Қаз асыраған қаржыға қарық болады

62

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ» деген еді.

Негізі кез келген мемлекет экономикалық әлеуетін дамыту мен ел ішіндегі жұмыссыздықтан бастап барлық әлеуметтік түйіткілдерді бизнеске қолдау көрсету арқылы да шешіп отырғаны белгілі. Себебі жұрт жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойса, халықтың тұрмыс сапасы жақсарып, жергілікті жерлерде қосымша жұмыс орындары ашылатыны анық. Мемлекет басшысының ел экономикасын дамытуда шағын және орта бизнеске баса көңіл бөліп, маңызды мемлекеттік міндеттер қатарына жатқызуының сыры осы. Нәтижесінде бүгінде жеке кәсібін ашуға ниетті әулиеаталықтар да сан түрлі қолдауға ие болып отыр. Бірі кәсібін бастау үшін мемлекеттен төмендетілген пайызбен несие алса, кейбірі қайтарымсыз қаржыға қол жеткізуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнеске бет бұрғандардың арасында жастармен қатар, көпбалалы аналардың да қатары қалың. Мәселен бір ғана Жуалы ауданында былтыр 285 адам мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алу арқылы кәсіп ашса, биыл грант алғандардың саны 584-ке жеткен. Олардың басым көпшілігі көпбалалы аналар. Солардың бірі – Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Зәру Қалмұрзаева. Жуалылық көпбалалы ана бизнестегі бақытын құс шаруашылығымен айналысу арқылы тауып отыр.
– Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында мемлекеттен 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, қаз өсіру ісін қолға алдым. Жолдасым техника жөндеу орталығында жұмыс істейді. Балаларымның алды әлі мектеп жасында.
Елімізде құс өсіру ісінің ауыл шаруашылығы саласында маңызды орны бар екенін бұрыннан білетінмін. Сондықтан мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржыға қол жеткізбей тұрып-ақ, күркетауық, түйетауық, қаз-үйрек сынды үй құстарымен қатар, бөдене, мысыр тауығы (цейцарка), тауыс (павлин) атты құс түрлерін де өсірумен айналысып көрдім. Олардың саны аз болғанымен, мен үшін «Қай құс түрін өсірген тиімді?» деген сауалға осы тәжірибем арқылы жауап таптым. Қаз өсірудің бір тиімділігі басқа құстар секілді жем сұрап, қолға қарай бермейді. Өз бетінше жайылады. Және тауық секілді түрлі ауруға шалдыға бермейді. Одан бөлек өте сақ. Үй маңында бөтен біреу жүрсе, барлығы шуылдап белгі береді. Қаздың мамық жүніне көрпе-жастық тігетін цехтар тарапынан үнемі сұраныс түсіп тұрады. Балапаны мен еті де нарықта өтімді. Жеке кәсібімізден тапқан табысымыз отбасылық бюджет шығынын жауып ғана қоймай, қажетімізге молынан жарап тұр. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалынан 6 пайызбен 3 миллион 800 мың теңге несие алып, құстардың қора-жайын салып, қаздың санын 1000-ға жеткіздім. Алдағы жоспарым – осы шағын бизнесімді кеңейту арқылы кешенді құс фабрикасын құрып, қаздың жұмыртқасы мен етін, ет өнімдерін бәсекеге қабілетті етіп өндіру, – дейді Зәру Қазақбайқызы.
32 жастағы кейіпкеріміз кәсіппен айналысу үшін бұрнағы жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 1 ай оқыту курсынан өткенін айтады. Оқыту курсынан өтіп, кәсіпкерлік негіздері бойынша кеңес алып, бизнес жоспар жасап, оны қорғауына, қайтарымсыз қаржыға ие болуына көмектескен аудандық кәсіпкерлер палатасының мамандары мен бизнес-тренері Жазира Тоқабаеваға айтар алғысы шексіз.
– Былтыр қолыма тиген 505 мың теңгеге бастапқыда линда тұқымды 101 қаз сатып алып, жұмыртқасын бастырып, бір апталық балапандарын сатумен айналыстым. Биыл алған несиеме тағы 600 қаз сатып алдым. Негізгі мамандығым есепші. Арнайы оқу бітіргеннен кейін Жуалыға келін болып түсіп, жұмыс істеуіме мүмкіндік болмады. Бір-екі мекемеден орын табылып еді, еңбекақысы мардымсыз болғандықтан, үй шаруасымен айналысқанды құп көрдім. Есесіне кәсіппен айналысудың сәті туып, бизнеске қадам бастым. Әу баста мұндай іске көп қаржы керек деген оймен өз-өзіме сенімсіздік танытқаным рас. Бірақ кәсіппен айналысу үшін ең бірінші батылдық керек екенін ұқтым. Өмірлік серігім де бизнесте құрған жоспарымды мақұлдап, қолдау білдірумен келеді, – дейді ол.
Зәру Қалмұрзаева­ның айтуынша, көктемде балапанға сұраныс бар-жоғы екі айға ғана созылады екен. Осы уақытқа есептеп жұмыртқа бастырған адам пайдаға кенелмек. Сол үшінде ол жұмыртқаны сатпай, жинап, кезі келгенде бастырып, балапандардың әрқайсысын 800-1300 теңге аралығында саудалаған. Екі ай бойы аптасына 500-1500 балапан сатып отырған. Қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында қолдағы құстың көбісін етке өткізбек ойы бар. Әрқайсысы 3-5 келі тартатын құстарды Алматы қаласына апарып, келісін 2 мың теңгеден өткеруді көздеп отыр. Ол жақтағы алымсақтармен аталған мерзімге орай келісім жасалыпты. Желтоқсан айында шамамен 2 жарым тонна ет сатылады деп болжап отыр.

«Кәсіптің көзін тапқан – байлықтың өзін табады» деген осы. Өңірімізде кәсіп ашып, өз ісін бастаймын деген азаматтарға кедергі жоқ екені бойында кәсіпкерлік қабілеті мен ынтасы бар осындай іскерлердің тірлігі үлгі.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Жуалы ауданы