Экономика

Тиімді технология өнім көлемін арттыруда

Тиімді технология өнім көлемін арттыруда

Несібесін жерден жиған диқандар ауа райының аптап ыстығы мен өңмеңнен өтер қара суығына қарамастан қолайлы сәтті қалт жібермей қызу еңбектің қамымен жүретіні ешкімге де жасырын емес. Дер кезінде егінін орып, алтын дәнді қамбаға жинаған олар ендігі жерде дәндік жүгері ору жұмыстарына бел шешіне кіріскен. Жалпы, Қордай ауданында ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту, диқандарды жеңілдетілген дизель отыны және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу арқылы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу сынды игі үрдістерден құр алақан емес. Тіпті, Қордай ауданы бұл тұрғыда облыс аудандары арасында көш бастап тұр. Оның үстіне егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатындағы жұмыстар сәтті жүзеге асып, суармалы егіс алқаптарының көлемін ұлғайту мәселесі де өз шешімін табуда. Осының арқасында биыл аудан шаруалары егін орағын сәтті аяқтап, қазіргі таңда 7700 гектар алқапқа себілген «дала аруын» жинау жұмыстарын бастап кеткен. Олардың қатарында Бетқайнар ауылдық округіндегі «Сұлтан-Бейбарыс» шаруа қожалығы да бар. Біржан Құттықов басқарған агроқұрылым биыл 140 гектарға американдық «Пионер» сұрыпты жүгерісін сепсе, оның 56 гектарына тамшылатып суғару әдісін қолданған. Осының арқасында шаруашылық гектарынан 110 центнер өнім алып отыр. «Бас аяғы 140 гектарға себілген дәндік жүгеріні жинау жұмыстары соңына таяды. Өнім көлемі көңілден шықты. Нақтырақ айтсам өз басым тамшылатып суғару технологиясының тиімділігін биыл шынайы сезіндім. Бұл үшін «Агриматко Юг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шартқа отырып, компания өкілдері жыл басында аталмыш алқапқа 28 млн теңгеге тамшылатып суғару жүйесін орнатты. Нәтиже көрсеткендей заманауи әдістің арқасында алынған өнім дәстүрлі суғару әдісінен әлдеқайда жоғары болды. Мұнымен қатар су да, минерады тыңайтқыштар да, суғаруға кететін уақыт та еселей үнемделді», - деген Біржан Чайзатұлы жүгері қатарларының арасына салынған тамшылату жүйесінің түтікшелерін көрсетті. Айта кетсек, шаруашылық биыл қомақты қаржыға «Қазагроқаржы» АҚ арқылы немістің «Deutz-Fahr» комбайнын сатып алған. Су жаңа техника тәулігіне ондаған гектарды еңсеріп, өнімді шашау шығармай жинауға мол септігін тигізуде. Сонымен қатар, «Сұлтан-Бейбарыс» ШҚ биыл 120 гектарға арпа сеуіп, өнімділік 18 центнерден айналса, 250 гектарға себілген күздік бидайдың өнімділігі 32 центнерді құрапты.