«Тараз» ӘКК 2020 жылы кәсіпкерлерді қолдауға 14 миллиардқа жуық қаржы жұмсаған

93

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 2020 жылы атқарған жұмыс нәтижелері қаралды.

Өткен жылы кәсіпкерлерге 13,8 миллиард теңгеге каржылай көмек көрсеткен корпорация шаруалардың басты мәселелерін шешуге белсенді атсалысуда.

Жиында есептік баяндама жасаған «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Олжас Қаржауов су тапшылығы мәселесін шешу жөнінде атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Мәселен, өткен жылы жергілікті шаруалар «Тараз» ӘКК арқылы 2,5 мың гектарға жуық жерді суаруға мүмкіндік беретін 132 жаңбырлатқыш қондырғы сатып алды.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жайы да күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Осыған орай «АгромашХолдинг KZ» компаниясымен бірлесіп «Trade In» бағдарламасы іске қосылды. Бірінші кезеңде шаруаларға 10 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы берілсе, тағы 60 өтінім қарастырылуда. Жалпы, есепті кезеңде шаруалар 3 миллиард теңгеден астам сомаға 329 бірлік түрлі ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында Тараз қаласында 15 әлеуметтік павильон ашылды. Мұндағы бағалар нарықтық бағадан 10-20 пайызға төмен. Әлеуметтік дүкендер күн сайын сегіз мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Олар тұрақтандыру қорының ғана емес, сонымен қатар жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдерін де сатады.

— Тараз сервис және технологиялар колледжімен бірлесіп, тамақ өнімдері мен тігін бұйымдарын өндіруді коммерцияландырдық. Тауарлар әлеуметтік павильондарда сатылады. Айта кету керек, бұл өнімдер ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жас маман» бағдарламасы аясында грант есебінен сатып алынған қондырғылармен өндіріледі, — деп атап өтті О.Қаржауов.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, бау-бақшаны дамыту, атап айтқанда құлпынай мен таңқурай өсіру бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Импорт үлесін азайту үшін корпорация жеміс-жидек өсірумен айналысатын шаруаларға 60 миллион теңге бағыттаған.

Жамбыл облысының аумағында «Goknur Gida» түрік компаниясымен бірлескен көкөністер мен жемістерді өсіру және қайта өңдеуге негізделген жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда.

Баяндамашының айтуынша, балық шаруашылығымен айналысуға ниеттілердің саны күн сайын артып келеді. Осылайша, есепті кезеңде екі балық шаруашылығына 50 миллион теңге сомасында қаржылық қолдау көрсетілген. Тағы 20 өтінім қарастырылуда.

Басқосу барысында Бердібек Сапарбаев жұмысы тоқтап тұрған кәсіпорындардың қызметін қайта жандандыру қажеттігіне назар аударды. Өткен жылы ӘКК қолдауымен Т.Рысқұлов ауданында сүт цехы мен ауыз су зауытының жұмысы қалпына келтірілген. Сонымен қатар, жеке инвестормен бірге бұрынғы троллейбус паркінің базасында жаңа сұрыпты шоколад фабрикасын құру жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 7,9 миллиард теңге.

Табиғи ресурстарды кеңінен пайдалану мақсатында «Қарақыстақ» және «Құлан» жобалары шеңберінде қарқынды жұмыс жүргізілуде. Олжас Қаржауов «Тараз» ӘКК-не 20 пайдалы қазбалар кен орнын беруді ұсынды, ол инвесторларды одан әрі тарту, оларды игеру және жаңа өнеркәсіптік өндірістер құру мақсатына негізделеді.

Мемлекет басшысының кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес өткен жылдың қазан айында «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі өз жұмысын бастады, онда «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге 1600-ден астам қызмет көрсетілген.

Облыс әкімі қолға алынған жұмыстарға тиісті талдау жүргізе отырып, одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Ол бұл орайда жұмсалған бюджет қаражатының әр бір теңгесі бес есе табыс әкелуі тиіс екенін баса айтты.

— Кезінде еліміз бойынша ең жақсы картоп – Жуалыныкі болатын. Сол атақты жаңғыртып, пияз, картоп, құлпынай, балық өнімдерін облыстың брендіне айналдыру қажет», – деген Бердібек Сапарбаев сұранысқа ие, түсімі жоғары жаңа өнімдер егуге де басымдық беруді міндеттеді.

Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, жаңа бастамаларды іске асырудың маңыздылғын жеткізді.