«Ауыл аманаты»: электронды өтініш беру жобасы Жамбыл облысынан басталады
Бүгін пилотты жоба Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылды
«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін электронды ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Жоба пилоттық режимде Жамбыл облысынан басталады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Портал жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуды көздеген адамға тиісті өтінімді үйден шықпай-ақ, қашықтан беруге мүмкіндік туғызбақ.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қатысушыларға жеңілдетілген несие беру үрдісін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіруде. Олардың кеңселері облыс орталықтарында орналасқан. Бұл ретте шалғай жатқан ауылдардан келіп, өтінім беру ыңғайсыздық тудыруда. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзінше, әзірленіп жатқан портал өтінімді қабылдап қана қоймай оның қарастыру кезеңдерін қашықтан бақылап отыруға мүмкіндік бермек.
Электронды жүйені Жамбыл облысында пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр.