Экономика

Үш ай бойы несиесін төлемеген қазақстандықтарға енді кредит берілмейді

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион азаматтың 19 трлн теңге берешегі бар

Қазақстанда кредит берешегі 90 күннен асқан азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салынады. Парламент мәжілісі тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.


Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды. Оны депутаттар әзірлеген. Заң жобасына сәйкес, несиенің төлем мерзімін 90 күннен асырған қазақстандықтарға тұтынушылық кредит беруге тыйым салу ұсынылып отыр. 


Алайда бұл норма жеке тұлғаның қарызын өтеу үшін банктен берілетін қарызға қолданылмайды. Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады.


Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың несиелерін коллекторларға сатуға тыйым салынады. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 890 мың азаматтың 382 млрд теңге сомасындағы қарызы коллекторлық агенттіктерге берілген.
Сондықтан қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін жеке тұлғалардың несиелерін коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеу енгізілгелі отыр. Енді төлеу мерзімі өткеннен кейін 24 ай асқанда және қарызды реттеу рәсімінен кейін ғана проблемалық несиелерді сату мүмкін болады.


Бұдан бөлек, халықтың шамадан тыс кредит алуына жол бермеу үшін тұтынушылық кредиттер бойынша берешектің абсолютті мөлшері шектеледі. 


Депутаттың ақпаратынша, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандықтың қаржы ұйымдарының алдында 19 трлн теңге берешегі бар. Соның ішінде 8,2 миллион адамның кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша қарызы 10 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте 1,6 млн азаматтың 1,7 трлн теңгеге проблемалық кредиттері бар (90 күннен артық мерзімі өткен). Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.