Аймақтағы электр энергиясының үштен бірін «жасыл» электр станциялары қамтамасыз етпек
Аймақтағы электр энергиясының үштен бірін «жасыл» электр станциялары қамтамасыз етпек
Инвестициялық жобалардың арқасында үнемі энергия тапшылығын көріп отырған аймақтың энергетикалық тәуелсіздігі арта түспек. Жыл басынан бері өңірде құны 25,7 миллиард теңгені құрайтын жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішіндегі екі жоба – жалпы қуаты 9 МВт болатын «Wind Power city» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Wind Electricity» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жел электр станцияларының құрылысы. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтып берді.
– Жалпы алғанда, осы жылы облыста қуаты 133,8 МВт болатын, құны 54,5 миллиард теңгені құрайтын баламалы электр қуатын өндіретін төрт жоба жүзеге асырылуда. Жобалар аяқталғаннан кейін жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 403,65 МВт-ты құрайды. Нәтижесінде олардың үлесі өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінің 30 пайызына дейін артады, – деді аймақ басшысы.
Электр энергиясын өндіруді арттыру – бұл өнеркәсіптік өндіріс пен тауарлық кәсіпкерлікті дамытуға қарқын қосып, алға ұмтылып жатқан аймақ экономикасының маңызды құрамдас бөлігі. Мәселен, тек «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 73 миллиард теңгенің 147 жобасы мақұлданды және 49,1 миллиард теңгеге 136 жоба несиелендірілді.
– Биыл 368 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған, есепті кезең бойынша 255 миллиард теңге тартылды, – деді облыс әкімі.
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімі 102,1 пайызды құрады.
Спикер сондай-ақ Жамбыл облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша қарқынды өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Айталық, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 пайызға (408,2 миллиард теңге), ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға (332,6 миллиард теңге), құрылыс 39,5 пайызға (129,7 миллиард теңге), тұрғын үй пайдалануға беру 7 пайызға (460,3 мың шаршы метр) өсті.