Шаруалар мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермеуі керек

88

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданындағы жұмыс сапарының екінші күнінде Балуан Шолақ ауылдық округіне барып, округ әкімінің тұрғындар алдындағы есебіне қатысты. Жиында округ әкімі Базархан Жүнісқұлов өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2021 жылдың жоспарлары туралы баяндады.

Жалпы, өткен жылы Балуан Шолақ ауылдық округіне барлық деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы сомасы 338 миллион теңге қаржы бөлініп, 9 жоба іске асырылған. Атап өтер болсақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұзындығы 17,3 шақырымды құрайтын Балуан Шолақ–Жиделі бағытындағы автожолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында Қосы батыр, Дулат, Қойайдар, Байболат көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауыл жастарына арналған жасанды төсеніші бар шағын футбол алаңшасы салынып, округ әкімшілігінің ғимараты ағымдағы жөндеуден өткен. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Пантай, Нұрай көшелерін жарықтандыру жұмыстары толықтай аяқталған. Іске асырылған жобалар аясында 43 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында 9 жұмыссыз азамат қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастапты.

Базархан Құрманәліұлының айтуынша, 2020 жылы ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды жұмыстар атқарылған.

– Өткен жылы 540 гектарға жаздық арпа, 8 гектарға дәндік жүгері, 30 гектарға мақсары, 2 гектарға күнбағыс, 310 гектарға көкөніс егілді және 466 гектар сүр айдалды. Шаруа қожалықтар лизинг арқылы 3 ауыл шаруашылығы техникасын алды. «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 10,5 тонна қозы еті өткізілді. «Іскер» бағдарламасымен 1 жеке кәсіпкер 6 миллион теңге несие алып, 100 қой сатып алды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 миллион теңгеге 200 бас асыл тұқымды қой алуға 1 шаруашылық өтінім берді, – деген Базархан Жүнісқұлов ауыл тұрғындарын толғандырған бірнеше өзекті мәселелерге де тоқталды. Округ әкімі ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін тілге тиек етті. Мәдениет үйін жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалған, алайда жоба құнының (112,4 миллион) қымбат болуына байланысты ықшамдауға жіберіліпті.

Сондай-ақ ауыл аумағындағы интернет желісінің жылдамдығы төмен. Сондықтан «Транстелеком» акционерлік қоғамының жоспарына енгізіліп, жыл соңына дейін тұрғындардың жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділігі қамтамасыз етілмек екен.

– Округтегі өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды табиғи газбен қамту. 2020 жылы Шу ауданы аумағындағы 18 елді мекенге магистральды газ құбырын тарту жұмыстары басталған болатын. Аталған 18 елді мекеннің бірі ретінде Балуан Шолақ ауылына 2021 жылдың соңына дейін магистральді газ құбырының тартылуы жоспарлануда.

Биыл демеушілер есебінен грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қазығын қағып кеткен спорт кешенінің құрылысын бастап, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, ауыл орталығынан «Мәңгілік ел» саябағы ашылады. Ауылдың ішкі көшелерінің жарықтандыру шамдарын ауыстыруға және Бармақ көшесін орташа жөндеуден өткізуге аудан әкімдігіне сұраныс берілді, – деді Б.Құрманәліұлы.

Округ әкімінің өткен жылды қорытындылаған баяндамасын тыңдап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан Бердібек Машбекұлы ауыл тұрғындарының қаржылай грантты қандай бағытта жұмсап жатқаны, жұмыссыздар саны және жердің игерілуіне байланысты сұрақтарын жолдады. Ал Б.Жүнісқұловтың айтуынша, қаржылай грант алған ауыл тұрғындары мал және егін шаруашылығына ден қойған. Үш азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Ағынсудың тапшылығы жерді тиімді игеріп, табыс көзіне айналдыруға айтарлықтай қолбайлау болып отыр екен.

