Экономика

Былтыр Astana Hub-та 1400 IT-компания 400 млрд теңге табыс тапқан

ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өскен

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов ЭКСПО павильонында болып, Astana Hub технопаркінің цифрлық инфрақұрылымын аралады, стартап-жобалармен танысты, деп хабарлайды jambylinfo.kz Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Astana Hub қатысушылары үшін қолайлы экожүйе құрылды. Қазақстанда сатылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің айналымы бойынша КТС, ЖТС және қосылған құн салығын төлеуден босатуды көздейтін арнайы салық режимі түріндегі преференциялар қолданылады. Сондай-ақ IT-компаниялар жұмыс орындарымен және серіктестік бонустармен қамтамасыз етілген. Аталған мемлекеттік қолдау шараларының барлығы оларға үнемделген қаражатты жобаларды дамыту және ілгерілету үшін қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Бүгінде Astana Hub-та өткен жылы 400 млрд теңге табыс тапқан 1400 IT-компания бар.

Сондай-ақ Үкімет басшысы оқытушының қатысуынсыз және дәріссіз 01EduSystem Француз әдістемесі бойынша өзара оқыту қағидаттарына негізделген, Орталық Азиядағы алғашқы ALEM ІТ-бағдарламалау мектебіне барды. Оқу процесі дарынды студенттердің бір-бірімен жобалары мен өзара қарым-қатынасына негізделген. Қазіргі уақытта Alem-де жергілікті және халықаралық компаниялар мен стартаптарда жұмыс істейтін 900-ден астам түлек бар.

Alaqan стартапы – контактісіз төлем жүйесі: транзакцияларды биометрия технологиясын қолдана отырып, алақан тамырларын тану арқылы жүзеге асыруға болады. Отандық жоба 2020 жылдан бері нарықта және бүгінде үш өнімге ие: Alaqan Pay, Alaqan Mektep және Alaqan HR. Alaqan жүйесінде 100 мың белсенді пайдаланушы, айына 1,2 млн сәйкестендіру және $300 мың  инвестиция көлемі бар. 
Кремний алқабында акселерациядан өткен жоба Қазақстанда мектептердің бірінде сәтті қолданылуда. Әзірлеушілер стартапты елде және шетелде одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда отандық әзірлемеге Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Түркия елдері қызығушылық танытып отыр, оны 500 емханаға орнату жоспарлануда.

ЖИ саласындағы тағы бір жаңалық – Arlan Biotech. Стартап жасанды интеллектінің көмегімен наноденелер жасауға арналған. Жоба медицина мен фармацевтика саласы үшін маңызды жаңалық болды. Наноденелер диагностикалық тест жүйелерін құруда, сондай-ақ онкологиялық және аутоиммунды ауруларды зерттеу және емдеу процесінде қолданылады.

Сонымен қатар Премьер-Министрге Car Parking Multiplayer жобасымен әлемге танымал, мобилді ойындар әзірлеу бойынша қазақстандық O’games студиясының жұмысы таныстырылды. Бүгінде ойын Азия, Еуропа және Америка елдерінде 100 млн-нан аса жүктеп алынған. Сондай-ақ Қазақстандағы Playrix мобилді ойындар әзірлеуші компанияның жобалары таныстырылды. Playrix мобилді ойындарды дамыту саласындағы әлемдік көшбасшы, компанияның өткен жылғы табысы $2,8 млрд-ты құрады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында біздің маңызды стратегиялық міндетіміз Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру екенін баса айтқан еді. 

Сондай-ақ ол Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс екенін де айтты.