Нәрлі іс нәтиже бермек

0 64

Тоғыз жолдың торабына орналасқан Мырзатай  ауылдық округіне Мырзатай, Дихан-2 және Сеңкібай  елді мекендері қарайды.

Бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті тіршілік етіп, ұрпақ өсіріп,  ел дамуына үлестерін қосып жатқан округ тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар нәтижесін беруде.

Көркейген көше, жаңарған жол

Округ орталығы Мырзатай ауылында — 1674, Дихан-2 ауылында-968, Сеңкібай ауылында — 775 адам тұрады. Аула саны 628-ді құрайды.

 Биылғы жылы  округке «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы  арқылы 9 жобаға 73 млн. 362 мың теңге қаражат бөлінді.

Аталған қаражатқа жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру  сынды жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Мырзатай  ауылында  барлығы 15 көше бар болса, биылғы жылы үш көшеге, яғни Ә.Байдәулетұлы, Ә.Ізбасаров және Сарытөбе көшелерінің 1,87 шақырымын орташа жөндеуге  28 млн. 416 мың теңге қаражат бөлініп, мердігер «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалды.

Бүгінгі күні аталған көшелерге шағал тас төселінді, енді асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталды. Негізінде, осы көше жолдары кеңес үкіметі кезінен жөндеу  көрмеген еді.

Үстіміздегі жылы елді мекендердің сәніне салтанат қосатын абаттандыру жұмыстары да қолға алынды. Мырзатай ауылындағы саябаққа ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 6 млн. 700 теңге қаражат бөлініп, бүгінгі таңда саябақ ішіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға өрме тастар төселінді,  орындақтар мен қоқыс салатын жәшіктер орнатылуда.

Сондай-ақ, тұрғындардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасау мақсатында жасанды жабыны мен қоршауы бар шағын футбол алаңы орнатылды. Алаңның төңірегі кеспе тастармен өрілуде. Бұл жұмыстарды  «Байзақтазаауыл» ЖШС-і атқаруда. Жоба құны 5 млн.теңге.

Жарқырай жанған шамдар

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен Мырзатай ауылымен өтетін  республикалық жол бойындағы көшені жарықтандыруға  республикалық бюджеттен 3 млн. 525 теңге бөлініп, аталған жұмысты “КИС Company“ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2 млн. 900 мың теңге қаражатқа аяқтады. Аталған ауылдың 11 көшесіне бөлінген 12 млн. 781 мың теңге қаражатқа “КАНСУЛ ком” ЖШС-і жарық шамдарын орнатты. Сонымен қатар, Дихан-2 ауылындағы 3 көшеге,  Сеңкібай ауылындағы 3 көшеге жарықдиодты шамдар орнатылып, жарықтандырылды.Бұл жұмыстарды мердігерлер «Каz Constuction» және «Гидрогеология» ЖШС-і  атқарып шықты. Жарқырап жанған шамдар аталған елді мекендерге самаладай жарық беріп тұр.

Бұдан бөлек,  Сеңкібай ауылына ағымдағы жылы  республикалық бюджеттен 241 млн. 664 мың 321 теңге қаражат қаралып, су құбырлары тартылып, құдықтар қойылды. Мердігер “Фортис” ЖШС-і жұмысты сапалы атқарды.

— Биылғы жыл біздің ауыл үшін табысты болды. Сәтпаев, Ұлбике Ниязова, Сеңкібай, Мырзабай көшелері жарықтандырылды. Ауыз су құбырлары тартылып, жаңа трансформатор орнатылды. 2021 жылы Сеңкібай ауылында 100 орындық мектеп салу жоспарлануда.

Атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп жатырмыз. Мұның бәрі халықтың  игілігі үшін жасалынып жатқан тірліктер. Ендігі мақсат — ауыл тұрғындарының өзі де тірлік жасап, ауласын абаттандырып, үй іргесіндегі жер телімдерін тиімді пайдалануды қолға алуы керек деп ойлаймын. Ең бастысы —  бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, барлық істе ұйымшылдығымызды көрсете білуіміз қажет, — деді  ауыл тұрғыны Қобыланды Ахметов.

Ағын су келді

Биылғы көктемде округ ардагерлері, белсенді ауыл тұрғындары және жастардың күшімен ауылішілік арық-атыздар  тазаланды. Соның нәтижесінде Дихан-2 ауылының  80 отбасы үй іргесіндегі жер телімдеріне отырғызған өнімдерін ағын сумен суаруға қол жеткізді.

Тұрғындардың дені — үй іргесіндегі жерге қызанақ, қияр, баклажан,  картоп,  қауын-қарбыз, жүгері егіп, табиғи таза өнімді пайдаланып отыр. Дихан-2 ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Клара Бөкебаева және құрылысшы Мейірхан Шілдебаев 10 жылдан аса ағын суға зар болып, үстіміздегі жылы ауылға ағын су келгендігін, ендігі жерде ауылдастары туған мекенін абаттандыруды қолға алып жатқандығын жеткізді. Жалпы округте ауыл шаруашылығы мақсатындағы 8622 гектар жердің 3023 гектары егістік алқабын құрайды.Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы бидайды-850, арпаны-370, жүгеріні-75, қант қызылшасын -120, картоп-35, көкөністер – 49, майлы дақыл-140, бақша  өнімдері- 286 гектар жерге егу межеленіп, егілді. Көпжылдық шөп 895 гектар алқапқа орналасқан.

 Округте “Қара-Бура”, “Жаңа талап”, “Алмас-2017” ауыл шаруашылығы кооперативтері, 146 шаруа қожалықтары, 53 жеке кәсіпкер жұмыс жасайды. Бұл кәсіпкерлік нысандарында 75 адам жұмыспен қамтылған.Барлығының да басты бағыты — егін мен мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы техникаларын  жаңарту бағытындағы жұмыстар да ретімен жүріп,  көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 50 тонна тыңайтқыштар, 40 тонна жанар-жағар май алынып, шаруаларға таратылды.

