Экономика

Өңір экономикасын өрге сүйреген өндіріс

Өңір экономикасын өрге сүйреген өндіріс

Қазақстанға ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштың 90 пайызы алыс-жақын шетелдерден келсе, 10 пайызы ғана өзімізде дайындалады екен. Қазақстанда 1990 жылға дейін жылына 1 миллион тонна тыңайтқыш шығарылса, ресми деректерге сүйенсек қазір бар болғаны 40-50 мың тонна ғана өндіреді екенбіз. Себебі елімізде минералды тыңайтқыш өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлықтай ғана. Тыңайтқыштың тапшы болуының тағы бір себебі өндіруші кәсіпорындардың ішкі нарықтан гөрі, экспортқа басымдық беруінде болып тұр. Ал еліміз бойынша саладағы көшбасшы кәсіпорындардың бірі – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі минералды тыңайтқыштар зауыты таразы басын тең ұстауымен ерекшеленеді. Өңір экономикасын өрге сүйреген өндіріс орнының өнімі ішкі нарықтағы қажеттілікті белгілі бір деңгейде қамтамасыз етіп, Еуропаның кей мемлекеттері мен Орта Азия елдерінің егістік алқаптарында кеңінен қолданылады. Тарихи терең, келешегі келісті кәсіпорын жуырда 70 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Жетпіс жылдыққа жарқын жетістікпен, толайым табыспен жеткен кәсіпорын құрылған уақыттан бері қилы-қилы кезеңдерді бастан өткеріп, бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Алпауыт өндіріс орнының қол жеткізген табыстарын минералды тыңайтқыштар зауытының директоры Төлепбек Исаев тәуелсіздікпен байланыстырады. 1977 жылы жас маман болып жұмысқа орналасып, алып заттың отымен кіріп, күлімен шығып, еңбек майданында шыңдалған Төлепбек Әділбекұлы жиырма жылдан бері кәсіпорынды абыроймен басқарып келеді. Жылы шыраймен қарсы алған Төлепбек Исаев алдымен өткенге аз-кем шегініс жасап, зауыттың бай тарихымен таныстырды. – Минералды тыңайтқыш бұрын елімізге басқа да мемлекеттерден әкелінетін. Әрине шет мемлекеттерден тасымалдаған соң шығыны көп болады. Сондықтан да өзімізде зауыт салу қажеттілігі туындап, тоғыз жолдың торабында орналасқан, географиялық жағынан да тиімді Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз қаласы) таңдау түседі. Сөйтіп зауыттың жобасын мәскеулік «Гипрохим» институты жасайды. Жоба бойынша кәсіпорын болашақта Қазақстан, Орта, Азия және Сібірдің егіс алқаптары үшін жылына 200 мың тонна суперфосфат, 70 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге лайықталады. Жоба 1947 жылы 11 қазанда бекітіліп, зауыттың жобалық-сметалық құны 57 мың 748 сом болады. Осылайша суперфосфат, қазіргі минералды тыңайтқыштар зауытына облыс орталығынан 6 шақырым қашықтықта орын белгіленіп, өндірістік нысандармен қатар жұмысшылар тұратын тұрғын үйлердің құрылысы басталады. Алдымен күкірт қышқылы мұнаралық цехы, жылу электр стансасының және су қақпасының құрылыстары жүргізіледі, – дейді Т.Исаев. Құрылыс жұмыстары күн санап қарқын алып, 1950 жылдың қыркүйек айында бірінші суперфосфат цехы пайдалануға беріледі. Араға бір жыл салып мұнаралық әдіспен күкірт қышқылы цехы пайдалануға берілсе, 1954 жылы шаһардың химия кенті аумағында 8000 шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. 1962 жылы күрделі тыңайтқыш – аммофос өндіріліп, шаруалардың игілігіне беріле бастайды. 1963 жылы аммофос шығаратын тағы бір цех іске қосылады. – 1954 жылы кәсіпорын күкірт қышқылы, суперфосфат және кремнийфторлы натрий өндіре бастайды. Мұнаралық күкірт қышқылының 75 пайызы суперфосфат алуға жұмсалады. Ал 1955 жылы тыңайтқышты түйіршіктеу цехы ашылады. Соның нәтижесінде тиімділігі жоғары фосфорлы азот тыңайтқышы өндіріле бастайды. 1973 жылы күрделі тыңайтқыш жасалады. Екі жылдан кейін жемдік фосфат өндіріледі. Көп ұзамай цехтарды жаңарту және қайта жарақтандыру нәтижесінде аммофосфат шығарылады. Кәсіпорын сол кезде Кеңес одағындағы жаңа өнім шығарумен шұғылданатын тәжірибелік зертханаға айналды. Кейін осында шығарылатын жаңа өнімдер қатарына жемдік трикальцийфосфат, аммондалған кальцийфосфат қосылды. Бұрын Қаратау фосфорит кен орнында шикізат вагондарға қолмен тиелсе, 1965 жылы бұл жұмыстар толық автоматтандырылды. Кәсіпорынның ең алғашқы басшысы Александр Ершов болды. Құрылыс жұмыстарына белсене атсалысқан Александр Андреевич басшылық еткен жылдарында зауыттың болашағы үшін аянбай жұмыс істеп, табанды еңбегінің арқасында үлкен істер тындырады. Сонымен қатар кәсіпорынның қалыптасу жылдарында Владимир Третьяк, Ахмадулла Абдуллин, Геннадий Маймур және Анатолий Егоров басқарып, ұшан-теңіз еңбек сіңірді, – дейді Т.Әділбекұлы. Алайда алқымнан алған өтпелі кезеңнің қиындықтары жыл санап өркен жайған өндіріс орнының да басына қара бұлт үйірді. Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы экономикалық қиындықтардан минералды тыңайтқыштар зауыты да зардап шегіп, есігіне қара құлып салынды. Ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбекті зая кетірмес үшін қыруар жұмыстар атқарылды. Бірақ барлығы нәтижесіз болды. Дегенмен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қарамағына алғаннан кейін ғана тамырына қайта қан жүгіре бастады. – Бүгінгі таңда «Қазфосфат» серіктестігінде химия өнімдерінің жиырмадан астам түрі өндіріледі. Олар дүние жүзінің отыздан астам еліне экспортталады. Компанияда алты мыңнан астам адам еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 мың теңгеден асады. Серіктестік өзінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге күш салуда. Осы мерзімде мұнда қырыққа жуық инвестициялық жоба ел игілігіне айналған. «Қазфосфат»-тың 2018-2025 жылдарға арналған өндірісті қайта жарақтандыру жөніндегі бағдарламасы бар. Бағдарламада жоғарыдағы мақсатты жүзеге асыруға 120 миллиард теңге қарастырылған. Ол толық орындалғанда 2018 жылмен салыстырғанда өнім өндіру көлемі 5, өнім сату 4 және еңбек өнімділігі 3,5 есеге өседі. Біз кәсіпорын есебінен мамандар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеміз. Мамандарымыздың 70 пайызға жуығының жоғары және орта арнаулы білімі бар, – дейді «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров. Осылайша зауыт «Қазфосфат» серіктестігінің меншігіне өткеннен кейін тұралаған жұмыстар қайта жанданып, жаңа тынысы ашылды. Инвестиция тартылып, ілкімді істер жүзеге асырыла бастады. Жаңа жұмыс орындары құрылды. Мәселен 2011 жылы 20 миллиард теңгеге күкірт қышқылы цехының құрылысы басталып, 2013 жылы толықтай аяқталып, өнім шығара бастайды. Сонымен қатар 2015-2016 жылдары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде экстракциялық фосфор қышқылын өндіретін цех салынып, ашылуына ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. – Фосфор қышқылын өндіретін цех құрылысын жүргізуге 10 миллиард теңге жұмсалып, 20 жаңа жұмыс орны құрылды. Зауытта бұрын жылына 170 мың тоннаға жуық аммофос өндірілсе, осыдан кейін 480 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік туды. 2017-2018 жылдары түйіршектелген өнімді құрғататын барабан цехы қайта жарақтандырудан өтті. Бұл мақсатта 7 миллиард теңге инвестиция құйылды. Жоғарыдағы үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 2019 жылы 400 мың тонна аммофос өндірілді. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде зауыттың әлеуеті бірнеше есеге артты. Кеңестік кезеңде мұнда қол жұмыстары 35 пайызға ғана автоматтандырылған болса, қазір бұл көрсеткіш 90 пайызды құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысында мұнда 400 мың тонна минералды тыңайтқыш өндірілсе, биылғы меже – 480 мың тонна. Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысында 300 мың тоннадан астам аммофос пен жемдік фосфат шығарылды. Олар ішкі нарықпен қатар Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Ресей, Қытай және Аргентина мемлекеттеріне жөнелтілуде, – деген Төлепбек Исаев алдағы ауқымды жоспарлармен бөлісті. Минералды тыңайтқыштар зауытында биыл құны 40 миллиард теңгені құрайтын үлкен цехтың құрылысы басталған. Цех іске қосылып, толық қуаттылығына шыққанда жылына 500 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіріледі. Бүгінгі таңда алпауыт кәсіпорын 1040 адамды жұмыспен қамтып отыр. Минералды тыңайтқыш зауыты кәсіподақ ұйымының төрайымы Юлия Фролованың айтуынша, жұмысшылардың құқығына әлеуметтік кепілдік беру мақсатында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ұжымдық келісімшарт жасалған. Жұмысшылар қосымша еңбек демалысы, емдеу-профилактикалық тамақтандыру, арнайы киім, жеке қорғаныс құралы сынды қосымша жеңілдіктерге ие болады. Оған қоса ауыр науқасқа щалдыққан жұмысшыларға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға балаларын мектепке дайындау кезінде материалдық көмек көрсетеді. Мерейлі даталарда сыйақы беріледі. Сонымен қатар құрметті еңбек демалысына шыққандарға бірреттік қаржылай көмек көрсетеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 170 мың теңге.

Түйіндеп айтқанда, келешегі кемел кәсіпорынның қарышты қадамы көңіл қуантады. Еліміздегі химия өнеркәсібінде жетекші саналатын зауыт ұжымының болашақта да толайым табыстарға қол жеткізіп, бедел биігінен көріне беретіндігі ешқандай күмән тудырмайды.

  Талғат Нұрханов