Картоп өндіруші шаруаларға техникалар берілді

0 151
Елімізде кең тараған ауыл шаруашылығы дақылының бірі – картоп.
Картоп ең маңызды тағамдық дақыл болғандықтан, оны «екінші нан» деп те атайды. Негізінен картоп жоғары рентабельді дақыл саналатындықтан, одан түсетін пайда да шаш етектен. Сондықтан аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев биыл өңірде картоп дақылының егістік көлемін арттыруды, картоп өсіруші шаруашылықтарды қолдай отырып, өзімізде өндірілетін өніммен облыс тұрғындарын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Бүгін аталған тапсырманың аясында Жуалы ауданындағы картоп өсіретін шаруа қожалықтарға жалпы құны 216,1 млн.теңгені құрайтын 50 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникалары берілді.
Картоп өндірумен айналысатын шаруаларды қолдау мақсатында алынған техникаларды облыс әкімі Бердібек Машбекұлының өзі арнайы барып тапсырды. Өз сөзінде аймақ басшысы «Бүгінгі күні облыста 18869 дана ауыл шаруашылығы техникалары есепте тұрса, оның ішінде картоп дақылын өндіретін 267 дана техника бар. Дегенмен бұл техникалардың тозығы жетіп, ескірген. Сондықтан, картоп өндірісін қарқынды дамыту үшін осы жаңа техникалар «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаруа қожалықтарға лизингке берілуде», — деп атап өтті.
Жалпы ағымдағы жылы аймақта 11,2 мың гектарға картоп дақылы себіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға артқан болатын. Егілген картоптың 25 пайызы Жуалы ауданына тиесілі болса, жуалылық шаруалар биылғы жылы 2 560 гектарға картоп отырғызды.
Бүгінгі күні облыс бойынша 4 мың гектар картоп жиналып, жалпы түсім 121,3 мың тоннаны, орташа өнімділігі – 302,7 ц/га құрап отыр.
Айта кету керек, биыл аймақта болжаммен 270,0 мың тонна картоп дақылын жинау жоспарлануда. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 35,3 мың тоннаға артады деп күтілуде.
Тұңғыш ЖАНҰЗАҚОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы
Leave A Reply

Your email address will not be published.