Қайтарымсыз грант мүмкіндігі шектеулі жандарға да өз пайдасын тигізуде

47

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастарға, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелеріне, еңбек етуге қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек-қолдау көрсетілуде.

Қайтарымсыз грант мүмкіндігі шектеулі жандарға да өз пайдасын тигізуде. Бағдарлама аясында грант иегері атанып отырған мүмкіндігі шектеулі жанның бірі — Қосбөлтек ауылының тұрғыны, ІІ топтағы мүгедектігі бар Өнеркүл Тоқсанбаева.

Өнеркүл Сегізбайқызы аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған үш баланың анасы. Жолдасы ІІІ топтағы мүгедек. Ол 2019 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалында оқып, өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жан ретінде 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атанады. Мақсаты — сауынды бие алып, қымыз дайындау.

— Біз отбасымызбен 1994 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданынан Қосбөлтек ауылына көшіп келдік. Сол жылдары мен ел қатарлы колхозда жұмыс істедім. Шаруашылықта жұмыс істей жүріп, «несие беріп жатыр» дегенді көпшіліктен естідім. Алғаш «КМҒ» микрокредиттік ұйымынан 300 мың теңге алып, бір бас сауынды сиыр сатып алдым. 2004 жылдан бастап мал бағумен айналыса бастадық. Мал басын, дәлірек айтқанда, сауынды сиырды көбейттік. Жанұямызбен ақылдаса келе, 2017 жылы «Нұрболат» шаруа қожалығын құрдық.

Шаруа қожалығымызда 25 бас сауынды сиыр бар. Сиырды балам мен келінім сауады. Сүтті аудандағы «Бурное сүт компаниясына» өткіземіз. Жаз мезгілінде 1 күнде 350 литрге дейін сүт өткіземіз. Қазіргі таңда  7-8 сиыр сауып жатырмыз, қалғандары енді төлдейді. Осы өткізген сүттің ақшасына қыстың қамын жасап, малдың жем-шөбін дайындаймыз. Өзіміздің жеріміз болмаған соң, жем-шөп жинау бізге қымбатқа түседі. Бірте-бірте иелігіміздегі мал басы көбейген соң, өткен жылы жаңадан қора соқтық.

Малдарды күтіп-бағуға жолдасым, қолымдағы кенже ұлым Әділет көмектеседі. Өзімнің денсаулығыма байланысты суыққа шыға бермеймін. «Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас» демекші, өткен жылы мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грантқа бір бас сауынды бие сатып алдық. Биені сауып, саумал ішіп, қымыз дайындаймыз. «Ауруға-ем, сауға-қуат, дәрі қымыз» дегендей отбасы мүшелерінің табиғи әрі пайдалы тағамдармен тамақтануында қымыз бен саумалдың рөлі зор. Сондықтан көбінесе балаларым мен  немерелеріме үзбей ұлттық сусынды беремін. Өзімнің денсаулығыма да пайдасы көп.

Алға қойған әлі жоспарларымыз бар. Соның бірі төмен пайызбен несие алу мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына тағы да құжаттар өткізіп қойдым. Сауынды биенің басын көбейтсек, сиыр сауатын аппарат алсақ деген ойымыз бар.

Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалып жатқанына қуаныштымын. Барынша көмегін алып, қолдауын сезінудеміз. Мұндай істі бастауыма септігі тиген аудандық жұмыспен қамту орталығына да алғыс білдіремін. Мекемедегі мамандардың уақтылы қызмет көрсетуінің арқасында қайтарымсыз грант иегері атандық. Алдағы уақытта да үкімет халықтың тұрмыстық жағдайын көтеру үшін төмен пайызбен несие беруді жалғастырса деген тілегіміз бар, — дейді Өнеркүл апа.

Өнеркүл Сегізбайқызы өмірлік жары Айтбай Башаров екеуі үш ұлды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар перзенттерінен 11 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты мұқтаж жандарға тиіп жатқаны қуантарлық. Өнеркүл Сегізбайқызының бұл кәсібі істің көзін тапқан адамға ештеңе де кедергі бола алмайтынын тағы да дәлелдеп тұрғандай.

Нұрдаулет АСАН