Егіс алқабындағы қызу тірлік

0 125

Жуалы ауданының шаруа қожалықтары ақ егіске орақ салып, егін-жайды жинауға кіріскеніне бір айдың жүзі болды. Шаруалар алқаптардағы егінді уақтылы жинап алу үшін білек сыбана жұмысқа кірісіп, қамбаларын дәнге толтыруда. Егін-жинау науқанына Шақпақ ауылдық округі де атсалысып, аталған елді мекенде күздік бидай  310 гектарға егіліп, қазіргі таңда оның 285 гектары орылған. Орташа өнім гектар берекелдігі 21 центнерден айналуда. Ал, көктемде арпа 1808 гектарға егіліп, оның 1700 гектары ораққа түскен. Арпаның өнімділігі гектарына 17,9 центнерді құрап отыр. Ауылдық округтегі мұндай қызу тірлік Шақпақата ауылындағы «Арна» шаруа қожалығында жүріп жатыр.

Газетіміздің кезекті жаңа санына репортаж дайындау мақсатында алдымен аталған шаруа қожалықтың төрағасы Тұрғын Дүйсебаевпен телефон арқылы хабарласып, шаруа қожалықтың жұмысы туралы сұрастырып, аз-кем тілдестік.

 -«Арна» шаруа қожалығы 2000 жылы құрылған. Шаруа қожалықтың иелігінде 600 гектар жер бар. Оның ішінде 160 гектарға күздік бидай, 160 гектарға арпа, 100-120 гектардай мақсары егілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтың 40 гектар жоңышқа, 80 гектар эспарцет, 70 гектар шабындық шөп, 80 гектар жайылым жерлері бар. Ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті, яғни үш комбайн, бір К-700, төрт «Беларусь» тракторы және өзге де техникаларымыз бар. Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармайды да алып отырмыз,- деген шаруашылық басшысы қожалықта 12 адамды жұмыспен қамтып отырғанын да атап өтті.

-Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы университетімен тікелей келісімшартқа тұрғанбыз. Егістік алқаптарына элита, суперэлиталы бидай тұқымдарын егіп, жоғары сұрыпты өнім шығарамыз. Жаңа сұрыпты бидай аламыз. Жиналған астықты аудандағы өзге шаруашылықтарға және көрші облыстарға саудалаймыз. Бидайдың тұқымдары бізге тікелей Алматы қаласынан келеді. Биылғы жылы «Богарный-56» және «Стекловидный-24» тұқымды күздік бидайды егіп, бүгінгі күні егістікке орақ түсуде. Егістік басында жұмысшылар жұмыс істеп, жиын-терімнің уақтылы аяқталуына атсалысуда. Жұмысшылардың жалақысы уақтылы төленіп, оларға қосымша жем-шөп те берілуде. Түскі астарын да қамдап, алаңсыз жұмыс істеуге жағдай жасалуда, — дейді аталған шаруа қожалық төрағасы Т.Дүйсебаев.

Шаруашылық төрағасымен тілдескен соң, Шақпақ өңіріне қарай бет алдық. Мақсатымыз егін алқабындағы жұмысшылармен тілдесіп, егіннің жай-күйін көру. Жолай шаруалардың егістік басындағы орылған астықтан қалған сабан шөмелелері көрінеді. Осылайша Шақпақата ауылына жетіп, «Арна» шаруа қожалығының иелігіндегі егістік алқабына қарай жүрдік. Ауыл ішінде алқапқа қарай жүйіткіген тракторлар, қайнаған тірлік, ауыл тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігі байқалады.

Ауыл сыртында тау етегінде орналасқан алқапта бір комбайн, екі «ЗИЛ» жүк көлігін байқадық. Алқапта егін ору жұмысы басталып кеткен екен. Осылайша діттеген жерімізге жетіп, жұмысшылармен сөйлесуге мүмкіндік туды. Осы шаруашылықта бір жылға жуық «ЗИЛ» көлігін тізгіндеп жүрген Бақтыбек Бектенов күнделікті таң атысымен кеш батқанға дейін егіс алқабында жүретіндерін айтады. Жанар-жағармайды аудан орталығынан комбайншыларға жеткізіп, қамбаға дән тасиды екен. Мұндағы еңбеккерлердің бірбірлерінің көңілін тауып, әзілдері жарасып, еңбекпен жақсы күндері өтіп жатқанын да байқадық.

Сонымен қатар, шаруа қожалықта ұзақ жылдар бойы Ержан Таңатов газбен дәнеркелеуші болып жұмыс істейді.

Комбайнның тілін жақсы меңгерген азаматтар бұзылған техникасын жөндеу үстінде. Шаруашылықтағы комбайнның бірін Нұрмахан Дүйсебаев, бірін Берікжан Байырбеков жүргізеді.

-Әкемнің ісін ағалы-інілі болып жалғастырып, осында еңбек етеміз. Егінге орақ салғанымызға бір айдың жүзі болды. Маусым айының соңғы апталарында алқапқа келіп, жұмысты бастадық. Арпа, бидайдан 200 гектардайы орылды. Әлі де орылатын егініміз бар. Екі комбайнмен екі жақта егін орамыз. Қазір мына 40 гектарда «Стекловидный-24» тұқымды күздік бидайдың 15 гектары орылды. Енді алдағы уақытта қалғанын аяқтаймыз деп отырмыз. Одан кейін таулы жерге егілген бидайға орақ саламыз. Орылған өнім шаруашылықтың қамбасына төгілуде. Бұл шаруашылықтан бөлек өзге де шаруаларға көмектесіп, астықтарын жинауға күш салдық, — дейді Н.Тұрғынұлы.

Ал, Б.Байырбеков: «Биылғы жылы бидайдың жаңа тұқымдары «Богарный-56» және «Стекловидный-24» тұқымды күздік бидайларды орудамыз. Өнім орташа. Оған ауа райының ыстығы мен жауын-шашынның аздығы әсер етті. Жыл сайын бұдан кеш басталатын орақ биыл көршілес аудандармен бірдей басталып отыр. Бидай ерте пісті. Барлығын уақтылы жинап алу керек. Өткен жылы «Наз» деп аталатын бидай тұқымын егіп, гектарына 45 центнерден өнім алған болатынбыз. Ал, биыл «Стекловидный-24» тұқымды бидайдың гектарынан 35 центнерден, «Богарный-56» тұқымды бидайдан 30-35 центнерден өнім алудамыз. Ақ егісті жинап алуды он күннің ішінде бітіруді жоспарлап отырмыз»,- дейді.

«Арна» шаруа қожалығының ұйымдасқан жүйелі тірліктеріне қарап еріксіз сүйсіндік. Ретін тауып, ісін оңға бастырып отырған мұндай шаруашылықтардың жұмысында әрдайым ырысберекенің болары анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.