Экономика

Бақылау болмаса, берекесіздік жайлайды

Бақылау болмаса, берекесіздік жайлайды

Күрең күз ортасынан ауып, әлсін-әлсін «кәрі құда» қыстың хабары сезіле бастады. Енді көзді ашып-жұмғанша қақаған аяз бен түтеген бораны көп күндер де келері күмәнсіз. Ал өңірдің қысқа дайындығы қалай? Қыста қысылмас үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Әсіресе жолдарды қысқы кезеңге дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан да облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен аппараттық кеңесте облыстағы автожолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау мәселесі күн тәртібіне шығарылды.

ТҰЗ ТАПШЫ, ҚҰМ ҚАТ ДҮНИЕГЕ АЙНАЛҒАН БА?

Облыста жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың ұзақтығы – 3175 шақырымды (облыстық маңызы бар – 1987, аудандық маңызы бар – 1188 шақырым) құрайды. Ағымдағы жылдың 8-10 қазан аралығында облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жергілікті маңызы бар жолдардың қысқа дайындығына зерделеу жұмыстарын жүргізіпті. Жалпы жергілікті маңызы бар жолдарды 2020 жылдың қазан-қараша айларында қысқы күтіп-ұстауға 173,7 миллион теңге бөлініп, 22 мердігерлік ұйым тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда мердігерлермен 196 бірлік жол техникалары мен жабдықтар, 6280 тонна құм (жоспар –11 380 тонна), 1123 тонна тұз (жоспар – 1545 тонна) дайындалған. Сондай-ақ қыс мерзімінде 78 жылу пункті және 16 өндірістік база қызмет көрсетеді.

Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға 72,7 миллион теңге қаралып, 12 мердігерлік ұйым тартылған. Жоспардағы 4550 тонна құмның 3410 тоннасы (74,9 пайызы), 515 тонна тұздың 488 тоннасы (94,7 пайыз) дайындалған. Мердігер ұйымдар тарапынан 118 бірлік жол техникалары мен жабдықтарды жұмылдыру көзделген.

Сонымен қатар аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына 101 миллион теңге қаржы қарастырылып, 9 мердігер тартылған. Зерделеу барысында бірқатар аудандарда кемшіліктер орын алған. Мәселен Қордай ауданы бойынша қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына қаржы бөліп, мердігер анықтау жұмыстары әлі күнге жүргізілмеген. Салдарынан қажетті инертті материалдар жинақталмаған. Ал Мойынқұм ауданында автожолдарды қысқы күтіп-ұстауға мемлекеттік сатып алу конкурсы баға ұсыну тәсілімен жүргізіліп, жеңімпаз болып Алматы қаласының «Галакси трейд ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылған. Аталған серіктестіктің мүмкіндігі қандай, қажетті техникасының бар-жоғы белгісіз. Осы орайда облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков аталған мердігердің аудандық маңызы бар автожолдарды өз деңгейінде күтіп-ұстау жұмыстарын атқаруы алаңдатып отырғанын жеткізді. Сол секілді Талас, Шу, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарында жоспардағы инертті материалдар (құм, тұз) толық дайындалмаған. Бақытжан Оразалыұлы қажетті инертті материалдар қорын бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 25 қазанына дейін 100 пайыз дайындау керектігін айтты.

 Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Өмірзақ Ерембаевтың сөзіне сүйенсек, республикалық мәні бар автожолдарды (ұзақтығы – 707,5 шақырым) күтіп-ұстауға қажетті техникалардың дайындығы – 97, тайғақтыққа қарсы материалдардың дайындығы – 88 пайызды құрайды. Облыстық филиал тарапынан жыл және тәулік бойына кезекші-оператор (8-777-783-63-04) жұмыс жасауда. Барлық автожол учаскелері мен асуларға жауапты қызметкерлер мен жол техникалары бекітілген. Сонымен қатар республикалық мәндегі жолдарды күтіп ұстауға 63 бірлік техника жұмылдырылатын болады. Қосымша «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 12 бірлік жол техникасын жалға алуға келісімшарт жасалыпты.

Қар басып қалу қаупі бар жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайды екен. Қордай, Жуалы аудандарындағы қауіпті учаскелерге темір-бетонды қар ұстайтын қоршаулар орнатылған.

Ал облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бахыт Ратаев қыста облыстың автожолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Жалпы Бахыт Тілеулесұлының айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында облыстың автожолдарында 660 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 107 адам қаза тауып, 1 мың 9 адам жарақат алған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік құралдары жүргізушілерін ақпараттандыру мақсатында облыстың автожолдарында 4 мың 759 жол белгілері орнатылған.

– Өткен жылдардағыдай республикалық, жергілікті маңызы бар автожолдарды және шаһар көшелерін қардан тазалау жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуінің негізгі себебі – қажетті техникалардың (грейдер мен құм шашқыштардың) жетіспеушілігі. Әсіресе қалың қар жауған кезде үлкен қиындықтар туындайды. Негізі жол нормативтеріне сәйкес І техникалық санаттағы жолдарды 2 сағат ішінде (қар жауған немесе бұрқасын тоқтаған сәттен бастап) және ІІ техникалық санаттағы жолдарды 4 сағат ішінде қардан тазарту қажет. Алайда техниканың жетіспеуінен жол нормативтері орындалмайды және полиция департаментінің қызметкерлері қар тазалау іс-шаралары аяқталғанға дейін 10-12 сағат бойы көлік қозғалысын жабуға мәжбүр. Сондықтан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  барлық жауапты мекемелер жүру бөлігін тазалау және себу жұмыстарын уақытылы және жедел жүргізуін бақылауға алсын. Қар тазалағыш және жол техникасының қажетті санын сатып алуды, сондай-ақ жүргізушілердің кезекшілігін екі ауысымдық режимде тәулік бойы ұйымдастыру керек. Ең маңыздысы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жергілікті атқарушы органдар, автожолдарды жапқан кезде көлік құралдары жиналатын орындарға уақытында келіп, жүргізушілер мен жолаушылар үшін тамақтану және демалыс орындарын ұйымдастыруды ұсынамыз, – деді Бахыт Ратаев.

