Германия кәсіпкерлері Жамбыл жеріне келуге ниетті

0 79

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Алматы қаласындағы Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы Кристиана Маркертпен кездесті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Кристиана Маркерт Қазақстанда өткен жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді. Оның біздің облысқа сапары бірнеше ай бұрын жоспарланғанымен, карантиндік шектеулерге байланысты кейінге шегерілген еді. Оның айтуынша, соңғы бес-жеті жыл ішінде Германияның Бас консулдығының бірде-бір өкілі Жамбыл өңіріне келмепті.
– Маған Тараз қатты ұнады. Жамбыл облысының немістер қоғамымен танысу ерекше әсер етті. Немістердің өздерін Қазақстанда қалай еркін сезінетіндігі, ана тілінде сөйлеп, мәдениетін сақтай алатындығы мені қуантты, – деп атап өтті Бас консул.
Облыс әкімі Германия мен Жамбыл кәсіпкерлерінің жемісті ынтымақтастығын атап өтті.
– Бүгінде біздің облыста Германияның екі компаниясы жұмыс істеп жатыр. «Monterro Qazaqstan» ЖШС қымбат металдарды өндірумен айналысады. Инвестиция көлемі – 600 миллион еуро. Бұл компания облыс аумағында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Тағы бір неміс компаниясы биогаз қондырғыларымен айналысуда, – деді облыс әкімі.
Кристиане Маркерт көптеген елдердің экономикасына айтарлықтай соққы болған пандемияның аймақ экономикасына қалай әсер еткенін сұрады.
Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, пандемия бізге айтарлықтай залал әкелмеді.
– Пандемияға қарамастан экономика өсімі өткен жылмен салыстырғанда 100,5 процентке қамтылды. Жұмыс орындарын жаппай қысқарту, жалақыны кешіктіру деректері болмады, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Ал келер жылдың наурыз-сәуір айларында Жамбыл облысына Германия Бас консулдығының экономикалық делегациясы келуді жоспарлап отыр.
– Мен Баварияда туып, өстім. Ол жақтағы кәсіпкерлер де биыл қазан айында Қазақстанға келмек болған. Бірақ пандемия жоспарды бұзды. Айта кетерлігі, бавариялық делегация ауыл шаруашылығы саласына басымдық беруде. Менің білуімше, Қазақстан аграрлық саланың дамуына көп қаражат қарастырмақшы, – дейді К. Маркерт.
Өз кезегінде облыс әкімі Бавария кәсіпкерлерімен орнатылған әріптестік қатынастың болашағы зор боларына үмітті екенін жасырмады.
– Мен Баварияда жұмыс сапарымен болғанмын. Ол жақта мықты ғылыми-зерттеу институттары бар. Олармен байланыс орнатсақ, жақсы болар еді. Біздің өңірге қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Өзара әріптестік қос тарапқа да пайдалы екені даусыз. Ауыл шаруашылығы саласында тұқым, техника мен өнімді қайта өңдеу бағытында жұмыс атқаруға болады, – деген ойын білдірді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы кездесу барысында біздің облыс неміс кәсіпкерлерімен баламалы энергия көздері саласында да әріптестік орнатуға мүдделі екенін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.