Экономика

Бағдарлама жастарды жұмыссыз жүргізбейді

Бағдарлама жастарды жұмыссыз жүргізбейді

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында Байзақ ауданында  биыл  4 397 тұрғынды тарту көзделген болса,  есепті кезеңде  4 597 адам қамтылып, жоспар 104,5 пайызға орындалған, – деп хабарлайды Jambylinfo.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша ауданда 29 азаматтың техникалық және кәсіптік білім алуына жағдай жасау, 38 тұрғынды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу жоспарланған. Қысқа уақыттағы курсқа жолдама алған 38-дің 13-і қазіргі кезде оқуларын аяқтап, жұмысқа орналасқан. Ал, сұранысқа ие кәсіпті меңгеруге бел буғандардың 25-і онлайн оқу режімінде гидропоникалық әдіспен «Көкөніс өсірушісі» мамандығын игеруде. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздеген бағыттың бір тиімділігі – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша әр азаматқа кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге мүмкіндік берілетіні. Бизнестегі ең негізгі қағида – бәсекелестеріне төтеп беру. Ол үшін ішкі нарықты, өнімдерге деген сұраныс қаншалықты екенін білу керек. Жоба курсқа қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына оқытуға, сондай-ақ, олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. Биыл 419 адамға осы жоба аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге мүмкіндік беру жоспарланған. Оларға берілген несиенің көлемі 670,4 миллион теңгені құрап, 180 адамға ұсынылды. Несие жоспарындағы 175 адамға қаралған қаражаттардың жалпы сомасы 677,3 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ, 689 тұрғынға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (555,6 мың теңге) грант беру көзделген. Бүгінге дейін соның 673-і грант ұтып алып (373,9 миллион теңге аударылды), жыл соңына дейін қаралған қаражаттарды толық игеру үшін жұмыс жүргізілуде.

Қаржылай қолдауға ие болғандардың 33-і – жеке кәсіпкер, 640-ы бірыңғай жиынтық төлеушілер ретінде тіркеліп, салық төлей бастады әрі сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне енді. Қазір мал бағып, жер өңдеп, табыс табамын дегендерге мүмкіндік мол. Бұл үшін арнайы жобалар қабылданған. Биылдың өзінде «Еңбек» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының 853-і осы бағдарламаның игілігін көріп, кәсіптерін ашқан. Оларға мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ, қызмет көрсету жобаларын қолдау үшін жеңілдетілген несие берілген.

«Еңбек» бағдарламасынын бөлек, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Аталған бағдарлама аясында әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын және инженерлік-көлік инфрақұрылымдарын жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осыған орай, ауданға  1053 азаматты жалақысы кемінде 85 мың теңгені құрайтын жұмыс орындарына орналастыру міндеттелген. Қазір жұмыссыздардың 1058-і жұмысқа тартылса, жоспарлы көрсеткіш 100 пайыздан асқан.