Облыста дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

Бақылау

0

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз қаласындағы өкілдігінде және өңірдегі ірі дәріханалар желілерінің бірі «Әмір және Д» компаниясының жаңадан салынып жатқан өндірістік кешенінде болды.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев «СК-Фармация» ЖШС-нің облыстағы өкілдігінде болып, дәл қазіргі жағдайдағы қат дүниеге айналған нағыз керекті дәрі-дәрмектердің жеткізілу, тарату барысы жайлы ақпаратпен қанықты.

Серіктестік өкілдігінің басшысы Айжан Тортаеваның айтуынша, қазір өткен айлардағыдай дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Препараттар қоры жеткілікті. Бекітілген кесте бойынша дәрілер діттеген жеріне жеделдетілген жолдармен жеткізіп жатыр екен.

Сондай-ақ Ержан Жылқыбаев «Әмір және Д» дауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз қаласында орналасқан фармацевтикалық мақсатта өнім шығаратын сақтау қоймалары бар өндірістік кешенін аралап, құрылыс барысымен танысты. Серіктестік директоры Қарлығаш Қаймолдаева Е.Жылқыбаевқа кешен жайлы айтып берді.

Бұл кешен – «Әмір және Д» дауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы 2019 жылғы 27 ақпандағы медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімді келісімшарты аясында жүзеге асып жатқан жоба.

Фармацевтикалық мақсаттағы қоймалары бар бұл өндірістік кешен құрылысының жалпы құны 2,2 миллиард теңгені құрап отыр. Аумағы атшаптырымдай болатын өндіріс орнының алып жатқан жері 7000 шаршы метрден асады.

– Екі жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстарын бұйыртса биыл қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Зауыттың жоспарланған өндірістік қуаты жылына 15 миллион экспресс-тест, 1,5 миллиондай бақылау ерітіндісі және шамамен 50000-дай зарарсыздандыруға арналған орама шығарады. Яғни бұл өнімдердің қаржылық әлеуеті жылына шамамен 3,42 миллиард теңгені құрайды, – деді Қ.Қаймолдаева.

Жаңа өндірістік кешен іске қосылғанда мұнда 200-ден астам жұмыс орны құрылмақ. Оның елуі – өндіріс цехындағы жаңа жұмыс орны.

Бұл кешен іске қосылған жағдайда жергілікті бюджетке 150 миллион теңге көлемінде жылдық салық төлемдері түсуі мүмкін.

Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.