Мемлекеттік бағдарламалар қарқынды түрде жүзеге асырылуда

78

«Ауыл — Ел бесігі», «Дипломмен — ауылға!», «Еңбек» бағдарламалары қалай жүзеге асырылуда? Неге айрықша назар аудару керек және қай бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет? Бұл мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Аппараттық кеңес әдеттегідей және облыс әкімдігінің ресми сайтында және «YouTube» арнасында онлайн режимінде таратылды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлағандай, 2019 жылы Байзақ, Жамбыл, Шу аудандарында «Ауыл — Ел бесігі» аясында 108 жоба іске асырылған.

«Үш ауданда 24 әлеуметтік нысан, 55 көше, екі су құбыры жөндеуден өтті, 23 көше жарықтандырылды, төрт әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді», — деді Г.Жауынбекова.

Ағымдағы жылы 29 елді мекенде жалпы сомасы 7,4 млрд.теңгеге 110 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ауылдарда 15 әлеуметтік нысан салынып, 11 білім беру және спорт мекемелері, 84 көше жөндеуден өтуде. 54 тұрақты және 1110 уақытша жұмыс орындары құрылды. «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат Байзақ және Меркі аудандарында толық игерілмеген.

— Ақша бірнеше ай бұрын бөлінсе де әлі толық игерілмеген. Оң нәтижеге қалай қол жеткізесіздер? «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес басталған болатын. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғырту. Бағдарламаның жемісті жүзеге асуы аудан әкімдерінің өз міндеттеріне деген жауапкершілікпен қарауына байланысты, — деп атап өтті ол.

Ол тиісті қаржыны дұрыс бөлуді және бақылауды тапсырды.

— Бір ауылда алты миллионнан астам теңгеге көше жөнделсе, ал көрші ауылда дәл сондай көшені жөндеуге он миллион теңге бөлінген. Кейде бұл көшелер алтыннан жасалып жатыр ма деп ойлайсын? Шу ауданының Бірлік ауылында ұзындығы 4,7 шақырым болатын бір көшеге 100 миллион теңге, Алға ауылында ұзындығы 3,7 шақырым болатын көшеге 80 миллион теңге жұмсалған. Неге мұны ешкім қадағаламайды?

Спорт нысандары да бір жерде қымбат, бір жерде арзанға салынуда.

Ауылдарда қандай әлеуметтік нысандар жетіспейтінін зерделеу керек, бәрін сала берудің қажеті жоқ. Мәселен, бір ауданның ауылында үш үлкен спорт кешені бар, ал басқа ауылда бірде-бір Мәдениет үйі жоқ. Тұрғындардың саны да ескерілуі керек. Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылында төрт мыңға жуық тұрғынның тұратынына қарамастан 90 адамға арналған мәдени нысан салмақ болған. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың мұндай мысалдарына жол берілмеуі тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жобаларды жүзеге асыруға бюджеттен тыс қаражат тартуды тапсырды.

«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламаның үйлестірушісі де экономика және бюджеттік жоспарлау  басқармасы болып табылады.

Г.Жауынбекованың айтуынша, ағымдағы жылдың тоғыз айында тұрғын үй сатып алу үшін 211 жас маманға (839,5 млн. теңге) несие берілген. Барлығы 374 маман 103,8 млн. теңге көтерме жәрдемақы алған. Бұған дейінгі кездесулерде бағдарлама қатысушылары арасында борышкерлер санының көбеюі туралы айтылған болатын.

— Біз борышкерлермен кездестік. Арнайы акция ұйымдастырылып, айыппұлдарды есептен шығарылды. Нәтижесінде борышкерлер саны 188-ге азайып, 464-ті құрады. Олардың басым бөлігі Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарынан, — деді Г.Жауынбекова.

Биыл елімізідің барлық өңірлері секілді біздің облыста да медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі сезілуде. Облыстық мәслихаттың шешімімен 64 медициналық қызметкерге көтерме жәрдемақы төлеуге қосымша 51,2 миллион теңге бөлінді.

— Қолдарында дипломы бар мамандар ешкімді танымайтын ауылға келіп, бейімделуге ұмтылады. Олардың ештеңеге мұқтаж болмағаны абзал, несие мен жәрдемақыны уақытылы алуы керек.

Кадрларды даярлаудың нақты жоспарын әзірлеп, университеттермен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасуды ұйымдастыру қажет, — деп талап етті облыс әкімі.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков жұмыспен қамту саласындағы жағдайды баяндады.

12 қазандағы жағдай бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 48220 адам қамтылған. Облыс бойынша тұрақты жұмысқа 18 439 өтініш беруші орналастырылған. Бұл орайда Тараз қаласы, Байзақ, Меркі, Талас аудандарының көрсеткіштері төмен.

Барлығы 1261 адам қысқа мерзімді оқытудан өтсе, оның 93,5 пайызы жұмысқа орналасты. Жоспарды Шу және Жуалы аудандары орындамады.

Жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге 1025 ауыл тұрғыны шағын несие алды. Шу ауданы да бұл бағытта артта қалып отыр. 5927 адам қайтарымсыз грант алған, облыс бойынша жоспар 86,5 пайызға орындалды. Меркі, Сарысу, Талас аудандары мен Тараз қаласындағы ұйымдастырушылық жұмыстар ақсап тұр.

Аймақ басшысы  көрсеткіші төмен аудан, қала басшыларының  жауабын тыңдап, көрсеткіштерді жыл соңына дейін жақсарту жөнінде тапсырмалар жүктеді.

— Үш мемлекеттік бағдарлама да өзінің маңыздылығын көрсетіп отыр. Бірқатар аудан әкімдерінің атына ескертулер айтылды. Сіздер қалай жұмыс істеу керектігін білесіздер. Жыл қорытындысы бойынша барлық нысаналы индикаторлар орындалуы тиіс, — деді облыс әкімі.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі