Валюталық ипотека нөл пайызға дейін төмендеді

42

Әлемде пандемия салдарынан өнеркәсіптің барлық саласы құлдыраған кезде, Қазақстанда құрылыс саласы керісінше қарқынды дамып келеді: Өсу қарқыны 10%-дан асады, ал тұрғын үй құрылысы 2020 жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға өсіп, валюталық ипотека пайызы нөлге теңестірілді.

Қазір тұрғын үйге деген сұраныспен бірге оның бағасы да өсіп жатыр. Сондықтан тұрғын үй саясатын­да салымшылардың валюталық тәуекел деңгейін төмендетудің барлық мүмкіндігі қарастырылды. Жалпы, валюта қа­тынасының құбылуы миллиондаған қазақстандықтардың тұрмысына әсер еткені сөзсіз. Сарапшылар 2000 жылдың бас кезінде ипотекалық қаржыландыруға байланысты қиындық­тарға тұрғын үй нарығын шетел валютасымен қар­жыландыру себеп болғанын ашық айта бастады. Осыған орай мемлекет на­рықтың осы сегментін несиелендіруде бар­лық тәуекелді жауапкершілігіне алып, шетел валютасымен несиелендірудің үлесін нөлге теңестірді.

Тұрғын үй нарығы сарапшысы Юрий Афанасьев тұрғындарды төмен мөлшерлемелер бойынша несиелер арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларын одан әрі жүзеге асыру бюджетке қосымша салмақ салатынын айтады. Себебі сұраныс пен төлем қабілеті халықтың табысына тәуелді. Қазірдің өзінде тұрғын үй нарығындағы үмітсіз несеиелер 8% деңгейінде қалып отыр. 2020 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бұл көрсеткішті еселей түсуі мүмкін. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк әлеуметтік және эконом кластағы тұрғын үй нарығы ұсыныстың 80 пайызына жеткеніне көзі жете отырып, компромистік шешімдерге барып отыр.

– Бұл бағдарламаға қатысқан екінші деңгейлі банктердің өз үлесі бар. Проблемалы несиелер үлесін азайтады, бірқатар жауапкершіліктен босатады. Үкіметтің ендігі қадамы теңгемен несиелендірген бағдарламалардың несие пайызын азайтуға бағытталуы тиіс. Себебі 15 немесе 20 жылға қар­жыландырған несиенің пайызы мен шетел валютасымен несиелендірген несие пайызында айырмашылық аз. Ипотекалық бағдарламалар тұрғын үй құрылысына инвестицияның дамуын ынталандырады. Үкімет пен Ұлттық банк осыны пайдаланып, халықтың мүмкіндігіне лайықталған қадамдарға баруы тиіс, – дейді Ю.Афанасьев.

Валюталық ипотека мәселесін шешу туралы Алматыда өткен жиында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыруда ұлттық валютаның бәсі басым екенін, валюталық ипотека нөл пайызға дейін төмендегенін айтты. Жоғарыда аталған нормаларды іске асыру үшін агенттік 2020 жылғы қыркүйекте тұрғын үйге ипотекалық қарыздарды (ипотекалық несиелерді) қайта қаржыландыру бағдарламасына банктерге біржақты тәртіппен шетел валютасында айырбасталған шетел валютасындағы ипотекалық несиелердің бағамдық айырмашылықтарын өтеу бо­йынша түзетулер қабылдаған болатын. Ипотекалық бағдарламаларда несие алушылар валюталық тәуекелдерден қорғалғаны осыған дейін де мәлім еді. 2016 жылдан бастап елде шетелдік валютада кірісі жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасымен ипотекалық несие беруге тыйым салынды. А.Терентьев бұрын шетел валютасында ипотекалық несие алып, теңге бағамының ауытқуына тәуелді болып қалған қарыз алушылар мәселесінің қалай шешімін тауып жатқаны туралы да айтып өтті. Тұрғын үй ипотекалық несиесін (ипотекалық несие) қайта қаржыландыру бағдарламасының «валюталық» бағытын жүзеге асыру аяқталды, оның шеңберінде шетелдік валютада берілген несиелер 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша қайта қаржыландырылды (188,1 долларға 35 теңге). Осылайша, Қазақстандағы шетелдік валютадағы ипотека нөл пайызға дейін төмендетілгені, ұлттық валюта бағамын түзету шетелдік валю­тадағы қарыз алушылардың айырбас бағамдарының өзгеруіне тәуелділігін арттырып, барлық артықшылығын жойғаны белгілі болды.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет шетелдік валютада кірісі мен табысы жоқ жеке тұлғаларға жаңа валютадағы ипотекалық несие беруге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Осылайша, бағдарламаны жүзеге асырумен бірге жеке және басқа жылжымайтын мүлік кепілімен жеке тұлғаларға валюталық несиелер беру мәселесін шешуге нақты қадамдар жасалды.

