Несие тарихын қалай түзейміз?

33

Банкке бара қалсаңыз, менеджерлер несие тарихын бұзып алмауды қадағалап тапсырады. Ал бұзылса не болмақ? Несие тарихын түзеп, қалпына келтірудің жолы бар ма?

Коронавируспен қатар келген дағдарыстың қарқыны да, салқы­ны да қатты. Жаһанды ашса ала­қанын­да, жұмса жұдырығында ұстап отыр­ғандай әсер қалдыруда. Бұл жолғы дағдарыс халықтың мойнындағы қарыздық жүктемені шамадан тыс көбейтіп жіберді. Бір жағынан алғанда бұл заңдылық секілді. Өйткені Қазақ­стан тарихында алғаш рет карантин жарияланып, төтенше жағдай енгізілді. Соның салдарынан бизнес субъектілерінің жұмысы тоқтады. Адамдар уақытша жұмыссыз қалды. Міне, осы кезде халықтың төлем қабі­леттілігі төмендеді. Қазір екінің бірін­де несие бар. Ал жұмыссыз қал­ған шақта несие міндеттемесін орындау мүмкін емес еді.

Сондықтан қайда барып, не істерін білмей аңтарылған жұртқа мемлекет көмек қолын созды. Яғни жеке және заңды тұлғаларды 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында несие төлеуден босатты. Оны кейін төлеу­ге рұқсат берді. Мұндағы мақ­сат­тың бірі халықтың несие тарихын бұзып алмауына көмектесу еді.
«Бірінші несие бюросы» ЖШС өткен жылы мемлекеттік органдардың біріне арнайы зерттеу жүргізген екен. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Қазақстанда несиені көп жағдайда 25 пен 45 жас аралығындағы әйелдер алады. Оларды банктердің бел­сенді аудиториясы десек те болады. Ал 45 жастан асқан адамдар несиені сирек рәсімдейді. Олар негі­зі­нен автомобиль немесе ипотека ал­ғанда кредиттің көмегіне жүгінеді.

– Көп жағдайда орта жастағы әйел­дер мен ерлер несиені төлеу мер­зімін кешіктіреді. Төтенше жағдай кезінде тығырыққа тірелгендер де – солар. Бұл ретте, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несие тарихын оңалтуға қатысты арнайы қаулысы шыққан болатын. Алайда қаулы әлі жүзеге асырылған жоқ. Өйткені бірқатар шектеу бар. Атап айтқанда несие бюросының қандай да бір мәртебе қоюға, несие тарихына өзгерістер енгізуге құқығы жоқ. Сон­дықтан біз қазір Агенттікпен оңал­туды шынымен қажет ететін қазақ­стандықтарға көмектесу үшін атал­ған тетікті заңдық тұрғыдан реттеу жөнінде диалог жүргізіп жатырмыз. Бірақ несие тарихын оңалту қарызды кешіру дегенді білдірмейді. Осыны қаперде ұстаған жөн. Бірінші несие бюросының базасындағы деректер 15 жұмыс күні сайын жаңартылып отырады, – дейді Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.
Несие демекші, қазір қазақстан­дық коммунистер жеке тұлғаларға несие рақымшылығын жасау туралы бастама көтеріп жүр. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров арнайы депутаттық сауал да жолдады. Алайда Үкімет коммунистердің бастамасын қолдаған жоқ.
«Несие рақымшылығын қолдану туралы ұсыныс тізбекті реакцияға және барлық қарыз бойынша мін­дет­те­мелердің жаппай орындал­мауы­на алып келеді. Бұл банк жүйесі­нің қар­­жы­лық тұрақтылығына және банктердің салымшылармен басқа да клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау қабілетіне қауіп төндіреді. Осыған байланысты бұл ұсыныс қол­дау таппайды» делінген Үкіметтің ресми жауабында.
– Шын мәнінде, рақымшылық пен несиені кешіруге байланысты кез келген ұсыныс тиімсіз. Өйткені креди­торлардың барлығын жеке инвесторлар деп қарастырған жөн. Бұл ретте қаржы ұйымдары қарыз алушыларға тиімді жағдайлар ұсынады. Қарызды қайтаруды кейінге қалдыруға, қарыз­ды қайта құрылымдауға, қайта қар­жы­ландыруға мүмкіндік береді. Іс жүз­інде қарыз алушылардың оң жам­­ба­сына келетін құралдар өте көп. Ал қарызды есептен шығарып, кеші­ре салу дұрыс емес. Мұның арты масыл­дыққа алып келеді. Несие алушы­лардың жауапкершілігін төмендетеді. Бұл туралы көптеген сарапшы пікір білдірді. Премьер-министр Асқар Мамин да несие рақымшылығы болмайтынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл жердегі біздің позиция мынадай: егер қарыз алушы несиені өтей алмаса, міндетті түрде кредиторға жүгінуі керек. Өз кезегінде қаржы ұйымы қарызды қайта құрылымдауға қатысты ұтымды ұсыныстар білдіріп, қарыз алушының жағдайына түсіністікпен қарауы керек, – дейді Ә.Нұрғалиева.

Еске сала кетейік, Бірінші несие бюросы қазіргі таңда 500-ден аса ақпарат тасымалдаушы жүйемен жұмыс істейді. Олардың қатарында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес ұйымдар бар. Соңғысына микро­қаржы ұйымдары, ломбардтар, несие серіктестіктері және тағы да басқалары жатады.

Деректерге сүйенсек, Қазақстан­дағы экономикалық тұрғыдан бел­сенді ха­лықтың 1,5 млн-ы мүлдем не­сие алмаған. Ал қалғаны соңғы 16 жыл­да кем дегенде бір рет несие алып көрген.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша заңды тұлғалардың несие портфелі 8,2 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері несие алу көрсеткіші 1,7 пайызға немесе 139 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл ретте 30 мың шағын және орта бизнес субьектісі қарыз алған. Биыл оларға 5,85 трлн теңге несие берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға немесе 102,5 млрд теңгеге көп.

egemen.kz
© egemen.kz