 Кәсіптің көзі – мал шаруашылығы

Жыл өткен сайын төрт түлік малдың басы өсіп келеді. Бүгінде округте мүйізді ірі қара -1335, қой-ешкі — 9713, жылқы — 487, түйе — 50, шошқа — 115, құс басы — 6800 басқа жетті. Мәселен, ауыл тұрғыны Тұрар Нысанбаев “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” бағдарламасымен  4 млн. теңге несиеге 9 бас жылқы алып, шаруасын дөңгелетуде.

“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы” аясында жұмыссыз 52  азамат жұмыспен қамтылды. Ақылы қоғамдық жұмысқа — 35, Жастар тәжірибесімен 3 жас  жұмыс жасауда.

Өткен жылы “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы мемлекеттің қайтарымсыз грантқа  жоспардағы 4 адамның орнына 10 адам қол жеткізді. Оның 8-і 29 жасқа дейінгілер, біреуі аз қамтылған, енді біреуі көпбалалы отбасы.  “Еңбек” бағдарламасымен 9 азамат 4 млн.-нан жоғары несиеге ие болды. 2020 жылы қайтарымсыз грантты 12 азамат, 2 азамат “Еңбек” бағдарламасымен несие алды. Мәселен, ауыл тұрғындары Мадина Исаева 11 бас қой, Айгүл Кенжебаева 2 бас сиыр алып, кәсібінен нәпақа табуда.

Округте 2 мәдениет үйі, 2 кітапхана, 2 орта, 1 бастауыш мектеп, 1 мемлекеттік, 3 жекеменшік балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП халыққа қызмет көрсетеді.  Биылғы жылы Мырзатай дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Пайдалануға берілгелі бері жөндеу көрмеген нысанға республикалық бюджеттен 32 млн. 945 мың теңге қаражат бөлінген болатын. Мердігер “Вендинг” ЖШС-і 25367,5 мың теңге көлеміндегі қаражатқа жұмысты жүзеге асыруда.

Қазіргі уақытта ғимараттың шатыры ауыстырылып, іші мен сырты қырылып, әрленді. Электр желілері мен терезе-есіктері ауыстырылды. Кейбір бөлмелердің еденіне линолеум, енді біріне кафель төселінуде. Құрылыс өнімдерінің  90 % – отандық өнім.

Жаңа оқу жылына білім ошақтары оқушыларды, бақшалар балғындарды қабылдауға дайын. Мектептердің ішіне әжетханалар орнатылып, тиісінші жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Игілікті  істер өркен жайды

Мырзатай ауылдық округіне қарасты елді мекен тұрғындары көгілдір отынмен, таза ауыз сумен қамтылған.Қатерлі індеттің алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында ауыл жастары мен еріктілер, жаны жомарт азаматтардың демеушілігімен қайырымды шаралар іске асырылды. Атап айтқанда, Мырзатай ауылының тумасы, “Elite project companу GS” ЖШС-інің басшысы Бақытжан Жатқанбаев 700,0 мың теңгеге ауыл тұрғындарының қажетті дәрі-дәрмектерінің қарыздарын өтеп берді.Ауыл жастары мен тұрғындар қайырымдылық акциясын өткізіп, Мақтарал ауданына 3 тонна азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар, медициналық құралдар мен қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар, округтегі аз қамтылған 23 отбасына азық-түлік таратылды.

“Жанашыр бол!”, “Үйде болыңыз” акциясы аясында ауыл тұрғындарына 350 дана бетперде  тегін таратылып, еріктілер мен ауыл тұрғындары құрбандыққа сойылған бірнеше мал етін аз қамтылған отбасыларға үлестірді.  2001 жылы мектеп бітірген түлектердің күшімен Сеңкібай ауылының кіреберісіне аялдама бой көтерді. Дихан-2 ауылында асарлатып үй салынуда. Ауыл жастарының дəстүрге айналдырған осындай игі істері болашақта да жалғасын табады деп сенеміз. Енді осындай маңдай термен келген дүниенің бəрін тұрғындар күтіп  ұстап, қадірін біледі деп ойлаймыз.

Халық саны да өсу үстінде. Бүгінгі таңда округ бойынша тұрғын үй кезегінде  609 адам тұр.  Тұрғындарды үймен қамту мақсатында Мырзатай ауылынан 15 гектар жер телімі бөлініп, жол салынып, тас төселініп, электр желілері тартылған болатын. Үстіміздегі жылы республикалық қазынадан бөлінген 43 млн. 433 теңге қаражатқа газ желілері тартылды.Бұл жұмыстарды мердігер “Жолғай “ ЖШС-і атқарды.

Құс етін өндіретін «Әулиеата-Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы 350 тонна ет, сүйек ұнын өндіріп, қосымша 31,5 млн. теңгенің өнімін шығарды. Өндіріс орнында жүзден аса адам жұмыс жасайды. Биылғы жылдың жеті айында серіктестік  3827 тонна, яғни 1713362,7 мың теңгенің өнімін өндіріп отыр.

Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті округ бойынша 134 адам алса, биылғы жылдың  жеті айында 22 адамға тағайындалды. Ақпараттық орталыққа 2019 жылы 620, ал үстіміздегі жылдың  сегіз айында 580  тұрғын жүгінді.

Қорыта айтқанда, елді мекендерде қыз-қыз қайнаған тірлік,  көшелер көркейіп, жолдар жаңаруда. Мұның бәрі де «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан істер.

 

Рустам Абилдаев,

Мырзатай ауылдық округінің әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.