Экономика

Ескі техника енді есті шығармайды

Ескі техника енді есті шығармайды

Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасындағы ең негізгі сала. Сондықтан да асыраушы саланы уақыт талабына сай өркендету және өңір экономикасының табысты саласына айналдыруға жыл сайын ерекше көңіл бөлініп келеді.

Рас бұрнағы жылдармен салыстырғанда аграрлық сектордың қай бағытында болмасын көп ілгерілеушілік бар. Бір әттеген-айы, ұзақ жылдардан бері шаруаларды алаңдатып келген бірқатар мәселелер бүгінге дейін өзекті күйінде қалып келді. Мәселен ескі ауыл шаруашылығы техникалары қаншама жылдан шаруаларды шаршатып келгенімен аталған мәселеге лайықты деңгейде көңіл бөліне қоймады. Дегенмен ағымдағы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы аясында олқылықтың орны толтырылып, кем-кетігі түзелді. Тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын қалпына келтіру және жаңарту бойынша жыл бойы жүйелі жұмыстар жүргізілді. Жалпы өңіріміздегі агросекторлар кешендеріне тиесілі 18 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникаларының 15 мыңнан астамының немесе 80 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Ал ескі техниканы өңдеп мазасы кеткен жеке шаруашылықтардың аграрлық секторға еселеп үлес қосуы екіталай. Әрі-беріден соң тозығы жеткен ескі техника қайбір өнімділік берсін. Сол себепті де ауыл шаруашылығын дамытуға қолбайлау болып келген мәселені оңтайлы шешуге биыл басымдық беріліп, бас бармақпен бағалауға тұрарлық жұмыстар атқарылды. Әсіресе «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, облыстық кәсіпкерлер палатасы және қазақстандық өндіруші «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамы арасында жасалған ынтымақтастық нәтижесінде шаруалар үшін аса маңызды мәселенің түйіні тарқатыла бастады. Жалпы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және «Тараз» микроқаржы ұйымы арқылы жыл басынан бері 295 («Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамы арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан «Trade-In» бағдарламасы аясында 12 трактор) ауыл шаруашылығы техникасы 5 пайызбен лизингке беріліпті. Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев, жалпы облыс бойынша 2020 жылы ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару көрсеткішін 10 пайызға жеткізу жоспарланғанын айтады. Аудандар бойынша техниканың жаңару көрсеткіші ағымдағы жылдың он бір айында 10,5 пайызды құрап отыр екен. Нақты айтар болсақ, 34 комбайн, 258 трактор және басқада 899, барлығы 1191 техника алынған. Ал 2017 жылы 308 (4,3 пайыз), 2018 жылы 467 (5,6 пайыз), 2019 жылы 614 (7,3 пайыз) ауыл шаруашылығы техникасы пайдалануға беріліпті. Осы көрсеткіштен-ақ биылғы жұмыстың ауқымын аңғаруға болады. Лизингке жаңа техника алып, көңілі жайланған шаруалар да мұндай қолдау бұрын жасалмағанын айтып, игілікті істің басы-қасында жүргендерге риясыз алғысын жеткізді. Жуалы ауданындағы «Қуана бер» шаруа қожалығының төрағасы жаңа техникалардың бір мезетте бірнеше қызметті атқаруға қолайлы екенін айтады. – Бұл – үлкен қолдау. Үкімет қолдап тұрған кезде жаңа техника алып, жақсылап жұмыс істеген дұрыс. Әрі мұндай жеңілдіктен құр қалмаған жөн. Сондықтан да биыл лизинг арқылы 20 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын алдық. Шыны керек, бұрын алып көрмегеннен кейін алғашында қорқыныш болды. Бірақ кейін мамандармен сөйлесіп, кеңесін алғаннан кейін қорқынышымыз сейілді. Сөйтіп тәуекел етіп, лизингке бірнеше техника алдым. Лизинг мерзімі – бес жыл. Ең маңыздысы 25 пайыз субсидиясы және бар. Енді жаңа техникалардың арқасында өнімнің сапасы және көлемі артады. Өңір басшысының қолдауын тиімді пайдалану мақсатында келесі жылға діттеген жоспарымыз ауқымды. Мүмкіндік барда бел жазбай еңбек етіп, облыс әкімі Бердібек Машбекұлының шаруаларға артқан жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, сенім үдесінен шығуға барымызды саламыз, – дейді Жарқын Орынбасарұлы.

Көктем мен күзде маңдайын күнге қақтап, жер жыртып, егін еккен шаруалардың техникасы жаңа, тұқымы сапалы, су тапшылығы болмаса бұдан артық не керек. Биыл техника, тұқым мәселесінің түйіні тарқатылып, су тапшылығын болдырмау мақсатында қазірден қам жасалуда. Ең бастысы, ескі техникаларды жаңарту және қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы да өз жалғасын табатын болады. Алға қойған мақсат – айқын, жоспар – көп.

  Талғат Нұрханов