Есеп беру кездесуінде сөз алған ауыл ақсақалы Марат Сағындықов тұрғындар атынан облыс әкіміне алғысын айтып, ағынсу мәселесінің оң шешімін табуына ықпал етуін сұрады. Ал тағы бір ауыл тұрғыны Аман Құтжанов мал саны жыл санап өсіп жатқанын, алайда жайылым тапшылығы жыл санап күрделене түскеніне тоқталды.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы тұрғындар көтерген әрбір мәселе бақылауға алынатынын, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл да жоспарлы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

– Бүгінгі таңда Балуан Шолақ ауылының ғана емес, көптеген елді мекен тұрғындарының ағын су тапшылығын сезініп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан ағынсу тапшылығын жою – ең маңызды мәселе. Ал Балуақ Шолақ ауылы тұрғындарының бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан ағынсу тапшылығын шешу үшін канал құрылысы басталғанын білесіздер. Былтыр бітуі керек еді. Алайда биыл да құрылыс жұмыстарының аяқталмау қаупі бар. Сондықтан да сіздермен кездесуге келмес бұрын құрылыс басына арнайы барып, жұмыстың барысымен таныстым. Әлі де баяу. Жоспарлы жұмыстың 10-11 пайызы ғана аяқталған. Сондықтан құрылыс жұмыстарын тікелей өз бақылауыма аламын. Мүмкіндігінше биыл бітіруге тырысамыз. Бір аптадан кейін өзім немесе орынбасарым арнайы келіп, жауапты азаматтармен кездесу өткізеді. Егер шаруаларды сумен қамти алмасақ мол өнім туралы айтудың қажеті де жоқ. Сол себепті бар күшті жұмылдырамыз.

Мәдениет үйіне де барып, жағдайды көзбен көрдік. Қосымша қаржы бөлініп, мәдениет үйін биыл жөндейтін боламыз. Өткен жылы ауылдағы бес көшенің төртеуі жөнделсе, биыл қалған бір көше жөнделеді. Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан күрделі мәселенің бірі Меркі-Шу-Бурылбайтал тасжолының құрылысы да биыл аяқталады деп күтілуде, – деген Бердібек Сапарбаев шаруашылықтарды ірілендіру керек екенін баса айтып, округ әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.

Мұнан кейін Бердібек Машбекұлы Дулат ауылдық округінің әкімі Найман Сұлтанбаевтың тұрғындар алдындағы жылдық есебіне қатысты. Аталған елді мекенде де 2020 жылы бас бармақпен бағалауға тұрарлықтай жұмыстар атқарылыпты. Пандемия кезінде туындаған қиындықтарға қарамастан ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін сақталған. 2020 жылы Дулат ауылдық округіне жалпы сомасы 94,6 миллион теңге қаржы бөлініп, 6 жоба іске асқан. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 154 адам тартылса, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы аясында 11 азамат қайтарымсыз грант алыпты. Жастар тәжірибесіне – 3, ақылы қоғамдық жұмысқа – 72, тұрақты жұмысқа – 36 тұрғын тартылыпты. Ауылдық округтегі 136 шаруа қожалық 292 тұрғын жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ 9 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған.

Ал облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тұрғындардың ұйымдасуымен 3 отбасыға демеушілер тарапынан тұрғын үй табыс етіліпті. Мал басының барлық түрлерінде өсім қалыптасқан. «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында 1 жеке кәсіпкер 15 миллион теңге несие алып, бордақылау алаңына 70 бұқашық сатып алған.

Дулат ауылында да қордаланып қалған мәселелер аз емес екен. Найман Кенжеханұлы бірқатар мәселелерге, сондай-ақ 2020 жылдың жоспарына жеке-жеке тоқталды.

– Округке қарасты Бөлтірік ауылына ауызсу құбырын жүргізу бойынша жерасты суының қоры зерттелуде. Жерасты су қорының қажетті көлемі анықталған жағдайда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінім берілетін болады. Сондай-ақ ауыл аумағындағы интернет желісінің жылдамдығы төмен. Аталған мәселе бойынша жергілікті әкімдік тарапынан «Транстелеком» акционерлік қоғамымен жұмыстар жүргізілуде.

