Түркиялық алпауыт компания инвестиция салуға әзір

38

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Түркияның «Goknur Gida» компаниясының инвестициялық жобасына қатысты кеңес өткізді. Оған өңірдің мүдделі мекемелерімен қатар, бейнебайланыс арқылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, еліміздің Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы қатысты, деп хабрлайды http://Jambylinfo.kz
30 жылдық тарихы бар «Goknur Gida» компаниясы жеміс-жидек, көкөніс өсірумен қатар, оны өңдеп, жоғары бағамен экспортқа шығару жөнінен де тәжірибесі мол. «Göknur Gıda» компаниясы 1993 жылы құрылған, Түркияның 500 ірі компанияларының қатарына кіреді. 2500 гектар жеке жеміс бақшасы, АҚШ, Еуропа, Қытай және басқа елдерде 5 жеміс сақтау қоймалары бар. Компанияның айналымы 130 млн. АҚШ долларын құрайды. Өзінің кезекті жобасын Жамбыл өңірінде жүзеге асыруға мүдделі екенін компания басшысы Осман Аспанали жеткізді.
– Біздің негізгі мақсатымыз – сіздердің тәжірибелеріңіз бен жергілікті потенциалды пайдаланып, облыс аумағында бау-бақша, көкөніс егуді көбейту. Өнімді өңдеп, экспортқа шығару жөніндегі ұсыныстарыңыз бізді қызықтырды. Сондықтан бұл жобадан барлығымыздың ұтарымыз көп, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл мақсатта Үкімет тарапынан қолдау болатынын білдіре келе, арнайы жұмыс тобын құрып, тиісті инвестициялық келісімшарт жасауды ұсынды. Ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, іске кірісуге белгі берілді.
Жобаны іске асыру үшін әлеуетті өңірлер ретінде Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары қарастырылуда. Қазір қазақстандық серіктестер «Göknur Gıda» компаниясымен тиісті келісімдерге қол жеткізді. Жобаның құны 204 млн. АҚШ долларын құрайды. Инвестициялық жоба аясында 500 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Айта кетейік, аталмыш жоба Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігімен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылады.
GÖKNUR GIDA өз секторындағы ең ірі экспорттаушылардың бірі болып табылады және АҚШ, Еуропа және басқа да елдердің нарықтарына шыға алады. Сондықтан Қазақстанда өндірілген өнімнің 70% — ын инвесторлар шетелде сатуды жоспарлап отыр.