«Президент тапсырмаларын орындау және барлық шетелдік валютадағы ипотекалық қарыздарды барынша қамту мақсатында агенттік заңнамалық түзетулерді әзірледі. Бұл банктерге бағдарлама талабы бойынша ипотекалық несиені біржақты тәртіппен конвертациялау құқығын береді. Заңнамалық түзетулер 2020 жылдың 17 шілдесінен бастап күшіне енді», деді ол.

Агенттіктің өкілі банктермен бір­лесіп жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша бағдарлама талаптарына сәйкес келетін халықтың шетел валю­тасындағы ипотекалық несиелері жеңілдікті мөлшерлемемен теңгеге ауыс­тырылғанын нақтылап, азаматтар болашақта валюталық тәуекелдерден қорғалғанын да еске салды.

Банктер 2 220,6 млрд теңге сомасына 27 202 шетел валютасындағы ипотекалық несиені қайта қаржыландырған, қа­рыз алушылардың 262 млрд теңге мөлшерінде несие пайызының өсім­пұлдары мен комиссиялық сыйа­қылары кешіріліпті. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк­тер 2004 жылдан 2009 жылға дейінгі кезеңде қайта қаржыландыруға 180,3 млрд теңге сомасында 28,665 қарызды мақұлдады, 27 638 несие 167,5 млрд теңге сома­сында қайта қаржыландырылды. Қазір бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде банктерге бөлінген қа­ражат (130 млрд теңге) жұмсалды және қайта қаржыландыру бұрын қайта қаржыландырылған несиелерді қайтарудан түскен ақша есебінен жүзеге асырылуда. «2035 жылға дейін жалғыз тұрғын үйді сақтап қалуға көмектесетін қарыз алушылардың саны шамамен 40 мың болады», дейді А.Терентьев.

Осыған байланысты 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер бұрын қарыздары қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қа­рыз алушының қарызын азайту, жеңілдетілген төлем кестелерін бел­гілеу, төлем қабілеті қарызды өтеу мүмкін еместігін және қарызға алған меншігінен өзге баспанасы жоқ екенін дәлелдеген жағдайда үйді қарыз алу­шының меншігіне қайтару түрінде қосымша көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізуде.

Банк шығынын өтеу үшін Ұлттық банк 44,6 млрд теңге бөлді. Қосымша көмек көрсетудің соңғы мерзімі 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін белгіленген. Осы ретте 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қарыз алушының қарызын азайту, жеңілдетілген төлем кестелерін белгілеу, сондай-ақ жалғыз қарыз алушыны қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде қосымша көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізді. Тағы да 8 мыңға жуық қарыз алушыға қосымша көмек көрсету жоспарланып отыр.

2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 1 731 қарыз алушы қосымша көмек сұрап банктерге жүгінді, оның ішінде 1 177 қарыз алушыға 9,8 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді, 270 өтініш қарастырылуда, 344 азаматқа несие шарттарын орындамауына байланысты көмек көрсетілген жоқ.

– Бағдарламаны іске асыра отырып, қарыз төлемесе де кешіріледі деген масылдық пиғылдың қалыптасуына жол бермейміз. Бар болғаны, қарыз алушыларға нақты төлем қабілеті негізінде өз міндеттемелерін орындауына жағдай жасаймыз. Бағдарлама барлық азаматқа несиелерін жоюды қарастырмайды. Агенттіктің жұмысы бағдарлама аясында ипотекалық қарыз алушыларды қолдаумен ғана шектелмейді, қазір қарыз алушыларды қосымша қолдауға бағытталған заңнамалық түзетулерді әзірлеу жүргізіліп жатыр, – деді А.Терентьев.

Несиелерді төлеу кезінде қиындық­тарға тап болған қарыз алушыларды қолдау және проблемалық қарыз­дарды шешу тетіктерін жетілдіру мақ­сатында Агенттік заңнамалық актілерге мәжбүрлеп орындау шаралары қабылданғанға дейін проб­лемалық несиелерді міндетті түрде қайта құрылымдауды көздейтін толық­тырулардың қосымша блогын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ борышкер қарызды қайта құрылымдау туралы банкке жүгінуге үшін оның шарттарын кеңейту жағы да қарастырылыпты. Демек, Үкімет пен Ұлттық банк шетел валютасымен қаржыландырылған несие үлесін нөлдік пайызға түсіру арқылы тұрғын үй нарығын дамыту мен несиелендірудің жаңа кезеңіне өтті.

egemen.kz