Гектарынан 110 тоннадан өнім алуда

33
Жамбыл ауданы егін шаруашылығына өте қолайлы өңір. Бір жылдары ағын судың тапшылығынан құнарлы жерлер игерусіз қалған болатын. Алайда, бұл мәселе бүгінде оң шешімін тауып келеді. Каналдар мен тоғандар жөндеуден өтіп, арықтар тазартылып, егістіктің басына су келетін болды. Тіпті, кейбір шаруа қожалықтары тамшылатып суару технологиясы арқылы жүздеген гектарды игеріп отыр. Соның бірі – «Шарипов» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Абдухалил Шарипов «Пионер» өндірістік кооперативінің жеріне келісімшарт негізінде 10 гектар пияз, 40 гектар қант қызылшасын екті. Бүгінде пиязын жинап үлгерген қожалық қант қызылшасын қазу жұмысына дайындықты бастап кетті.
– Биыл дихандар үшін жемісті жыл болды. Ала жаздай бел жазбай еңбек еттік. Нәтижесі жаман емес. Ащыбұлақ ауылына еккен пиязымыз гектарынан 110 тоннадан өнім берді. Қант қызылшасынан да мол өнім аламыз деген ниеттеміз, – дейді Абдухалил Шарипов.
Талай азаматты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық басшысының жан жадыратар жұмысына біз де сәттілік тіледік.
Нұрасыл Сұлтанбаев,
Жамбыл ауданы