Мақсарыдан мол өнім алмақ

116

Жер қадірін ежелден біліп, жер төсін емген жуалылық диқандар егін шаруашылығымен қарқынды айналысып келеді.

Биыл Шақпақ өңіріндегі 116 шаруа қожалығы 1 500 гектар алқапқа мақсары егіп, бүгінде оны орып алуға кіріскен. Шаруаларда күзгі жиын-терім біткенше мақсары дақылын шашпай-төкпей жинап аламыз деген үміт зор. Жалпы, жазға салым ауа райының біршама жауын-шашынды болуына орай дақылдар бітік шығып, әр гектарға шаққанда орташа түсім 8-9 центнерден айналып отыр.

Шақпақата ауылынан солтүстік-батысқа қарай шыққан қаражол бізді тұп-тура «Дидар» шаруа қожалығының мақсары алқабына әкелді. Бұл маңда ертеректе Бірлік ауылының қонысы әрі аудандық №57 орта кәсіптік-техникалық училищесі болған екен. Қазір аймақтың әр тұсында мал өрістері мен жекеменшік қоражайлар орын тепкен. Күзге салым тойынған төрт түлік мал да емін-еркін тебіндеп, дала шөбін маңғаздана, бырт-бырт үзеді.

Шаруашылық басшысы Айдар Қабылбеков «Енисей НМ» маркілі комбайн штурвалында отырған тәжірибелі механизатор Петр Николаенконы кезекті айналымға шығарып салып, өзі «ЗИЛ-130» автомашинасының шанағына әлгінде ғана бункерден аударылған мақсары тұқымын қолына алып, майлылығын тексеріп тұр екен.

«Дидар» биыл қарамағындағы 200 гектар егістік алқабының 40 гектарына мақсары сепкен. Алқапқа орақ салғалы бір аптаның жүзі болды. Кешегі айдың өліарасында жауған жауын-шашын дақылдың сабағын дымқылдап, жұмысқа біраз қолбайлау болғаны бар. Таңертеңгі шықтың кебуін де біраз күтуге тура келеді.

Петр алқапты бірнеше айналып, комбайн бункерін бір толтырып үлгеріпті. Міне, енді екінші айналымға аттанып барады. Ол биыл мұнда он жыл қатарынан науқанға қатысуда. Үш жылдан бері комбайн штурвалында Петрдің көмекшісі Қайрат Рақаев алмастырып, жігіттер жауапты науқанды бірге атқарып келеді. Өз ісінің шебері болып алған қарамағында олар бір комбайнды, үш «МТЗ» маркілі тракторды, «ЗИЛ-130» маркілі автомашинаны түзік күйде ұстап, науқан бойына үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді. Маусымдық жұмыстар қызған шақта онға тарта ауыл тұрғыны көмекке тартылады.

«Дидар» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы саласы терең күйзелісті бастан кешіп жатқан 1997 жылы кұрылған.  Қарамағындағы техникалар мен құрал-жабдықтар ескі болды.  Ескіні жамап-жасқап есі кеткен шаруа қожалығы уақыт өте келе, аяғына нық тұрып, машина-трактор паркін біраз жаңалап алыпты. Биыл Қостанай қаласынан «Енисей НМ» маркілі комбайнды өз қаражатына сатып әкеліпті.

—  Жалпы мақсары дақылын өсірудің пайдасы мен тиімділігі мол. Майының сапасы күнбағыс майынан кем емес. Табиғи таза өнім екендігіне көзі жеткен тұрғындар оны күнделікті тамаққа асқатық ретінде пайдаланады. Жергілікті климатқа төзімді, құрғақшылықта да сабағын сындырмай өсе береді. Өз тәжірибемнен байқағаным, дақыл тәлімі жерден гөрі сазды алқапта көбірек өнім береді. Себебі, сазды топырақта ылғал болады. Мақсары тамырын тереңге жіберетіндіктен, ылғалды сіңіреді. Одан кейін мақсары жердің құнарын алып қояды дегенмен келіспеймін, — дейді шаруа қожалығының басшысы.

Мақсары қалдықсыз өнім саналады. Оның сабанына, тіпті сабағына дейін жерде қалмайды, оны мал азығына жаратуға болады. Комбайннан түскен топан сабанды алқап басынан сатып әкететіндер бар. Ал сабағын суға жібітіп немесе ұсақтап малға берсе, қоңы бірден көтеріледі. Күнжарасы құнарлы мал азығы, 10 келі күнжарасында 55 мал азықтық өлшем бар. Ауыл шаруашылығы тыңайтқыш және отын ретінде да қолдануға болады. Қатты әрі тікенекті болып келетіндіктен, мақсары егілген алқапқа мал түсе бермейді.

Майы алынғаннан кейін де ол үлкен сұранысқа ие. Мәселен, майынан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындаса, Түркияда түрлі сабындар шығарады екен.

Мақсарының негізгі отаны Жерорта теңізінің жағалауы болғанымен, ол біздің топыраққа да жақсы жерсініп кетті. Мақсары майының сапасы күнбағыс пен мақта майынан кем емес. Бағасы да анау айтқандай қымбат деп айта алмайсыз. Мақта майынан әлдеқайда арзандау болып келеді.

«Дидар» шаруа қожалығы жиналған өнімді аудан орталығындағы «Агроазық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС-не өткізеді екен. Бағасы тұқымның тазалығына, сапасына қарай белгіленеді. Серіктестікте мақсары тұқымы өңделіп, одан май алынады. Бір бөлігі шетелге экспортқа шығарылады. Ауданда мақсары тұқымын қабылдап, оны қолдан сығып, табиғи таза май өндіріп, сатумен айналысатын кәсіпкерлер де бар.

Шаруашылық басшысының келешекке жоспар-жобалары өте көп. Мәселен, таяу аралықта мақсары майын өзінде өндіріп, халыққа өңдеп ұсынғысы келеді.

Абылайхан СӘРСЕН,

Жуалы ауданы