Экономика

Қаржы институттарымен онлайн кеңес өткізді

Қаржы институттарымен онлайн кеңес өткізді

Елдің әлеуетін арттырып, экономиканы жақсартуды көздеген тағы бір жиын табысты өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаржылық даму институттарымен онлайн кеңес өткізіп, онда облысымызда жүзеге асыруға көзделген бірқатар жобалар таныстырылды.

Әулиеата өңірі ауылшаршуашылық саласын дамытуға өте қолайлы. Одан өзге өндірісті де өркендетуге мүмкіндіктер жоқ емес. Алайда, жүзеге асырылмай отырғандары да баршылық. Осы мақсаттағы жұмыстарды ілгерілетуді негізге алған аталмыш кеңесте облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев бірнеше инвестициялық жобалар жайлы мәлімдеп, оларды жүзеге асыру үшін қаржыландыруды ұсынды. Бұл жобалардың жалпы құны 300,9 миллиард теңге. Олар – «Talas Investment Company» ЖШС цианид натрий зауыттың екінші кезеңінің құрылысы, кальциленген сода зауытының құрылысы, шоколад және желе кәмпиттерін өндіретін «MF Sweet» ЖШС, қант өндіретін «Kazsugar» ЖШС, индерландтық инвестор қатысқан «Тараз химиялық паркі» АЭА-на тіркелген «Фарм фритес Евразия» ЖШС-нің мұздатылған фри өндірісі, газ және тұрмыстық техникаларды шығаратын «Alima delux» жобалары. Алмас Өскенбайұлы аталмыш жобалардың өндірістік қуаттылығын, алдағы уақытқа жобалаған жоспарларын және қажетті қаржыларына да жекелеп тоқталып, таныстырды.

Бұлардан өзге осы кеңес отырысында өңіріміздегі өндіріс, құрылыс саласындағы өзекті мәселелер де талқыланды. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Айдар Әріпханов халықтың игілігіне негізделген жобаларды қолдауға қарсылық жоғын білдірді.

Басқосуда талқыланған мәселелер мен ұсыныс-пікірлерді зерттеп-зерделеуге арнайы жұмыс тобы құрылып, жоспарлардың жүйелі орындалуына жауапты тараптар нақтыланған жол картасы дайындалып, екіжақты меморандум жасалмақ. Халықтың ортақ мүддесін көздеген ілкімді істерді ілгерілетуге алғашқы қадам да осы жиында жүзеге асты.

 

Қ.Рахметуллина