Ауылдық округтегі электр желілері мен бағаналары тозған. 2021 жылға аудан бюджетінен 11,2 миллион теңге бөлініп, ағымдағы жылы ауылдық округтегі электр бағаналары мен желілері жаңартылатын болады. Сонымен қатар Дулат ауылдық округіне қарасты Бөлтірік, Бәйдібек ауылдарына биылғы жылдың соңына дейін магистральді газ құбырының ауылға келуі жоспарлануда.

Мұнан басқа да биыл демеушілер есебінен Бәйдібек ауылында 50 орындық балабақшаның, балалар ойын алаңшасының және автокемпинг құрылысы жүргізілетін болады. Бәйдібек ауылындағы мешіттің де құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.

Демеушілер есебінен ауылда спорт кешенін, «Жастар саябағын» салу, Бөлтірік ауылында мәдениет үйінің құрылысын жүргізу, балалар ойын алаңшалары мен жеке кәсіпкерлер тарапынан әмбебап сауда дүкенін және автокемпинг құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Бөлтірік ауылына ветеринариялық пункт ғимаратын салу 2021 жылдың жоспарына енгізілген, – деді Найман Сұлтанбаев.

Баяндаманы тыңдап шыққан өңір басшысы округ әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Тұрғындардың игілігі үшін өткен жылы біршама жұмыстар жүргізілген екен. Алдағы жоспарларыңыз да жүйелі. Әсіресе демеушілерді тарта отырып атқарылып жатқан жұмыстар басқаларға үлгі боларлықтай. Мемлекет қаржысына қол жайып отыра беруге болмайды. Атымтай жомарт азаматтарымыз баршылық. Игілікті істерге ауыл түлектерін, демеушілерді тарта білу керек. Егер әр елді мекенде дәл осы қарқынмен жұмыс жүргізілсе елдің де еңсесі тіктеліп, тұрмысы түзеліп, көп түйінді мәселе шешілген болар еді.

Сондай-ақ «Асарлатып үй салу» жобасы да жемісті жүзеге асқан екен. Өздеріңізде білесіздер, жеке тұрғын үй салып алуға кез келген ауылдықтың шамасы жете бермейді. Мұндайда ауыл адамдары жылу жинау, көптің қол күшін қажет ететін тірлікті асарлатып тындыру секілді қайырымдылық істер арқылы қиындықты еңсере білген. Бір біріне қол ұшын созып, бірінің жоқ-жітігін бірі түгендеп беру халқымызға тән дәстүр. Өткен жылы көпке шарапаты тиген жоба алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.

Ағын су тапшылығы Дулат ауылының да тұрғындарын толғандырып отырғанын білеміз. Көпті алаңдатқан мәселені мейлінше ертерек шешу мақсатында жұмыс жасалатын болады. Су тапшылығынан құтылудың бір жолы – тамшылатып немесе жаңбырлатып суғару технологиясына көшу. Сол себепті осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет. Қазіргі таңда облысымызда жаңбырлатып суғаратын техникалар лизинг арқылы беріліп жатыр. Осы мүмкіндікті неге ұтымды пайдаланбасқа?! Ауыл шаруашылығы техникаларын да жаңартуға да басымдық берілсін. Өткен жылдан бастап ескі техникаларды жаңарту жұмыстары жолға қойылды. Жаңа техника, сапалы тұқым – мол өнім кепілі. Бір сөзбен айтқанда, қандай мүмкіндіктер болса, соның барлығын ауыл тұрғындары өз қажетіне жарата білуі керек, – деді кездесуді қорытындылаған Б.Сапарбаев.

Жиында ауыл тұрғындары округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, елді мекеннің еңсесін тіктеу мақсатында атқарылып жұмыстарға алғысын айтты.

 

Талғат НҰРХАНОВ