Экономика

Тоғыз айдың табысы толымды

Тоғыз айдың табысы толымды

Өңіріміздің жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері республикада алда тұрғанымен, бірлі-жарым сала бойынша ортадан төмен. Бұған кейбір аудандардың тиісті нәтижеге қол жеткізе алмауы себеп болған. Мәселен Мойынқұм ауданында өндіріс саласында өсім жоқ болса, Меркі ауданында ұсақ мал саны кеміген. Сол секілді, Тараз қаласында биыл тапсырылуы тиіс білдей 5 білім нысанының құрылысы тиісті мерзімінен кешігуде. Осы тектес кемшіліктер барлық өңірге тән болғанымен, Тараз қаласы мен Байзақ, Меркі, Сарысу аудандары бірқатар сала бойынша тиісті көрсеткішке қол жеткізе алмай отыр. Аталған кемшіліктер өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші мен негізгі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.

Жиында облыс әкімінің орынбасарлары Талғат Мамаев, Алмас Мәдиев, Ұлан Жазылбек, Ержан Жылқыбаев, Берік Нығмашев баяндама жасап, әрқайсысы өздері жетекшілік ететін саласында кеткен кемшіліктер мен орындалмаған тапсырмаларға жеке-жеке тоқталды. Талғат Шариұлының айтуынша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 3,8 пайызға өскен. Мәселен, экономикалық өсім 102,3 пайызды құрап, сауда мен көліктен басқа өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірістерінің көлемі артқан.

Алмас Өскенбайұлы облыстың өнеркәсіп саласында ірі, орта және шағын кәсіпорындарды қосқанда барлығы 701 кәсіпкерлік субъектісі биыл 365 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда меже 101,7 пайызға артық орындалғанын сөз етті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі барлық аудандар мен Тараз қаласында артып, тек Мойынқұм ауданында 8 пайызға төмендеуін «Алтыналмас» акционерлік қоғамында алтын өндірісінің 6,1 пайызға төмендеуімен байланыстырды. Оған кәсіпорынның шілде айында құрылғылары істен шығып, екі кен орнында жұмыс тоқтауы себеп болыпты. Десе де, қазір ақау жөнделіп, барлық кен орындары іске қосылған.

Ұлан Еркінұлы жетекшілік ететін салада да кейбір нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген және шешімін таппай отырған мәселелер бар. Соның бірі білім нысандарының құрылысының межелі мерзімде аяқталмауы болып отыр. Атап айтқанда, Шу ауданындағы Алға, Бірлікүстем елді мекендеріндегі және Қордай ауданы «Күнбатыс-2», Қалғұты ауылдары мен Тараз қаласындағы 5 мектептің құрылысы мерзімінен кешіккенімен қоймай, кейбірінің биыл пайдалануға берілетін түрі жоқ.

Әлеуметтік саладағы жетістіктерді баяндаған Ержан Жылқыбаев салада туындап отырған кейбір мәселелерге де тоқталды. Мысалы өңірде денсаулық сақтау саласында ана өлімі, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің артуы байқалады. Мұндай келеңсіздіктің орын алуына Тараз қаласы мен Байзақ, Сарысу, Шу аудандарының көрсеткіші әсер етіп отыр екен.

Берік Болатұлы агроөнеркәсіп кешені саласында атқарылаған жұмыстар туралы баяндай келе, облыстың егістігін ұлғайту жөнінде берілген тапсырмаға сәйкес, босалқы жер қорындағы 39,9 мың гектар егістіктің 17,5 мың гектары жарамды екенін анықтағанын, оны қайта айналымға қосу арқылы егіс алқабын ұлғайту мүмкіндігі анықталғанын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі кейбір сала бойынша межеге қол жеткізе алмаған Тараз қаласы мен, Мойынқұм, Байзақ, Сарысу, Қордай аудандарының әкімдерінен осы шаруаға жауапты бірқатар басқарма басшыларынан жауап алды.

Жиын соңында аймақ басшысы жауаптыларға барлық өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыруды, әсіресе нан бағасын өсірмеуді қатаң тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші былтырғы және республикалық межеден төмен болмауын назарда ұстауды ескертті.

  Нұрым Сырғабаев