Қарашадан бастап ескірген ауыл шаруашылығы техникалары қайта өңдеуге қабылданады
Қарашадан бастап ескірген ауыл шаруашылығы техникалары қайта өңдеуге қабылданады
«Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасын іске қоспақ. Бұл шаруаларға агроөнеркәсіп саласында еңбек етіп, жарамсыз жағдайға түскен жүздеген ауыр көліктерді тағы бір пайдаға жаратуға мүмкіндік береді.
Агротехникаларды қабылдау осы жылдың 2 қарашасынан басталады. Тозығы жеткен ауылшаруашылық техникасы жеңілдік сертификаттарына алмастырылады. Жеңілдік сертификатының құны агротехниканың түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланбақ.
Айталық, комбайн тапсырғанда техниканың зауытта шыққан салмағынан 50 пайыздан асатын болса (толық жиынтық) 2 млн. теңгеге жеңілдік сертификаты беріледі. Ал толық емес жиынтықтағы комбайндар үшін сертификат құны 1,5 млн. теңге болады. Сондай-ақ толық жиынтықтағы тракторлар үшін жеңілдік сертификатының мөлшері 1 млн. теңгені құрайды. Толық емес жиынтықтағы машиналар (шынжыр табанды немесе дөңгелекті) 560 мың теңгенің сертификатына қабылданады.
Жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған су жаңа ауыл шаруашылығы техникасын немесе елімізде шығарылған жеңіл, жүк және жолаушылар көлігін сатып алатын кезінде пайдалануға болады.
Айта кету керек, кез келген санаттағы отандық көлікті сатып алғанда жеңілдік сертификатын қолдануға және екі сертификатты біріктіруге болады. Сонымен қатар сертификатты басқа адамның атына тіркеуге мүмкіндік бар.