Сол секілді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мақсат Амантайұлы ағымдағы жылы барлық аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі бір-бір жол талғамайтын көліктермен қамтамасыз етілгенін, жалпы маусымға дайындық жоғары екенін тілге тиек етті.

Кеңеске онлайн режимде қатысқан Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет пен Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев басқарма мамандары зерделеу барысында анықталған кемшіліктер жойылғанын баяндады.

ЖАРҚЫН ЖОБАНЫҢ «ЖОЛЫ БАЙЛАНБАСЫН» ДЕСЕК...

Кеңесте қаралған екінші мәселе – «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының» жүзеге асырылу барысы. Жарқын жобаның 5 бағыты бойынша 8471 миллион теңге несие қаражаты игерілген. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 7 200 миллион теңгеге 2,5 пайызбен 2489 өтінім қаржыландырылған. Сол секілді «Атамекен-Тараз» микроқаржы ұйымы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларына 1271 миллион теңге несие қаражаты 5 пайызбен қаржыландырылған.

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша жалпы 7856 ауланың 932 гектар жері игеріліп, 1,1 миллион теңгені құрайтын 7,7 мың тоннаға жуық көкөніс және бақша өнімдері өндірілген. Сонымен қатар жоба аясында он жылыжай іске қосылып, ағымдағы жылы 136 тонна өнім жиналған.

Мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағыты бойынша 2454 несие алушыға 6,9 миллиард теңге беріліп, 45 032 мал сатып алынған. Пилоттық округтерде 2019 жылмен салыстырғанда жалпы мал басы 39,5 мың басқа немесе 124 пайызға артқан.

Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану бағыты аясында жоспарға сәйкес 10 113 гектар жерді игеруге қажетті сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу үшін 230,1 миллион теңгеге өтінім түсіп, айналым қаражаты қаржыландырылған.

Ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу бағыты бойынша жаңадан пилоттық ауылдық округтерде құрылған 11 кооперативке 191 дана ауыл шаруашылығы техникаларын лизинг жүйесімен сатып алуға 1 миллиард 6 миллион теңгеге несиелендірілген.

Пилоттық жобаның бесінші бағыты – жеке кәсібін ашу жұмыстары бойынша 12 ауыл тұрғындарына 64,68 миллион теңге қаражат беріліп 7 жоба іске қосылған.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Амановтың айтуынша, жоба жемісті жүзеге асырылып, нәтижесінде жұмыссыздар саны 1129 - дан 589 - ге дейін азайған. Жаңадан 589 жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар 490-ға немесе 32 пайызға кемісе, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 640 адамға (35 пайыз) төмендеген.

Сонымен қатар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Олжас Қаржауов баяндама жасап, корпорация тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Ал пилоттық бойынша құрылған жұмысшы топтың жетекшісі Мұратхан Шүкеев зерделеу барысында анықталған кемшіліктерге басымдық берді.

– Біріншіден, кооператив мүшелері белсенді түрде жұмыс жасамайды. Қазіргі таңда кооператив төрағалары ғана мүмкіндігіне қарай тірлік жасауда. Сонымен қатар кооперативтерде бухгалтерлік есеп жүргізілмейді. Тағы бір маңызды мәселе  – кооператив төрағаларының біліктілігі. Бүгінгі таңда он бір кооператив төрағаларының бір-екеуін ғана білікті маман деп айта аламын. Сондықтан барлық кооператив төрағаларының жұмысына мән беру керек. Төраға етіп сайлай салғаннан жұмыс жүрмейді. Егер басшы білікті, жан-жақты маман болмаса жақсы нәтиже күтудің керегі шамалы,–деді М.Шүкеев.

Кеңесті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады.

 – Аудан әкімдіктері қажетті инертті материалдар қорын ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін 100 пайыз дайын болуын және жабық бастырмаларда сақтауды қамтамасыз етсін. Тараз қаласы және аудан әкімдіктері барлық жолдарға қыс маусымында қойылатын уақытша жол белгілерін орнату керек. Сонымен қатар қыс мерзімінде тәулік бойы кезекшіліктікті ұйымдастырсын. Ұлан Еркінұлы, автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы нашар. Арнайы іс-шаралар жоспарын бекітіп, жұмысты күнделікті бақылауға алу қажет.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да олқылықтар көп. Ауыл шаруашылығы басқармасына осы пилоттық жоба іске қосылғанда штаттық кестесін арттырды (17 қызметкер). Алайда нәтиже де, бақылау да жоқ. Он жеті маман не істеп отыр?! Кемшіліктерді аудандарға жаба беруге болмайды. Қадағалаушы ауыл шаруашылығы басқармасы, ал қаржы беруші «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.

Сіздердің тараптарыңыздан бақылаудың жоқтығынан кемшіліктер орын алып отыр. Облыс әкімінің орынбасарлары өздеріңізге қатысты салалар бойынша айтылған мәселелерді бақылауда ұстаңыздар,–деді Бердібек Машбекұлы.