121 миллион теңгенің өнімі сатылды

63

Тараз қаласындағы белгіленген нысандарда (Алатау м.а «Sulpak» сауда орталығының маңы; Коммуналдық базар; «GRAND BAZAAR» сауда кешенінің алаңы; Қант зауыты аумағындағы аллея;) кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл жолғы жәрмеңкеде Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Талас, Қордай аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылды.
Нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағамен саудаланған өнімдердің көлемі 95,0 тонна болса, жалпы құны 121,6 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде 6,4 тонна ет, 1,2 тонна шұжық өнімдері, 2,2 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 0,4 тонна кондитерлік өнімдер мен 1,5 тонна макарон өнімдері, 0,1 тонна тұз, 2,3 тонна балық, 0,5 тонна бал және 75,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.
Облыс орталығының төрт жерінде өткізілген жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың болды. Тұтынушылар тарапынан ет, сүт және көкөніс өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Себебі, жәрмеңкеде жылқы еті 1900, сиыр еті 1800 теңгеден саудаланса, көкөніс өнімдері түрлеріне қарай 40-100 теңге аралығында сатылды.
Жәрмеңкеге арнайы келіп, сөрелерді аралаған облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев тауарлардың сапасына баса назар аударып, қойылған бағалардың тұрақтылығын бақылады және тұтынушылармен тілдесіп, пікірлеріне құлақ асты.
Айта кету керек, жәрмеңке қазан айының соңына дейін апта сайын әр сенбі күндері өткізілетін болады.

 Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы