Электронды сауданың серпін алар сәті туды
Электронды сауданың серпін алар сәті туды
Қазіргі таңда онлайн сауда ұғымы ешкімге таңсық емес. Керек дүниеңізді ресми сайттан қарап, таңдау жасайсыз. Төлемді де ешқайда бармай-ақ, онлайн режимде төлеудің барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Әсіресе коронавирустық инфекцияның таралуынан туындаған пандемия кезінде осы әдіс сатушыға да, сатып алушыға да тиімді жүйеге айналды. Сол себептен де жергілікті жерде мұндай әдіспен сауда-саттық жасаудың ауқымын кеңейткен маңызды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен жиында өңірде электронды сауданы жетілдіру мәселелері күнтәртібіне қойылды. Аталған мәселе бойынша облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста интернет арқылы 13 мың тапсырысқа сауда жүргізіліп, жалпы бөлшек сауда айналымы 1,7 млрд. теңгені құраған екен. Сәйкесінше, бұл көрсеткіш барлық бөлшек сауданың небәрі 0,5 пайызына тең.
Облыс әкімі өңірдегі электронды сауда бойынша көрсеткіштердің республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда әлі де төмен екенін айтып, оны жетілдіру мақсатында қолға алынуы керек кешенді шараларға тоқталды. Бұл орайда басымдық тұрғындарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге берілмек. Сәйкесінше, аудан әкімдері де жергілікті жердегі сауда-саттықтың онлайн режимге көшуін өз бақылауында ұстайды. Жиында мұнан өзге әлеуметтік маңызға ие азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру бағытында шаралардың барысы да қаралып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Шынболат Күзекбаев