Ауыл – берекенің бастауы Өркенді ісі бар өңірде Өрнек ауылдық округі

0 104

Өрелі ісімен өрге ұмтылған Өрнек ауылының әлеуметтік-экономикалық жағдайына зер салсақ, өркендегенін байқаймыз. 1950-1951 жылдары төрт ауылдан біріккен бүгінгі округтің кескін-келбетінің ажарлануына, қарыштап дамуына, тұрғындарының тұрмыстық жағдайының жақсаруына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Үкімет, облыс, аудан басшыларының сара саясаты арқылы қол жетіп отыр.
Оған Өрнек ауылдық округінің әкімі Әзиз Мәнтеев атқарылған және атқарылатын тірліктері туралы айтып, дәлел келтіреді.

Бүгінде ауылдық округте көптеген тындырымды тірлік атқарылуда. Округіміз Өрнек ауылы және Жұма теміржол бекетінен тұрады. Округ аумағы 17854,3 гектарды құрайды. Ағымдағы жылдың есебі бойынша өңірде 2647 адам тұрады. 140 шаруа қожалығы 15848,1 гектар жерде тер төгіп жүрсе, егістік көлемі 4217 гектарды құрайды. Округте 293 зейнеткер, 111 көпбалалы ана, 73 мүмкіндігі шектеулі жан, 585 жас, әлеуметтік жәрдемақы алушы 20 адам бар.
Ауылды малсыз елестету мүмкін емес. Округ тұрғындарының 14942 қой-ешкісі, 1788 мүйізді ірі қарасы, 938 жылқысы жайылымнан өріс тапса, аула ішінде 2637 үй құсы жайылып жүр.
Округтегі 16 көшенің 8 көшесі асфальтталған, 8 көшеге қиыршық тас төселген. 3 көшеге түнгі мезгілде төңіректі жарық ететін электр жарығы орнатылған. Ауыл тұрғындарының ең қуанатыны, ауылға газ құбыры келіп жетті. Үйді-үйге көгілдір отынды кіргізу – келешектің еншісінде.
1967 жылы салынған Б.Тайшапұлы атындағы орта мектепте 455 оқушы білім алады. Мектеп 2012-2013 жылдары ағымды жөндеуден өткен. 2013 жылы ашылған типтік ғимаратқа орналасқан «Гүлдер» балабақшасында 9 тәрбиеші мен 20 техникалық қызметші 50 бүлдіршінді тәрбиелеуде. 1967 жылдан жастардың маман болып қалыптасуына №17 Жамбыл колледжі (бұрынғы СПТУ-21) қызметкерлері еңбек сіңіріп келеді.
Өрнек ауылындағы 40 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория төңіректегі үш ауылдың тұрғындарына қызмет көрсетсе, Жұма теміржол бекетінде 5 келушіге арналған медициналық пункт халық игілігіне берілген.
Ауылдық клубтың ғимаратына орналасқан кітапханада 7371 кітап қоры бар. Оқырмандар саны 270 адамды құрайды. Ауылда бір байланыс бөлімшесі, бір мешіт, бір ветеринариялық пункт, 10 спорт алаңы, бір клуб, 3 дүкен, 1 шаштараз жұмыс істейді.
Округ бойынша өзекті мәселелер де жоқ емес. Олар кезегімен шешімін табуда. Ең өзекті мәселе, интернет желісінің тартылуы болса, ол бүгінгі таңға шешілді. Мектепті күрделі жөндеуден өткізу мәселесі бойынша әзірленген жобалық-сметалық құжаттарды кешенді сараптамадан өткізуге аудан бюджетінен 2,5 млн теңге бөлінді. Күрделі мәселеге айналған егістік жерлерді сумен қамту бойынша 63,5 шақырымды құрайтын арнаны тарылту жұмыстары жүргізілуде. Ауызсуды қайта жаңғырту, электр желілері мен бағаналарын ауыстыру мәселелері күн тәртібінде тұр.
Әр салаға жеке-жеке тоқталсам, ауыл шаруашылығы бойынша бүгінгі таңда 140 қожалық тұрақты жұмыс атқаруда. Игерілмей жатқан жерлердің көлемін зерделеу барысында округ аумағында 787,44 гектар егістік жер анықталды. Оның ішінде 233,49 га жер суарылса, суарылмайтыны – 553,95 гектар. Сонымен бірге, барлық игерілмей жатқан жер учаскесі иелеріне аудан әкімінің жер инспекторы тарапынан жұмыстар жүргізілді. 12 мемлекеттік актіге тексеру ашылды.
Округ аумағында 2 инвестициялық жобаның жер телімдері белгіленді. Құны 1,5 млрд теңге қаражатқа «Көкжиек 2030» ЖШС 13 гектар аумаққа 600 басқа арналған сүт фермасын салу, 1,1 млрд теңгеге «Гуд Лук» ЖШС 38 гектар жерге жылына 5500 литр сүт және 300 мың тонна ет өндіру жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жасалуда.
2020 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға 22 азамат қайырылды, оның ішінде 20 отбасына мемлекеттік атаулы көмек тағайындалды. 2020 жылға әлеуметтік жағынан аз қамтылған Ғ.Мұратбаев көшесі, №10 үйдің тұрғыны көпбалалы әке Қуатбек Абишев «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспаналы болғалы тұр. 2020 жылға мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны – 90 адам. Округте 7 Алтын алқа, 13 Күміс алқа иелері бар.
Әскери қызмет бойынша Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес 2004-2005 жылдары туылған 80 азаматтың 38-і дәрігерлік тексеруден өткізілді. Көктемгі мезгілге берілген жасақ 4 адам болса, әскерге жөнелтілгені – 7 азамат.
Санитарлық тазалық жұмыстары бойынша округ аумағында «Мирас» шаруа қожалығы тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаумен айналысады. Оған 366 аула қамтылып отыр. Бізде ономастикалық жағдайға келсем, округте 15, Жұма теміржол бекетінде 1 көше бар. Барлық көшенің атауы қойылған.
Құқық бұзушылық саласында ауылдық округте Жамбыл аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің 1 учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. 2020 жылы қылымыс тіркелген жоқ.
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың өткен 7 айда орындалуы туралы айтарым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша кіші футбол алаңын ағымды жөндеуге 3 млн 920 мың теңге қаралды.
Салық төлемдерінің орындалуы мен бюджеттің игерілуі туралы айтсам, 2020 жылы бюджет қаражатының жалпы жылдық сомасы 159628 мың теңгені құрады. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша Өрнек ауылы көшелерін жарықтандыруға, орта жөндеуге бюджеттен 18400000 теңге бөлініп, конкурс жарияланған.
Спорт саласы бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмысқа тоқталсам, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2020-2025 жылдар аралығында Өрнек ауылы негізгі елді мекен санатына енуіне байланысты құны 140 млн теңгеге спорт кешенін соғу жоспарлануда. Жұма теміржол бекетіндегі кіші футбол алаңының және Өрнек ауылындағы гимнастикалық кешеннің (стритворкаут) жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджет нақтылауына жіберілді. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Өрнек ауылындағы кіші футбол алаңшасы 3 млн 900 мың теңгеге күрделі жөндеуден өтеді.
Басқа да тиянақталған тірліктер мен атқарылатын жұмыстар жетерлік. Барлық жобаның жүзеге асатынына сенемін.

Әзиз Мәнтеев,
Өрнек ауылдық округінің әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.