген жоба еді

39

Былтыр өңірде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» қанатқақты жобасы іске асырылған еді. Аталған жоба негізінде облыстың 10 ауданынан 11 ауылдық округ, 25 елді мекен, 8564 аула мен 11 кооператив несиеленген болатын. Жоба 2478 тұрғынды қамтыды.

Бес бағыт бойынша жүзеге асқан жоба ауыл тұрғындары үшін ең бірінші кезекте тірлігін тіктеудің таптырмас жолы болды. Ауылдарда үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, аулада мал және құс шаруашылығын дамыту, ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану, ауылшаруашылық кооперативтеріне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техни­каларды лизинг жүйесімен сатып алу, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу сияқты бағыттарда бірқатар жұ­мыс­ атқарылды. Бір сөзбен айт­қанда, әулиеаталық әлеуметтің әлеуеті кө­терілді.

Былтыр аталған қанатқақты жобаны қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінген. Атал­ған жобаны қаржыландыру «Еңбек» бағ­дарламасы аясында іске асырылған. Жам­был облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтың айтуынша, нәти­же­­сінде бес бағыт бойынша да өңірде жақсы көрсеткіш қалыптасты. Мәселен, 125,9 млн теңгеге 11 ауылшаруашылық кооперативі, 138,1 млн теңгеге 16 жылыжай қаржыландырылып, жалпы 6 млрд 905 теңгеге 44850 бас мал сатып алынды. Өңірде кондитерлік өнім өндіру, ет өнім­дерін өңдеп, шұжық шығару, ара балын өндіру, наубайхана ашып, нан өнім­дерін шығару, шырын өндірісін дамыту, сүт өнімдерін өндіру, көпжылдық шөптердің тұқымдарын сұрыптау сияқты кәсіп түрлері бұрынғыдан қарқынды дамыды. Орташа есеппен алғанда, округтерде шамамен 11,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Басқа бағыт­тар бойынша да аталған жоба өзінің өмір­шең­ді­гін көр­сет­ті. Ең бастысы, шаруамен жан бағып отыр­ған қарапайым ауыл тұр­ғындары үшін бұл жоба табысын арт­тырудың тап­тырмас жолы, кәсіп бас­тау­дың көзі бол­ды.

Шу ауданы, Жаңақоғам ауылдық округіне қарасты Көктөбе елді мекенінің тұрғыны Асан Данбаев аталған жоба аясында мемлекет тарапынан 4 млн теңге несие алып, оған 9 бас жылқы сатып алған. Бұл күнде шаруа ауласындағы жерін пайдаланып, малын бағып, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Сол сияқты Байзақ ауданынан жобаға енген Қостөбе ауылының бірқатар тұрғыны да бү­гін­де мемлекет тарапынан қолдау көріп, нәтижесінде төрт түлік малын өргізуде.

Бөлінген қаражатқа тірлігін тіктеп алған ауылдағы тұрғынның ешқайсысы да бүгінде мемлекеттен бөлінетін атаулы әлеуметтік көмек алмайды екен. Мәселен, Талас ауылының тұрғыны Шовкат Ша­му­ратов шұжық цехын ашу үшін 10 млн теңге алыпты. Кәсіпкердің ай­туынша, бү­гінгі таңда шұжық цехы то­лыққанды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қостөбелік Рустам Бакуридзе де қанатқақты жоба аясында отбасымен бірге аулада мал және құс шаруашылығын дамыту бо­йынша 3 млн 300 мың теңге несиеге қол жеткізген. Нәтижесінде 10 бұқа, 20 қой сатып алып, оны бүгінде 15 бұқа, 50 қойға дейін көбейткен.

«Жаз мезгілінде қанатқақты жобаның «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» атты бірінші бағыты бойынша кооперативтен тұқым алып, қияр ектік. Нәтижесінде, 1,5 тонна өнім алып, ол өнімдерді ауыл тұрғындарына, дүкен­дерге, үлкен сауда орталықтарына өткіздік», дейді ол. Сол сияқты өңірдің барлық аудан, ауылдарында тұрғындар қанат­қақты жоба аясында несие алып, көп­шілігі бүгінде мал асырап отыр. Жалпы, Жамбыл облысы ауыл шаруа­шы­лығымен айналысуға, мал бағуға қолайлы болғандықтан, көпшілігі осы кәсіп түрін таңдаған. Бұл бірінші кезекте ауыл халқының табысын арттырып қана қоймай, олардың өзін өзі жұмыспен қамтуына да жол ашып келеді.

Әрине өңірде жүзеге асып отырған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұр­мыс­тық табысын арттыру» жоба­сы­ның жұрт­шылыққа әлі де берері көп. Облыс әкім­дігінің мәліметіне сәйкес, аталған 5 ба­ғыт бойынша жалпы құны 46,4 млрд теңге болатын 31 мыңнан астам жо­баны іске асыру мүмкіндігі анық­тал­ған. Нәтижесінде, 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі екен. Сараптама бойынша бұл қазіргі табыс деңгейінен 3 есе артық. Жалпы, алдағы уақыттарда ауылшаруашылық өнімі 34 пайызға артып, ет пен сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі 30 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Алайда биылғы жылы аталған жобаны қаржыландыру жалғасын таппады. Қанатқақты жобаны қаржыландыруды сұрап, Парламент Сенатының Абдалы Нұралиев бастаған бірқатар депутатты Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған болатын. Үкімет басшысына жазған хатында депутаттар жобаның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын айта келіп, «Қанатқақты жобаның қаржыландырылуы 2020 жылы тоқтап қалуына байланысты, сізден аталған жобаның одан әрі іске асырылуына және «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы заңы­ның жобасына түзету енгізуді тиісті мем­лекеттік органдарға тапсырма беріп, жүзеге асырылуын сұраймыз», деген.

Депутаттардың айтуынша, жобаның екінші кезеңін одан әрі іске асыру үшін әрбір ауданнан қосымша 2 ауылдық округтен, барлығы 20 ауылдық округ іріктеліп алынған. Енді 3 631 жобаға 11,5 млрд теңге қажет. Ауыл­дағы көпшіліктің қазіргі кезде күн­көріс кө­зіне айналып отырған жобасы келесі жылы мемлекет тарапынан қайта қар­жы­ландырылса, әулиеаталық әлеу­мет­тің әлеуеті бұдан да арта түсетіні сөзсіз.

Ал облыс әкімінің орынбасары Берік Нығ­машевтің айтуынша, таңдалған округ­­тердегі 11,1 мың ауладағы ха­лық­тың жалпы саны 63,5 мың адамды құ­рай­ды. Бес бағыт бойынша жұмыс іс­тей­­тін жобадан күтіліп отырған нәтиже де жоғары.

– 3631 адам келесі жылдың қорытын­ды­сы бойынша айына 45,6 мың теңгеден 162 мың теңгеге дейін тұрақты табыс­пен қамтамасыз етілетін болады. 2022 жылы бұл табыс 2 есеге дейін ұлғаяды деп күтілуде. Ал 3631 тұрғынның әрқай­сы­сы жеке кәсіпкерге айналып, олар міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді төлейтін болады. Ауылдық округ­терде ауылшаруашылық саласы жал­пы өнімінің көлемі 2,2 есеге немесе 2,8 млрд теңгеден 6,1 млрд теңгеге дейін ұлғая­ды», дейді әкімнің орынбасары.

Ал аталған жоба іске асырылған аудан немесе ауыл бөлінісінде жоба­ның экономикалық тиімділігіне жа­сал­­­­ған талдауға зер салсақ, мұнда да тұр­­­ғындардың тұрмысындағы оң өзге­ріс­терді байқауға болады. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл жұмыссыздар саны 1129 адамнан 589-ға дейін азайды. Сол сияқты 589 жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұр­ғындар 32 пайызға азайды. Өзін өзі жұмыспен қамтыған 2238 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс атқа­ру­да. Қанатқақты жобаға енген ауыл­дар­дағы үйлердің іргесінен 7687,1 тонна кө­көніс өндірілді. Сол сияқты 191 дана ауыл­шаруашылық техникасы сатып алын­ған. Жалпы, бес бағыт бойынша да атқа­рылған жұмыстар нәтижелі.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ауы­л­­дықтарға көрсетіліп жатқан қол­дау түрлері көп. «Жамбыл облысы тұр­ғын­дарының тұрмыстық табысын арттыру» қа­натқақты жобасы – соның бір парасы. Биыл тоқтап қалған қанатқақты жоба­ға келесі жылы қаржы бөлініп, барлық бағыт бойынша жұмыстар қайта жанданса, тұрғындардың қол жеткізген та­быс­­тары бұдан да қомақты болатыны сөз­сіз. Бүгіннің өзінде мемлекет қолда­уы­ның нәтижесінде бір малын екі қылған ауыл­да­ғы ағайын алдағы уақытта да бұл іске бел шеше кірісуге дайын.

Жамбыл облысы

egemen.kz