Әулиеата дамудың даңғыл жолында

тіпті әлемдік пандемия да аймақтың әлеуетін әлсірете алмады

0

Әлемдік пандемия барлық елдердің экономикасына салқынын тигізгені белгілі. Тіпті «коронавирустық дағдарыс» тұрақтылықты теңселтіп, тұтас болмысымызды өзгертеді деп болжанған. Алайда еліміз тығырықтан шығар жолға жұрт болып жұмылып күш салды. Облысымыз да жыл басында межеленген міндет пен діттеген жоспарға жетуде аянған жоқ. Нәтижесінде өңір өндірісті бәсеңдетпей, негізгі салалар бойынша көшілгері басты. Осынау табысымызды таразылап, жетістіктерімізге көз жүгіртсек…

Экономикалық өсім – ел несібесі

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс сынды 6 негізгі сала бойынша экономикалық даму көрсеткіші 102,5 пайызды құраған. Нақтылап айтсақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 102,1 пайызды межелесе, ауыл шаруашылығы – 103,4, құрылыс жұмыстары – 149,1 және пайдалануға берілген тұрғын үй – 104,3 пайызға жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция 111,1 пайызды діттеп, 288,1 миллиард теңгені құраған.
– Әлемдік пандемияға қарамастан биыл экономикалық өсім мен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып отыр. Инфляция деңгейі жыл басынан 106,1 пайызды құраса, бұл республикалық орта көрсеткіштен төмен. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз болса, бюджеттік кіріс 370,1 миллиард теңгеге жетті.
Жыл басынан 1423-тен аса жұмыс орны құрылатын 40,6 миллиард теңгеге 15 жоба іске асырылды. Оның ішінде бүгінде 29,9 миллиард теңге тұратын 10 жоба аяқталып, 1,3 мыңға жуық жұмыс орны ашылып отыр.
Жалпы биыл облыста 39,7 мың жаңа жұмыс орны құрылып, 19,1 мың адам тұрақты жұмыс орнын таба білді, – дейді облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова.

Ауыл шаруашылығы саласы алшаң басуда

Биыл ауыл шаруашылығы бағытында да алшаң басқан тірлік көп. Игерусіз жатқан жерлер айналымға еніп, тың кәсіп түрлері де түрленуде. Мәселен, биыл пияз шаруашылығы облыстың брендіне айналды. Өңір пияз өндірісі бойынша республика көлемінде көшбасшыға айналып, ел аумағындағы өнімнің 75 пайызын берді. Ағымдағы жылы шаруалар 691 мың тонна пияз жинап, 41,2 мың тонна өнім алыс және жақын шет мемлекеттерге экспортталды. Алдағы уақытта көкөніс қоймаларын көбейтіп, жаңа технологиялар мен сорттарды енгізе отырып, өнім көлемін тағы өсіру көзделуде.
Сонымен қатар жыл ішінде егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайып, 735 мың гектарға жетсе, 817 мың тонна астық жиналып, әр гектардан 22,7 центнерден өнім алынған.
Бұдан бөлек егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында түркиялық компанияның қатысуымен таңқурай мен құлпынай шаруашылығы да мықтап қолға алынып, алғаш рет 835 гектарға қысқы рапс егілді.
Ал, қант қызылшасының өндірісі 133 мың тоннаға жетіп, 4,2 пайызға артып отыр. Қант өндірісін дамыту үшін қуаттылығы жылына 148 мың тонна өнім беретін кәсіпорын құрылысын 85 миллиард теңгеге «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Зауытты іске қосу 2023 жылға жоспарланған.
Биыл облыста картоп фриін өндіретін тың кәсіпорын да іске қосылуда.
– Облыста алғаш рет нидерландтық инвесторлардың қатысуымен «K-АГРО» холдингі құны 54 миллиард теңге тұратын картоп фриін кешенді өндіру зауытын салуда. Өндіріс орны жылына 70 мың тонна өнім шығармақ. Ал «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құс фабрикасының бірінші кезеңінің құрылысын аяқтауда. Жобалық құны 28 миллиард теңге болатын зауыт жылына 45 мың тонна өнім өндіріп, 150 адамды жұмыспен қамтиды.
Өңірде балық шаруашылығын жүргізуге арналған 121 су қоймасы бар. Шу және Талас өзендерінің учаскелерінде жасанды су қоймаларын құру үшін 24 оңтайлы нүкте анықталды. Таулы жерлерде форель өсіруге арналған 22 учаске анықталды. 2030 жылға қарай балық өндірісін 1,1 мыңнан 5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыста 400 тонна бал өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға артты, – деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте бұл бағыттағы жұмыстарды бір айқындап берді.
Сондай-ақ мал шаруашылығы бағытындағы көрсеткіштер де көңіл көншітеді. Мәселен, есепті кезеңде мүйізді ірі қара мал саны 415,8 мыңға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға артқан. Ал қой мен ешкі саны 3091,4 мыңға (4,5 пайыз), жылқы – 137,5 мың (10,4 пайыз) және құс саны 1 654,2 мыңға (3,2 пайыз) көбейіп отыр. Нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінен ет өндірісі (тірідей салмақта) өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға (113,2 мың тонна), сүт өндірісі 1,9 пайызға (301,6 мың тонна) және жұмыртқа өндірісі 2,5 пайызға өскен.
Жыл басынан бері өңірдің тауар өндірушілерімен барлығы 1168,7 тонна ет экспортқа шығарылса, оның 326,8 тоннасы сиыр, 485,4 тоннасы қой, 356 тоннасы құс және 0,5 тоннасы жылқы еті.

Құрылыс қарқыны көз қуантады

Облыста есепті кезеңде құрылыс та қарқынды жүргізілген. Осы таңға дейін 460,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өсім 7 пайызды құраған. Жыл соңына дейін 615 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарлануда. Сонымен қатар «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылысына 33,2 миллиард теңге бөлінген.
Ағымдағы жылы автожол саласын дамытуға 26,7 миллиард теңге қаралған болса, өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артқан. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 1346,1 шақырым жол салынып, жөнделген. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 85 пайыздан 90 пайызға артып, елді мекен көшелері 59,5 пайыздан 77,2 пайызға жаңалануда.
Жыл соңына дейін 39 елді мекендегі 84 мың тұрғын ауызсумен қамтылатын болса, ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 73,3 пайыздан 82,3 пайызға дейін өспек.
Газдандыруға келсек, жыл соңына дейін 45 елді мекендегі 120 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұған 14,1 миллиард теңге жұмсалатын болса, газбен қамтылған тұрғындардың саны 74,4 пайыздан 82,4 пайызға артады.

Міне, жүйелі жоспар мен тындырымды тірліктің арқасында облыс әлемдік пандемияға қарамастан әлеуетін әлсіретпеуде. Бұл ең бірінші тұрғындардың тұрмысын түзеп, өмір сүру жағдайын жақсартатыны анық. Енді келер жылға межеленген кемелді бастамалар күтіп тұр. Аймақ бұл бағытта да бағдарынан таймай, дамудың даңғыл жолында көпке үлгі көрсетеді деп сенеміз.

 

Саян ТІЛЕУЖАН

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.