Қазақстанда 7 пайыздық жаңа ипотекалық бағдарлама қашан басталатыны белгілі болды
Қаржыландырудың жалпы сомасы – 300 миллиард теңге
Президент Ұлттық құрылтайда тапсырған жаңа тұрғын үй бағдарламасы 1 мамырда іске қосылады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Оның айтуынша, осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін қазір «Отбасы банк» 300 миллиард теңге тартып жатыр.
Министр «Отбасы банк» бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын және ипотеканы бөлу тұрғысынан өзін жақсы көрсете білгенін атап өтті. Сол себепті жеңілдетілген автокредитке 18 секунд ішінде өтінім қабылдау сияқты оқиға бұл бағдарламамен қайталанбайды деп сендірді шенеунік.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен ұлттық құрылтайда өңір тұрғындары үшін жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ Тоқаев үкіметке сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді тапсырды.